Звоните на номер:

ОН АЛТЫ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН АДАММЕН ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС НЕМЕСЕ СЕКСУАЛДЫҚ СИПАТТАҒЫ ӨЗГЕ ДЕ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУДЫҢ КРИМИНОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Асылханұлы Бақберген
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының магистранты,
Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан Республикасы
 
Түйін. Мақалада Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының және халықаралық құқықтық актілердің нормаларына сәйкес он алты жасқа толмаған адамдар мен кәмелетке толмағандардың жыныстық бостандығы мен жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың криминологиялық сипаттамалары, заңнамалық және құқық қолдану салаларында проблемалық тараптардың анықталуы, сондай-ақ оларды шешу бойынша автор ғылыми негізделген ұсынымдарды тұжырымдау арқылы ұсыныстар жасады.
Түйінді сөздер: Жыныстық қатынас, сексуалды сипаттағы өзге де іс әрекеттер, қылмыскердің жеке басы, жыныстық қатынасқа қарсы қылмыстар, кәмелетке толмағандар, ақыл-ой кемістігі, отбасылық күйзеліс.
Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың құқықтарын, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау Қазақстан Республикасындағы саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №628 қаулысымен бекітілген «Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар жоспарының» 86-тармағына сәйкес прокуратура органдарына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырылған [1].
Он алты жасқа толмаған тұлғаларға қатысты жыныстық қол сұғылушылық пен жыныстық бостандығына қарсы қылмыстар қоғамға қауіптілік деңгейі жоғары, жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға жатады. Он алты жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар Қазақстан Республикасының аумағында жиі орын алады. Бұған дәлел ретінде ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті (бұдан әрі – ҚСжАЕК) ресми есебінің көрсеткіштерінен көруімізге болады (төмендегі диаграмма көрсетілген).
 
Статистикалық мәліметтерге сүйінсек, ең үлкен көрсеткіш үлесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 122-бабы (44%) бойынша он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау құрамындағы тіркелген қылмыстарға келеді. Ал, екінші кезекте сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін (ҚР ҚК 121‑бабы) құрайтын қылмыстар орын алады (42%) [2].
Республикамыздың аумағында ҚК-нің 122-бабымен тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жекелей тоқталатын болсақ. Батыс Қазақстан облысында (бұдан әрі – БҚО) жыл басынан бері 14-16 жас аралығындағы кәмелет жасқа толмаған 70-тен астам жәбірленушілер жүктілікпен тіркелсе, оның тек 1 фактісі зорлау салдарынан болған. БҚО-ның Денсаулық сақтау басқармасының деректерінде бұл цифрлар анық айқындалмағанымен, облыстағы ең жас ана небәрі 14 жаста екені белгілі болды.
Жоғарыда келтірілген ҚСжАЕК-нің статистикалық деректерінен алынған қылмыстарға нақтырақ толталып өтсек. Мәселен, БҚО-ның 15 жасқа толған жасөспірім тұрғыны Венера Баева жас ана атанған. Жасөспірім Венера «Astana TV» телеарнасының тілшілеріне: «Бала туғаныма өкінбеймін» деп сұхбат берді. БҚО-ның денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов және сарапшылардың ақпараты бойынша қыз балдар 12-14 жас аралығында жүкті бола алғанымен, бала көтеріп, босануы басқа мәселе. Яғни жүктілік кезінде жас қыздардың өміріне түрлі қауіпті асқынулар пайда болуы мүмкін.
Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде жасөспірімдердің жүктілік мәселесі және он алты жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қатынасқа көндіру фактілері жиі тіркелген. Мысалға, жыл басынан бері сот органдарымен 18 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде, 14 іс бойынша сот үкімі шығарылып, сотталғандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілген [3].
Осындай қоғамға қауіпті он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін ҚК-тің 122-бабымен жауаптылық қарастырылған [4].
Он алты жасқа толмаған адаммен сексуалдық сипаттағы қол сұғушылық жасаған адамның жалпыланған әлеуметтік-демографиялық сипаттамасы келесідей: бұл 20-39 жас аралығындағы, білім деңгейі төмен, тұрақты табыс көзі немесе біліктілігі жоқ, үйі бар, заңды немесе азаматтық некеде тұрмайтын ер адамдар. Психикадағы ауытқулары (негізінен олигофрения түрінде) бар адамдар санатының үлес салмағы тым жоғары. Бұған бірден-бір себеп: олигофрения диагнозының айқын белгілері бар ер адамдардың әйелдермен жыныстық сипаттағы қарым-қатынас қиынға соғады. Мұндай адамдарға өздерінің жыныстық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланатын кәмелетке толмаған балалармен байланыс табу әлде қайда оңай болып келеді. Осы іс-әрекетке баратын кінәлілерге отбасылық қатынастарды бұзу және алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалану тән [5].
Нақты қылмыс түрінің криминологиялық сипаттамасында қылмыскер жеке тұлғасының портреті өзекті роль атқарады. Ю. Антонян мен В. Эминов атап өткендей, жеке тұлға қылмыс себептерінің тасымалдаушысы болып табылады: сондықтан жеке тұлға қылмыстық мінез-құлықтың барлық механизмінің негізгі және маңызды буыны деп айта аламыз. Тиісінше, мұндай мінез-құлықты тудыратын ерекшеліктердің алдын алу әсері тікелей нысаны болуы керек.
Қылмыскердің жеке тұлғасын қалыптастыру үлкен мәселе. «Тұлға болып туылмайды, тұлға болып қалыптасады» бұл тезис біздің санамызға мектеп қабырғасынан енген. Жеке тұлғаның қалыптасуын түсіну тәсілдері туралы әлеуметтанулық пікірталастарға қатыспай, криминологияда қылмыскердің жеке тұлғасы, тұтастай алғанда, әлеуметтік қатынастардың субъектісі және объектісі ретінде, оның мінез-құлқына әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және биологиялық сипаттамалардың тасымалдаушысы ретінде идеясы маңызды екенін атап өткен жөн. Демек, адам қылмыскер болып туылмайды, оның бойындағы қылмыстық мінез-құлқы қоршаған ортаның қолайсыз әсерінен қалыптасады.
Ал, Ю. Антонянның пікірінше жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы сипатындағы қылмыс жасаған қылмыскерлердің ең үлкен белсенділігі 16-17 жасқа толған тұлғаларға келеді. Анықталған жыныстық сипаттағы қылмыстардың жалпы санының 10-12%-ын 30 жастан асқан адамдар құрайды [6].
Осылайша, ғылыми әдебиеттерде «бала зорлаушысы» деген ұғымға, яғни тұлғаға қатысты дұрыс көрсетілген портрет нақты құрылмаған.
Көптеген осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандар мен сарапшылар өздерінің көзқарасын ұсына отырып, криминологиялық зерттеулер мен статистикалық мәліметтерге сүйене келе қылмыскердің стандартты жасы мен портреті туралы түрлі болжам жасайды.
Қылмыскердің жасы туралы мәселеге тоқталсақ, бізбен сараланған қылмыстарды он алты жасқа толмаған тұлғалар жасайтынын ескермеуге болмайды. Он алты жасқа толмағандар әдетте, бұл қылмыстарды сыбайластықпен, дәлірек айтатын болсақ алдын ала келісім арқылы теріс пиғылдарын жүзеге асырады.
Қылмыс жасаудың алғашқы себептерін биологиялық теориясының негізін қалаушы К. Ломброуз жасады. Бұл теорияның өкілдері қылмыстың себептері табиғи туа біткен деп санайды. Атап айтқанда, Ч. Ломброзе кейбір адамдар қылмыстық бейімділікпен туылады деген қорытындыға келді. Оның пікірінше, қылмыстық типтерді бас сүйегінің пішінімен анықтауға болады. Ч. Ламброзе қоғамның қылмыстық мінез-құлықтың дамуына әсерін жоққа шығармады, бірақ қылмыскерлердің көпшілігі биологиялық тұрғыдан дегенеративті деп санайды. Кейіннен қылмыстарға биологиялық бейімділік туралы идеялар қатты сынға ұшырады және қол жетімді емес деп танылды.
Қылмыстық жауаптылық, жыныстық қатынас еркек пен еркектің, сондай-ақ әйел мен әйелдің сексуалдық сипаттағы азғындық іс-әрекеттерін күш қолданылмай, оны қолданамын деп қорқытпай немесе жәбірленуші адамның дәрменсіз күйін пайдаланбай жасалған жағдайларда туындайды.
Әлемдік тәжірибеге келетін болсақ, ең алғашқы баланың құқығын қорғауды қажет еткен Женевалық декларация болып табылады. Ол декларация 1924 жылы қабылданған. Женевалық декларацияға қарайтын болсақ, жалпы елде балалардың құқығын қорғай отырып, кәмелетке толмағандар  қылмыстық құқық бұзушылық жасамас үшін тәрбиеге көп көңіл бөлу қажеттілігін, яғни ата-ананың алатын орны басты рөлде болуы керектігін атап көрсеткен [7]. Бала құқықтарын қорғау бағытында халықаралық деңгейде келесі құықтық актілер қабылданған: 1948 жылғы «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы», 1959 жылғы «Бала құқығын қорғау декларациясы» және 1989 жылғы «Бала құқықтары туралы Конвенция» және т.б.
Қазақстан мен әлемдік тәжірибеге салыстырмалы талдау жүргізу нәтижесі келесіні көрсетті. Яғни, ҚК-тің 122-бабының 2-бөлігінде (он алты жасқа толмаған адамға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол іс-әрекеттер) көрсетілген саралау белгісін (Ресей тәжірибесі бойынша) ауырлататын мән-жайлар ретінде  қарастыруға болады деп тұжырым жасаймын.
ҚК-тің 122-бабында көрсетілген он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге криминологиялық тұстарын қарап, қорытындылай келе, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасаған адамдардың жеке‑психологиялық ерекшеліктерін одан әрі зерттеу, жеке қасиеттердің қылмыстық іс‑әрекетпен байланысының мазмұнды мәнін терең ашуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
Айтылғандың негізінде, елімізде он алты жасқа толмаған жас жеткіншіктердің сексуалдық әрекеттерге жиі баратынын және одан бөлек ерте жасында, ана атанып жатқан фактілерге куа болып отырмыз. Жалпы қарап отырғанымыздай ата-аналар мен мемлекет тарапынан жұмыс жасайтын мекеме қызметкерлерінің профилактикалық бағыттағы түсіндірме жұмыстарының толыққанды жүргізілмегендігі айқындалып отыр. Осы тұрғыда осындай жағдайлардың елімізде орын алуын болдырмау мақсатында Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 86-тармағын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік қадағалаушы органдарға үйлестіру және атқарушы органдарға ұйымдастырушылық, сондай-ақ заңнамалық, құқықтық түсіндіруді сүйемелдеуді және өзге де іс-шараларды қамтитын кешенді жоспарын әзірлеуді ұсынамыз:
- Он алты жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс, сексуалдық зорлық-зомбылық, балаларға қатыгездікпен қарау проблемасына қоғамның назарын аудару үшін қазір іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың жеткіліктілігі мен зорлық-зомбылық әдістерінің көріністеріне жол бермеу туралы ақпарат таратуды жүзеге асыруды;
- Он алты жасқа толмағандар мен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғумаушылығына, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасауды болдырмауға бағытталған мәдени-ағарту және ақпараттық-насихаттау іс-шараларын халық арасында түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуге;
- Балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін хабарлаған немесе алдын алған адамдарды ынталандыру мақсатында материалдық (белгілі ақшалай сомалар және т.б.) немесе материалдық емес (алғыс хаттар немесе төсбелгілермен марапаттау және т.б.) қолдау механизімін енгізуді ұсынуды;
- «Груминг» (әлеуметтік желілерді пайдалану жолымен кейіннен жыныстық қатынасқа түсу мақсатында баламен немесе жасөспіріммен (кейде оның жақындарымен) сенімді қарым-қатынас құру процесі) үшін қатаң қылмыстық жауапкершілікті енгізу қажеттілігі;
- Автоматты бұғаттауға жататын интернет-ресурстардың қосымша санаттарын енгізе отырып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесін оңтайландыру;
- Нәпсіқұмарлық сипаттағы қылмыстарға бейім адамдарды анықтау және есепке қою кезінде орын алған проблемаларды анықтап, оларды болдырмау бойынша шаралар қабылдауды;
- Білім беру ұйымдарындағы психологтар мен медициналық қызметкерлердің штаттық кестесін жеткілікті дәрежеде оңтайландырып, мамандардың сексуалдық зорлық-зомбылық бағытындағы жұмысын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді;
- Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмаған жәбірленушілерді оңалту, сондай-ақ куәларды қорғау мақсатында біріңғай жүйесін қалыптастыру (сенім телефондарына байланысу жолымен жасырын көмек алу және т.б.) арқылы арнайы орталықтарды құру;
Жалпы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды төмендету динамикасыныңнәтижелі болуы көп аспектілікті, кешенділікті, елеулі материалдық, ұйымдастырушылық және өзге де шығындарды, әртүрлі мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың күш-жігерін біріктіру мен үйлестіруді талап етеді.
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
 
  1. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2100000628;
  2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасының Құқықтық статистикасы және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараты. https://www.gov.kz/memleket/entities/pravstat?lang=kk.;
  3. https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/shkolnitsa-prokommentirovala-rojdenie-rebenka-v-15-let-v-zko-454380/;
  4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 2015 ж.;
  5. Антонян Ю.М., Эминов В.Е. Личность преступника и ее формирование / Ю.М. Антонян, В.Е. Эминов // Актуальные проблемы российского права. - 2015. - №1.;
  6. Котельникова Е. А. Насильственные посягательства на половую свободу и половую неприкосновенность: уголовно правовая характеристика и проблемы квалификации: автореф. дис. ... канд. юрид. наук : 12.00.08 / Е. А. Котельникова. — Н. Новгород, 2007. — 30 с.;
  7. 1959 жылғы «Бала құқығын қорғау» Декларациясы және бала құқықтары туралы 1989 жылы  20 қарашада қабылданған Конвенция.
Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
M02E6B9

Казахстан, г. Караганда