Звоните на номер:

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

А. Т. Тусипжанова – Шагирова
педагогика кафедрасының магистранты,
Шәкәрім атындағы мемлекеттік универститеті, Семей қаласы
М.З. Джанбубекова
педагогика ғылымдарының докторы, педагогика кафедрасының меңгерушісі, Шәкәрім атындағы мемлекеттік универститеті, Семей қаласы

 

Аңдатпа. Мақалада мектеп жасына дейінгі балалардың даму ерекшеліктерінің педагогикалық негіздерін ескере отырып балабақша балаларын тәрбиелеу, балаға дұрыс бағыт беру туралы ұсыныстар берілген.
Аннотация. В статье даны рекомендации по воспитанию детей детского сада и как правильно направить в нужное русло ребенка с учетом педагогических основ особенностей развития дошкольников.
Abstract. The article provides recommendations for the upbringing of kindergarten children and how to properly direct a child in the right direction, taking into account the pedagogical foundations of the developmental features of preschoolers.
Мектеп жасына дейінгі балаларға баланың туғанынан мектепке барғанға дейінгі жас аралығындағы балалар жатады. Олар 2 – 3 жастан бастап өзара қарым – қатынаста болып, мектепке өзінше тәжірибе жинақтап барады. Бұл кезеңдегі балаларды тек күн тізбегіне байланысты қарауымыз керек. Оларды әлеуметтік тұрғыдан да қарағанымыз дұрыс. Себебі оның өскен ортасы, денсаулығы, үй – тұрмысы, әлеуметтік – адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруына, сол туылған күнінен бастап 6 – 7 жас аралығындағы (мектепке барғанға дейінгі) баланың жалпы дамуына да байланысты.
Мектеп жасына дейінгі балаларға тән қасиеттер:
- Біріншіден, осы жастағы балалар өзіне негізгі өмірлік қажеттілікті ересектердің көмегі арқылы қанағаттандырады.
- Екіншіден, материалдық, рухани, қызығушылық қажеттілігін отбасынан алады.
- Үшіншіден, бұл жастағы балалар қолайсыз жағдайда өзін – өзі қорғай алмайды.
Сондықтан да, педагог осы жастағы баланың психологиялық – педагогикалық дамуының басымдылығын ескергені абзал.[1]
Мектепке дейінгі кіші жас (үш және төрт жас аралығы). Үш жасқа келген баланың ең сүйікті сөз тіркесі «Мен Өзім!» деген бола бастайды. Өз – өзін ересек адамдардан бөлу, сонымен қатар ересек адамдар сияқты болуға деген ұмтылыс үш жастың дағдарыс кезеңдерінің қайшылықтары болып табылады. Бұл жастағы баланың эмоционалды дамуы жақын адамдарына деген сүйіспеншілік, тәрбиешісіне деген бауырбасу, өзін қоршаған ортасына, құрдастарына деген мейірімді қарым – қатынасымен сипатталады. Бала басқа балаға деген жанашырлық таныта алады, эмоционалды ықыластылыққа қабілетті. Мектеп жасына дейінгі кіші жастағы баланың мінез – құлқы еріксіз, қимыл – әрекеттері жағдайға байланысты, оның салдарын бала көбінесе ойланып, елестетпейді де. Қалыпты дамып келе жатқан балаға қауіпсіздік сезімі, қоршаған ортаға деген сенімділік, белсенділік қарым – қатынасы тән. Үш – төрт жастағы балалар белгілі бір тыйымдар мен рұқсат етулерге («болады», «болмайды», «қажет») байланысты қарапайым мінез – құлық пен өзін – өзі ұстау нормалары мен ережелерін игере алады. Үш жасында бала гендерлік рөлдерді меңгере бастайды, яғни оның түсінігінде қыз – әйел адам, ұл – ер азамат деген ұғым қалыптасады. Ол саналы түрде өзінің қай жыныс өкіліне жататынын сәйкестендіреді, қай жынысқа жататынын біліп қана қоймай, оны бірқатар белгілері яғни, киімі, шаш үлгісі, ойыншықтары, ойын ойнау кезіндегі қызығушылықтары т.б. арқылы дәлелдеп бере алады. Бұл жаста балалар басқа адамдарды жынысына, жасына қарай ажырата алады. Баланы бала деп, ересекті ересек деп өмірде де, сурет пен иллюстрацияларда да тани алады. Дамып келе жатқан үш жасар адамның өзіне – өзі қызмет ету дағдыларын игерудің барлық мүмкіндіктері бар (еңбекке қажетті алғышарттарды қалыптастыру) : өздігінен тамақтану, киіну, шешіну, жуыну, қолорамал мен тарақты, сүлгіні қолдана алу,өздігінен дәретханаға бару, онда өз мұқтаждығын атқара алу т. б. қабілеті жетеді. Төрт жастың аяқ шеңінде мектепке дейінгі кіші жас баласы тамақ ішу кезіндегі дастархан басында отыру мәдениеті мен жуыну бөлмесіндегі мәдени – гигиеналық дағдылары сияқты өзін ұстаудың қарапайым мәдениетін игереді. Мұндай дағдылар баланың қимыл – қозғалыс саласының белгілі бір даму деңгейіне негізделген, оның негізгі компоненттерінің бірі – моторлық координацияның даму деңгейі. Бұл кезеңде баланың қозғалысқа деген қажеттілігі жоғары, яғни, баланың қозғалыс белсенділігі сергек, ояу жүрген уақытының кемінде жартысын құрайды. Бала негізгі қимыл – қозғалысты игере бастайды, дене жаттығуларын жасау кезінде мақсат қоюға, оған жетуге деген ұмтылыс байқалады (тез жүгіріп өту, алысырақ секіру, қимыл – қозғалысты дәлме – дәл қайталау т. б.) Бала негізгі түстерді (қызыл, сары, көк, жасыл) таниды. Егер балаға түрлі – түсті кубиктер ұсынсақ, ересек адам түстің атауын айтып, сол түсті кубикті таңдап беруін өтінсе, бала еш қиындықсыз 3 – 4 түсті таңдайды және соның ішіндегі 2 – 3 – еуін атап, айтып береді. Үш жасар бала заттардың негізгі формаларын (шеңбер, сопақ, шаршы, тіктөртбұрыш, үшбұрыш) үлгі бойынша таңдай алады, кейде болар – болмас қателіктер жібереді. Ол «артық», «кем» сөздерін біледі және екі заттың ішінен (таяқшалар, текшелер, шарлар және т.б.) үлкенін немесе кішісін қиындықсыз таңдайды. 3 жасында балалар өз бөлмесінің (пәтерінің) кеңістігін, балабақшадағы топтық бөлмені, олар серуендейтін ауланы және т.б. бағдарлай алады. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, олардың кеңістіктікті бағдарлау кезінде кейбір түсініктері (жанында, алдында, үстінде, астында) қалыптасады. Кеңістікті игеру сөйлеуді дамытумен қатар жүреді: бала кеңістіктікті бағдарлау түсініктерін білдіретін сөздерді (шылаулар мен үстеулер) қолдануды үйренеді. 4 жасар баланың қоршаған орта құбылыстары туралы білімінің қалыптасуы бір жағынан психологиялық жас ерекшеліктеріне байланысты болса, екінші жағынан өзінің тікелей іс – тәжірибесіне байланысты болады. [2]
Бала айналаны қоршаған ортаның объектілерімен, олардың қызметтерімен (орындықта отырады, кеседен ішеді және т.б.), кейбір қоғамдық ғимараттардың қызметтерімен таныс (дүкенде, супермаркетте олар ойыншық, нан, сүт, киім, аяқ киім сатып алады); таныс көлік түрлері (автомобиль, жүк көлігі, троллейбус, ұшақ, велосипед және т.б.) туралы, кейбір мамандықтар (дәрігер, жүргізуші, аула сыпырушы), мерекелер (Жаңа жыл, өзінің туған күні), судың қасиеттері туралы түсініктері бар , қар, құм (қар ақ, суық; су жылы және су суық; мұз тайғақ, қатты; мүсіндеуге, дымқыл құмнан түрлі мүсіндер, қалыптар жасауға болады және құрғақ құмнан жасауға келмейді); ауа – райының құбылыстарын ажыратады және айтады (суық, жылы, жел соғады, жаңбыр жауады). Төрт жасар бала кейбір жемістер мен көкөністерді пішініне, түсіне, дәміне қарай ажыратады, құстардың екі – үш түрін, кейбір үй жануарларын және ең көп таралған жәндіктерді біледі. Төрт жасар балалардың назары еріксіз. Алайда оның тұрақтылығы қызметке деген қызығушылығына байланысты. Әдетте бұл жастағы бала 10-15 минут зейінін шоғырландыруы мүмкін, бірақ өзіне қызықты, тартымды болса, біршама ұзаққа созылуы мүмкін. Үш жасар балалардың есте сақтау қабілеттері еріксіз және айқын эмоционалды бояумен ерекшеленеді. Балалар есте сақтауы үшін еш қиындық тудырмаған ақпаратты ғана сақтап, айтады (өзіне ұнаған өлең жолдары мен әндер, оны күлдіретін немесе ренжіткен 2-3 жаңа сөз). Позитивті және жағымсыз сигналдар мен құбылыстар берік және ұзақ уақыт есінде қалады. Үш жастағы баланың ойлауы көрнекі – әрекеттік: нәресте мәселені объектілермен тікелей манипуляциялар арқылы шешеді (матрешкалар жинау, пирамидаларды, жинақталатын ыдыстарды жинақтау, модельге сәйкес жобалау және т.б.). Үш жаста қиял енді дами бастайды, ең алдымен бұл ойында болады. Бала бір затпен әрекет етеді және сонымен бірге ол заттың орнында басқа затты елестетеді: қасық орнына таяқ, сабын орнына малтатас, орындық - саяхаттауға арналған көлік және т.б. Балалар ойын әрекетінің әдістерін игереді – ойыншықтармен және оларды алмастыратын заттармен ойын әрекеттері, рөлдік мінез – құлықтың алғашқы дағдыларын игереді. 3-4 жастағы бала оған көрсетілген ойын әрекеттеріне ықыласпен еліктейді. Төрт жастың бірінші жартысындағы баланың ойыны бірге ойнаудан бұрын, қатар ойнауға көбірек ұқсайды. Балалардың бастамасымен туындайтын ойындар ересек адаммен бірлескен ойын барысында алынған дағдыларды көрсетеді. Ойындардың сюжеттері қарапайым, дамымаған, бір немесе екі рөлден тұрады. Ойын серіктесіне өз әрекеттерін түсіндіре алмағандықтан, өзара келісе алмағандықтан балалардың өздігінен, ересек адамдардың көмегінсіз шеше алмайтын қақтығыстарға әкеледі. Көбінесе қақтығыстар ойыншықтарға байланысты туындайды. Ұлдар ойын ойнау кезінде көпшіл, көп адам ойнайтын ойындарды қалайды, ал, қыздар екі – үш құрбысы қатысатын тыныш, баяу ойындарды ұнатады. 3 – 4 жасында бала жалпы ойынға немесе белсенді қызметке қатысу үшін құрдастарымен жиі және ықыласпен сөйлесе бастайды. Алайда, ол әлі де ересек адамның қолдауы мен назарына мұқтаж. Ересектермен қарым – қатынасқа түсу кезіндегі ең оңтайлысы жеке әңгіме, жеке қатынас (ересек адам жеке дос ретінде) болып табылады. Ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасаудың негізгі құралы - сөйлеу. Мектеп жасына дейінгі баланың сөздік құрамы негізінен тұрмыстық заттарды, ойыншықтарды, жақындарын білдіретін сөздерден тұрады. Бала сөйлеудің грамматикалық құрылымын меңгереді, күрделі сөйлемдерді қолдана бастайды. Қыздар көптеген даму көрсеткіштері бойынша (артикуляция, сөздік қоры, еркін сөйлеу, мәнерлеп оқу, естігендерін есте сақтау) көбінесе ер балалардан озады. 3 – 4 жасында ересек адамдармен қарым – қатынас жағдайында кітапқа және әдеби кейіпкерлерге деген қызығушылық қалыптаса түседі. Белсенділік қызметке деген қызығушылық тұрақсыз. Ойлаған ойда бейне басшылыққа алынады және жұмыс барысындағы өзгеріске ұшырап отырады, заттар формасының бейнесі игеріледі. Жұмыстар көбінесе схемалық сипатта болады, сондықтан баланың не бейнелегенін болжау қиын. Құрылыс қарапайым сипатта болады. Бала үлгіге қарап тек екі немесе үш бөліктен тұратын қарапайым объектілік құрылыстар сала алады. [4]
Мектепке дейінгі орта жас (төрт – бес жас аралығы). Төрт – бес жастағы балалар әлі күнге дейін әлеуметтік нормалар мен мінез – құлық ережелерін толық түсінбейді, бірақ олар өзін қалай ұстауға болатындығы және болмайтындығы туралы жалпылама түсініктері қалыптаса бастайды. Әдетте, бес жасқа дейінгі балалар үлкендердің ескертуінсіз, амандасады және қоштасады, «рақмет» және «өтінемін» деп айтады, ересек адамның сөзін бөлмейді, оған сыпайылық танытады. Сонымен қатар, олар өз еркімен ойыншықтарды жинайды, қарапайым жұмыс міндеттерін орындайды және бастаған жұмысын соңына дейін жеткізуге тырысады. Осы жаста балаларда қыздар өзін қалай ұстауы керек, ал ұлдар өзін қалай ұстауы керек деген түсінік қалыптасады. Балалар мінез – құлық нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейтін өзгелердің мінез – құлқын және өздерінің де мінез – құлқын біледі. Осылайша, 4 – 5 жасар баланың мінез – құлқы 3 – 4 жастағыдай импульсивті емес, дегенмен кейбір жағдайларда ол ересек адамдардың немесе құрдастарының белгілі бір ережелер мен ережелерді ұстану қажет екенін есіне салуын қажет етеді. Осы жаста балалар жуу, киіну, шомылу, тамақтану, бөлмені жинау процестерінің алгоритмін игереді. Сабын, сүлгі, орамал, майлық, ас құралдарын біледі және мақсатына сай пайдаланады. 4 – 5 жастағы бала гендерлік рөлін меңгереді өздерінің жынысы туралы сараланған ой қорытады , оны бірнеше негіздер бойынша дәлелдейді («Мен ер баламын, көйлек емес, шалбар киемін, қысқа шашым бар»); адекватты гендерлік рөлге сәйкес өсуге деген ұмтылысты байқауға болады: ұл – ұл, немере, ағасы, әкесі, адам; қыз – қызы, немересі, әпкесі, шешесі, әйел. 4 – 5 жасар балалар заттармен ойын ойнауды жалғастырады, бірақ қазір бұл әрекеттердің сыртқы жүйелілігі шын өмірдегі әрекеттермен сәйкес келеді: бала алдымен нанды кесіп алады, содан кейін ғана оны қуыршақтардың алдына үстелге қояды (мектепке дейінгі кіші жастың басында ойындар тізбегінде жүйелілік маңызды болмаған еді). Ойында балалар өз рөлдерін таңдайды, өздері қабылдаған рөлдері үшін жауапкершілік танытады, не істеу керектігін түсінеді. Ойын мен нақты қатынастардың бөлінуі бар. 4 – 5 жасында балаға ойын кезінде серіктес ретінде өз құрдастары ересек адамға қарағанда жақынырақ болады. 4 – 5 жасында балалар жалпы қабылданған сенсорлық стандарттарды игеруді жалғастырады, оларды қолдану тәсілдерін игереді және заттарды қарастыруды, зерттеуді жетілдіреді. Бес жасқа дейін балалар, әдетте, негізгі түстерді, геометриялық фигуралар мен шамалардың байланысын жақсы біледі. Бала қазірдің өзінде қоршаған кеңістіктегі заттарды өз еркімен бақылап, тексеріп және іздей алады. Бұл жастағы қабылдау бірте – бірте ойластырылған, талданған және мақсатты бола бастайды. Мектепке дейінгі орта жаста ойлау мен іс – әрекеттің байланысы сақталады, бірақ бұрынғыдай тікелей болмайды. Мектепке дейінгі орта жаста баланың есте сақтау қабілеті қарқынды дамиды. 5 жасында ол өзіне ұсынылған суреттерде бейнеленген 5 – 6 нысанды (10 – 15 – тің ішінен) жаттай алады. 4 – 5 жасында репродуктивті қиял басым болады, ертегі – әңгімелерде, мультфильмдерде, өлең жолдарында кездесетін және басқа да әңгімелерде суреттелген образдарды ойша қиялдап көз алдына елестетіп, бейнесін жасай алады. Ойында, сурет салуда және құрылыста өнімді қиял элементтері қалыптаса бастайды. [2]
Балалардың құрдастарымен байланысы әлі күнге дейін іс – әрекеттерінің басқа түрлерімен (ойын, еңбек, өнімді іс – әрекет) тығыз байланысты.Дегенмен, таза қарым – қатынас жағдайлары қазірдің өзінде байқалды. Ересектермен сөйлесу барысында балалар сөйлеу этикетінің ережелерін қолданады: сәлемдесу, қоштасу, ризашылық білдіру, сыпайылық, өтініш білдіру, жұбаныш, аяушылық және жанашырлық сөздер. Көптеген байланыстарда байланыстың негізгі құралы сөйлеу болып табылады, оның дамуында елеулі өзгерістер орын алады. Сөйлеу біртұтас және дәйекті болады. [3]
Мектепке дейінгі ересек жас (бес - алты жас аралығы). 5 – 6 жастағы бала өзін және басқа адамды қоғамның өкілі ретінде білуге ұмтылады, біртіндеп әлеуметтік мінез – құлық пен адамдар арасындағы қарым – қатынас, байланыс пен тәуелділікті сезіне бастайды.
Бұл жаста мектеп жасына дейінгі балалардың мінез – құлқында сапалық өзгерістер орын алады - өзін – өзі реттеу мүмкіндігі қалыптасады, балалар бұрын өздеріне ересектер қойған талаптарды ұсына бастайды. Сонымен, олар қызықты нәрселерге алаңдамай, өздеріне ұнамайтын жұмысты аяқтай алады (ойыншықтарды жинау, бөлмені жинау және т.б.). Бұл балалардың жалпы қабылданған мінез – құлық нормалары мен ережелерін білуі және оларды орындау міндеттілігі арқасында жүзеге асады. 5 – 6 жас аралығында баланың өзі туралы ойлары өзгере бастайды. Бұл ойлар балаға дәл сол кездегі ғана емес алдағы уақытта да игергісі келетін және қаламайтын қасиеттерден тұрады. Мысалы: «Мен Темір адам сияқты болғым келеді», «Мен ханшайымдай боламын» және т.б.). Олар балалар үйренген этикалық нормаларды көрсетеді. Бұл жаста балалар негізінен құрдастарға көп еліктейді, көп уақытын олармен бірлескен ойындарда және әңгімелерде өткізеді, олардың бағалары мен пікірлері олар үшін маңызды болады. Құрбыларымен қарым – қатынаста таңдампаздық пен тұрақтылық артады. Балалар өздерінің артықшылықтарын сол немесе басқа баланың ойындағы сәттілігімен түсіндіреді. 5 – 6 жасында бала бастапқы гендерлік сәйкестілік жүйесін белсенді түрде қалыптастыруды жалғастырады, сондықтан 6 жастан кейін оның жеке аспектілерінің қалыптасуына әсері онша тиімді емес. Бұл жаста балаларда гендерлік сәйкестікті маңызды сипаттамаларға (әйел мен еркектің қасиеттері, сезімін көрсету ерекшеліктері, эмоциялар, гендерлік мінез – құлық ерекшеліктері) сәйкес игеру туралы сараланған идея пайда болады. Ұлдар мен қыздардың қозғалыстарында айырмашылықтар байқала бастайды (ұлдарда – шапшаңырақ, қарқындырақ қозғалады, қыздарда - жұмсақ, баяу, байсалдырақ), баланың жынысына байланысты жалпы дене бітімінде де өзгерістер байқалады. Бес жасар балаларда қоршаған әлем туралы идеялар қоры жеткілікті, олар өздерінің танымдық іс – әрекеттері, сұрақтар қоюға және эксперименттер жасауға құштарлығымен айқындалады. Бұл жастағы бала негізгі түстерді жақсы біледі және реңктер туралы түсініктері қалыптасқан (мысалы, ол бір түстің екі реңін көрсете алады: ашық қызыл және қою қызыл). Алты жасқа аяқ басқан балалар геометриялық фигуралардың бір – бірінен қалай ерекшеленетінін айта алады. Есте сақтау қабілеті, көлемі айтарлықтай өзгермейді, бірақ оның тұрақтылығы жақсарады. Сонымен бірге балалар есте сақтаудың қарапайым әдістері мен құралдарын қолдана алады. 5 – 6 жас аралығындағы балаларда көрнекі – бейнелі ойлау маңызды, жетекші рөлге ие болады, бұл балаға жалпылама көрнекі құралдарды (диаграмма, сызба және т.б.) және әртүрлі заттар мен құбылыстардың қасиеттері туралы жалпыланған білімін қолдану арқылы, күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. 5 – 6 жасты практикалық қызметтен бөлініп, оны болжай отырып, белсенді (өнімді) қиялды еркін игеру кезеңі ретінде сипаттауға болады. Қиялдың бейнелері шынайы, анағұрлым толық және дәлірек болады. Бала шынайы немесе ойдан шығарылған дүниені анық ажырата бастайды. Қиял әрекеттерінің көрінісі әуелі – белгілі бір құрылыстың жоспарлануы және іске асуы – бастапқыда ойын әрекетінде қалыптаса бастайды. Ойынға дейін оның тұжырымдамасы мен сюжеті дүниеге келуінен көрінеді. Біртіндеп балалар құрылыс пен сурет салуда алдын – ала жоспар бойынша әрекет ету қабілетін игереді. Бала алты жасқа аяқ басқанда сөйлеуді дамытуда маңызды өзгерістер орын алады. 5 – 6 жастағы баланың өмір қауіпсіздігі мүмкіндіктері артады. Бұл эгоцентриялық позицияны жеңе отырып, сана мен ерікті мінез – құлықтың өсуіне байланысты (бала басқалардың позициясын қабылдауға қабілетті болады). Ойлаудың болжамдық қызметі дамиды, бұл балаға оқиғалардың перспективасын білуге, өзінің іс – әрекеті мен басқа адамдардың іс – әрекеттерінің жуық уақыттағы және одан кейінгі салдарын болжауға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі ересек жаста (бес - алты жас аралығында) еңбек қызметін жоспарлау және өзін – өзі бағалау белсенді дамып келеді.[2]
Балалар бұрын игерген еңбек түрлерін тиімді, жылдам және саналы түрде орындайды. Мектепалды жасындағы (6 – 7 жас аралығында) баланың тұрақты әлеуметтік – адамгершілік сезімдері мен эмоциялары бар, өзін – өзі тануы жоғары және өзін белсенділік пен мінез – құлық субъектісі ретінде көрсетеді. 6 – 7 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалардың мотивациялық саласы когнитивтік, просоциалдық (жақсылық жасауға шақыру), әлеуметтік мотивтердің дамуына байланысты кеңейіп келеді. Баланың мінез – құлқы оның жақсы мен жаман туралы ойларымен реттеле бастайды. Мектепке дейінгі жастың аяқ шеңінде балалар өз әрекеттерінің салдарын алдын – ала болжай алатын мүмкіндіктері қалыптасады. Бұл мінез – құлықты ерікті түрде реттеудің тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді – бала қажетсіз әрекеттерден бас тартып қана қоймай, өзін – өзі ұстай алады, сонымен қатар алынған нәтижелер біреуге пайда, қуаныш және т.б. әкелетінін түсінсе, қызықсыз тапсырманы да орындай алады. [2]
Бала мен ересек адам арасындағы байланыс күрделене түседі және мазмұндырақ болады. Мектеп жасына дейінгі бала ата – анасының жұмыста болған оқиғалар туралы әңгімелерін мұқият тыңдайды, олардың қалай кездескеніне, бейтаныс адамдармен қалай танысқаны, олардың қайда тұратындығы, балалары бар – жоқтығын, қандай жұмыспен айналысатындығын және т.б. 6 – 7 жасар балаларда бір – бірімен байланыс пайда болады. 6 – 7 жасар бала өзіне – өзі қызмет ету мәдениетін және денсаулық мәдениетін сенімді түрде игереді. Ойын үстінде 6 – 7 жастағы балалар күрделі әлеуметтік оқиғаларды – баланың тууын, үйлену тойын, мерекені, соғысты және т.с.с. көрсете алады. Ойын барысында осы немесе басқа оқиға желісі көрінетін бірнеше орталықтар болуы мүмкін. Бұл жастағы балалар ойын барысында біреудің рөлінен екіншісінің ойынына ауыса отырып, екі рөлді орындай алады. Олар негізгі және бағынышты рөлдерді орындай отырып, ойын үстіндегі бірнеше серіктестермен өзара әрекеттесе алады. Мектепке дейінгі жастың соңында еріксіз зейіннің тұрақтылығы едәуір артады, бұл балалардың аз көңіл бөлуіне әкеледі. Бала іс – әрекетінің шоғырлануы мен ұзақтығы оның тартымдылығына байланысты. 6 – 7 жастағы балалар ойынның сюжетін, сурет тақырыбын, әңгімелерді және т.б. ойлап тапқанда, бастапқы идеяны сақтап қана қоймай, іс – әрекетті бастамас бұрын оны ойлана алады. Осы жаста көрнекі – бейнелі ойлауды дамыту жалғасуда, бұл балаға жалпылама көрнекі құралдарды (схемалар, суреттер және т.б.) және әр түрлі заттар мен құбылыстардың қасиеттері туралы жалпы идеяларды қолдана отырып, күрделі тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді. Балалардың сөйлеу дағдылары адамдардың әртүрлі контингенттерімен (ересектер мен құрдастарымен, таныстарымен және бейтаныс адамдарымен) толық қарым – қатынас жасауға мүмкіндік береді. Балалар дұрыс айтып қана қоймайды, сонымен қатар фонемаларды (дыбыстарды) және сөздерді жақсы ажыратады. Диалог барысында бала сұрақтарға толық жауап беруге тырысады, әңгімелесушіге түсінікті сұрақтар қояды, өз сөздерін басқалардың сөздерімен үйлестіреді. Сөйлеудің басқа түрі (монолог) белсенді дамып келеді. Мектепке дейінгі балалық шақтағы сөйлеуді дамытудың ең маңызды нәтижесі – осы кезеңнің соңында сөйлеу қарым – қатынастың да, когнитивтік қызметтің де, мінез – құлықты жоспарлау мен реттеудің де шынайы құралына айналады. Өнімді іс – әрекет түрлерінде балалар нені бейнелегілері келетінін біледі және кедергілерді жеңе отырып, қазіргі кезде басым болып отырған жоспарынан бас тартпай, мақсатына жете алады. Олар өздерінің қызығушылықтарын тудыратын кез-келген нәрсені бейнелей алады. Құрылған кескіндер нақты объектіге ұқсайды, танылады және көптеген бөлшектерді қамтиды. Сурет салу, мүсіндеу сияқты әрекеттерде қолдану техникасы жетіліп, күрделенеді.
Балалар схема бойынша, фотосуреттерге қарап, берілген шарттармен, әр түрлі құрылыс материалдарынан құрылыс туралы өзіндік ойын ойластырып, оларды архитектуралық бөлшектермен толықтыра алады; түрлі бағытта қағазды бүктеу арқылы ойыншықтар жасау; табиғи материалдардан адамдардың, жануарлардың, әдеби шығармалардың кейіпкерлерін жасай алады. Балалардың көркемдік – өнімді жұмысындағы ең маңызды жетістігі – композицияны игеру. [5]
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Жас ерекшелік педагогикасы» : Оқулық. 2 – басылым/ Мұсаева С.,
Бегалиев Т. – Астана : Фолиант, 2010.
2. Педагогика детей раннего возраста: Учебн. пособие для студентов вузов./ Галигузова Л. Н — М., 2007.
3. Дошкольная педагогика: Учебн. посо-бие для студентов сред. пед. учебн. заведений. 4-е изд., стер. / Козлова С. А., Куликова Т. А. — М.: ИЦ «Академия», 2002.
4. Педагогика детства: Петербургская научная школа. — СПб., 2005.
5. Сравнительная педагогика детства: Учебн. пособие./ Фуряева Т. В. — Красноярск: РИО ГОУ ВПО КПГУ им. В. П. Астафьева, 2004.

Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
M02E6B9

Казахстан, г. Караганда