Дата публикации: 20.03.2022
Е.Ғ. Чонбаев
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасы жанындағы
Құқық қорғау органдарының академиясы,
Ақмола облысы, Қосшы қаласы
Аннотация: Мақала заңсыз жолмен алынған мүліктерді тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс-жүргізу өндірісі бойынша дәлелдеу ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Зерттеу барысында автормен қылмыстық жолмен табылған мүлікті анықтау және дәлелдеу бойынша қолданыстағы заңнамаларға талдау жүргізілді. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде автормен тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған мүлікті анықтау және дәлелдеу бойынша ұсыныстар дайындалған.
Түйінді сөздер: Мүлікті тәркілеу, қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы, қылмыстық жаза, үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізу, «in rem» мүлікті тәркілеу.
Қазіргі таңда Қазақстанда және бүкіл әлемде қылмыстық жолмен алынған мүліктерді мемлекеттік бюджетке қайтару мәселесі өзекті болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 16 сәуірде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» жөнінде өткізген кеңесте «follow the money» (ақшаны қадағалаңыз) қағидатының әлеуетіне тоқталып, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттің алдын алуға септігін тигізетіндігін атап өтті [1].
Заңсыз жолмен алынған мүліктің немесе қаражаттың ұғымына келер болсақ, И.А. Клепицкидің пікірінше «Есірткі сатушының тұтынушыдан алған ақшасы қылмыстық жолмен алынған қаражат болып табылады» [2].
Б.В. Волженкин бұл құбылыстар арқылы әр түрлі әрекеттерді түсінеді, яғни «Қылмыстық жолмен алынған мүліктің барын немесе оның шығу тегін әр түрлі қаржылық операцияларды немесе мәмілелерді жасау арқылы жасыру және ол мүліктен белгілі бір пайда көру» [3].
Сонымен бірге Н.В. Юсуповпен ұсынылған тұжырымдама нақтырақ көрінеді, оның пайымдауынша: «Көрінеу қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңды экономикалық айналымға енгізу» [4].
Қолданыстағы ҚР ҚК-тің 48-бабында мүлікті тәркілеу түсінігі «сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру» деп анықталған [5]. Осы нормаға сәйкес, сотталған адамның үшінші тұлғаның меншігіне берілген мүлікте жатады.
Сонымен қатар, ҚР ҚПК-тің 113-бабына сәйкес, «Қылмыстық іс бойынша басқа да мән-жайлармен қатар ҚР ҚК-тің 48-бабына сәйкес тәркіленуге жататын мүліктің заңсыз, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын немесе осы мүліктен түскен кірістер болып табылатынын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы ретінде не экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру немесе өзгедей қамтамасыз ету үшін пайдаланылғанын немесе пайдалануға арналғанын растайтын мән-жайлар дәлелденуге жатады» делінген. Яғни тәркіленуге жататын мүлік осы нормада көрсетілген қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайлар қатарына кіру қажет [6].
«Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 20 тармағында «Мүлікті, оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешу кезінде, соттар осы мүліктің және мүлік сатылып алынған қаражаттың шығу тегін айғақтайтын дәлелдемелерді тексеруі тиіс» екендігі көрсетілген [7].
Бұдан бөлек, ҚР ҚПК-тің 161 бабы кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда прокурордың келісуімен он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу белгілеуге мүмкіндік береді [6].
Бірақ осы бағытта жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, іс жүзінде осы бағытта заңнамалық базаның жеткіліктілігіне қарамастан, көбіне тергеу органдары тек күдіктінің кінәсін дәлелдейтін дәлелдемелер жинауды, оның әрекетінің дұрыс саралануын және қылмыстық істің тез арада сотқа жолдануын басты мақсат ретінде қояды. Ал қылмыстық жолмен алынған мүлік пен ақшаны анықтау, дәлелдеу және мемлекеттік бюджетке қайтару мәселелері тергеу назарынан тыс қалуда.
Көбіне сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы кезеңінде қылмыстық жолмен табылған қаражаттың нақты мөлшері анықталмайды, анықталған жағдайда да ол қаражаттың қайда жұмсалғандығы, яғни қандай мүліктің сатып алынғандығына, ол мүліктің қылмыстық жолмен алынғандығын жасыру мақсатында үшінші тұлғаның (күдіктінің туысқандары, достары және т.б.) атына тіркелу мүмкіндігіне тиісті талдау жүргізілмейді.
Оған тергеушілердің ондай мүлік пен ақшаны анықтау және дәлелдеу дағдыларын жетік меңгермеуі, яғни банк, салық, қаржы және бизнес салаларын зерттеуге арналған тиісті шеберліктің жоқтығы себеп болуда деп санаймыз. Соның салдарынан жазалаудың бұлтартпастығы қағидаты өз деңгейінде қамтамасыз етілмеуде (заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу бойынша).
Қаржылық тергеу бойынша ФАТФ басшылығының 2012 жылы берген есебінде заңсыз жолмен алынған мүлікті немесе қаражатты анықтау мақсатында, негізгі қылмыстық құқық бұзушылықты тергеу барысында параллельді түрде ол құқық бұзушылықтың қаржылық жағында қоса тергеу қажеттігін атап өтті [8].
Мәселен, терроризм бойынша – террористік қылмыстарды тергеуге және терроризмді қаржыландыру көздерін анықтауға бір уақытта назар аударылады. Яғни параллельді тергеу тәсілі тегеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтігін қамтамасыз етуге оң септігін тигізеді.
Бұндай тәжірибе АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Украина және Беларусия елдерінде кеңінен қолдануда.
Сол себепті, мемлекеттік бюджетке ірі және аса ірі мөлшерде шығын келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істі тергеу аясында құрылған жедел топқа негізгі қылмысты тергейтін тергеушілерден бөлек, тек «қылмыстың қаржылық жағын» тексеретін, яғни параллельді түрде қаржылық тергеуді жүргізетін тергеушіні қосу ұсынылады.
Сонымен қатар, осы бағытта жүргізілген зерттеу барысында қолданыстағы статистикалық есептерде сотқа дейінгі тергеу барысында тәркіленген заттардың жіктелуі көрсетілмегендігі анықталды (қылмыстық жолмен алынған мүлік және ол мүліктің соммасы). Осы себептен статистикалық есептен сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық жолмен алынып, кейін тәркіленген мүлік және оның құны туралы мәліметтер алу мүмкін емес. Сондықтанда, мүлікті тәркілеу саласындағы объективті көріністі анықтау мақсатында, статистикалық есептерге сотқа дейінгі тәркіленген мүлік (қылмыстық жолмен алынған мүлік немесе қаражат) және ол мүліктердің соммасы туралы арнайы баған енгізу қажет деп санаймыз.
Оған қоса, құқық қорғау органдарының қызметін бағалау критерилерінің бірі ретінде – сотқа дейінгі сатыда заңсыз жолмен алынған мүлікті анықтау, дәлелдеу және мемлекеттік бюджетке қайтарылған мүлік немесе қаражат соммасын енгізу ұсынылады.
Себебі қазіргі таңда ішкі істер органдары жұмысының басты критериі ретінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу пайызы болып табылса, экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінде – мемлекетке келтірілген шығынды қайтару және қылмыстық істі сотқа жіберу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде – сыбайлас жемқорлық қылмыстарының анықталуы болып табылады. Бұл ретте сотқа дейінгі сатыда қылмыстық жолмен анықталған мүлікті немесе қаражатты анықтау және оны мемлекеттік бюджетке қайтару құқық қорғау органдарының жұмыстарын бағалау өлшемі болып табылмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде өткізген кеңесі. 2021 жылғы 16 сәуір // akorda.kz: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты. // Қолжетімділік тәртібі: https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-sybaylas-zhemkorlykka-karsy-is-kimyl-zhoninde-kenes-otkizdi-1631214 (жүктелген уақыт: 16.04.2021 ж.).
2. Клепицкий И.А. «Отмывание денег» в современном уголовном праве // Государство и право. 2002 №8, стр.19.
3. Волженкин Б.В. Преступления в сфере экономической деятельности по уголовному праву России. СПб., 2007, стр.271.
4. Юсупов Н.В. К вопросу о принятии легализации (отмывания) имущества, полученного преступным путем // Вестник экономической безопасности. 2009. №12, стр.110.
5. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. 2014 жылғы 3 шілдедегі №226-V ҚРЗ // adilet.kz: Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі «Әділет» // Қолжетімділік тәртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z48 (жүктелген уақыт: 19.02.2021 ж.).
6. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі. 2014 жылғы 4 шілдедегі №231-V ҚРЗ // adilet.kz: Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі «Әділет» // Қолжетімділік тәртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000231/k14231_.htm (жүктелген уақыт: 19.02.2021 ж.).
7. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысы // adilet.kz: Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі «Әділет» // Қолжетімділік тәртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P150000004S. 20 тармақ.
8) Отчет ФАТФ руководство ФАТФ по финансовым расследованиям: оперативные вопросы, июнь 2012 года // file:///C:/Users/nchz/Desktop/%D0%95%D1%80%D0%B1%D0%BE%D0%BB%2008.12.21/%D1%80%D0%B5%D0%BA%D0%BE%D0%BC%D0%B5%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D1%86%D0%B8%D0%B8%20%D0%A4%D0%90%D0%A2%D0%A4.pdf.