Дата публикации: 20.04.2022
Сиражет Мешіт
халықаралық қатынастар (MIR-2021) мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институнының магистранты,
Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан.
Ғылыми жетекші - Мажиденова Дарико Магауияновна
Тарих ғылымдарының докторы, академик, профессор, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері.
2020 жылғы санаққа сәйкес Қатар Мемлекетінде 2,9 миллон адам өмір сүреді, оның ішінде Қатар азаматтарының саны 313 мың адам шамасын құрауда. Олардың айлық жалақысы әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің біріне ие, яғни мемлекеттік қызметте істейтін қатарлық айына орта есеппен 8650 доллар алса, банк және мұнай саласында қызмет ететін қатарлық 6040 доллар алады және Қатар долларлық миллионерлер ең көп шоғырланған елдердің бірі болып саналады (қатарлықтардың 14,3% долларлық миллионер).
Әрбір қатарлық тегін жер телімін алуға және онда үй салу мақсатында пайызсыз несие ала алады. Қатар азаматы үшін су мен электр қуаты, білім (барлық сатыда, сонымен қоса шет елде де) және медициналық қызметтер алу (шет елде емделу де) мемлекет тарапынан өтеледі.
Осындай жоғары деңгейге жеткен Қатар бұдан 5 жыл бұрын өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін күрделі мәселеге тап болады. 2017 жылғы 5 маусымда Сауд Арабиясы Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн Корольдігі мен Мысыр Араб Республикасынан құралған «квартет» Қатарға бірқатар айыптаулар жасап, дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын үзілді-кесілді тоқтатып, құрлықтық, теңіз жолдары мен әуе кеңістігін жабу арқылы саяси-экономикалық блокада енгізеді.
Қатар өз кезегінде тағылған айыптаулармен келіспей, кішігірім мемлекет болса да өз қайсарлығын танытып, саяси-экономикалық қауіп-қатерді алдын алу үшін тиісті антикризистік іс-шараларды белсенді жүргізе бастайды.
Шектеулер енгізу барысында квартеттің ультиматумдары Қатарды тығырыққа әкеп соқтыратындай болып көрінген болатын. Алайда, Қатар билігінің алдын-ала қабылдаған үйлесімді қадамдары қауіп-қатерді айналып өтуге жол ашады.
Қатар аймақтағы ірі елдер болып саналатын Түркиямен және Иранмен жақындаса бастайды. Тәуелді өнімдер бойынша қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында альтернативті жолдар іздестірген Доха, өз қажеттіліктерінің басым бөлігін Түркиядан, Ираннан, Үндістаннан және т.б. елдерден импорттай бастайды. Олармен саяси-экономикалық, дипломатиялық және әскери ынтымақтастығын нығайтады.
Мысалға, блоккада басталғанға дейін Қатар 60% шамасында дәрі-дәрмекті Сауд Арабиясы мен Әмірліктерден, 80% дейін сүт өнімдерін Сауд Арабиясынан импорттаған болатын. Осыған байланысты жедел түрде сүт өнімдерін өндіретін «Баланда» компаниясының ірге тасын құрып, 5 айдың ішінде елдегі сұраныстың 60 пайызына дейін қамтамасыз етіп, кейінірек толықтай, одан соң, тіптен көрші елдерге экспорттай бастады.
Осылайша, өлшеммен жасалған іс-әрекеттердің арқасында Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің билігі халық қолдауына бөленіп, өзге араб елдерімен де қатынастарын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бауырлас елдер арасындағы туыстық қарым-қатынастар мен өзге де маңызды ішкі және сыртқы факторлардың болуына байланысты Қатармен өзара ынтымақтастықты қалпына келіту бойынша 2021 жылғы қаңтарда тараптар арасында Сауд Арабиясы Корольдігінің Әл-Ула қаласында «Әл-Ула» келісіміне қол қойылады.
Аталған келісімге қол қойылғаннан бері араб елдері арасында жоғары деңгейдегі өзара сапарлар жанданып, әуе қатынастар ашылды, экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру бойынша әрекеттер жүргізіліп жатыр.
2021 жылғы маусымның ортасында Мысырдың Сыртқы істер министрі Самех Шукридің Дохаға жұмыс сапары өтті. Бұл мысырлық жоғарғы тұлғаның блоккададан кейінгі Дохаға жасаған алғашқы сапары болды.
2021 жылғы тамыз айында Бағдад қаласында ирактық-француз бастамасымен Таяу Шығыстағы шиеленісті деэскалациялау бойынша аймақтық саммит барысында Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің Мысыр және Әмірліктердің жоғары басшыларымен блоккададан кейінгі алғашқы екіжақты келіссөздер өтуі елеулі оқиға болды.
2022 жылғы қаңтар айының аяғында Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапармен барып, АҚШ Президенті Дж.Байденмен және өзге де билік өкілдерімен кездесу барысында кең ауқымды мәселелерді талқылайды. Нақтырақ айтқанда, Ауғанстандағы ахуал, Иранмен ядролық келіссөздер болашағы, Таяу Шығыс мәселесі және энергетика тұрақтылығын қамтамасыз ету тәрізді аймақтық және халықаралық тақырыптар сөз болды.
Сирия дағдарысы мен Таяу Шығыс мәселесі (Палестина), Йемендегі, Судандағы, Ирактағы жағдайларды реттеуге белсене қатысып отырған ресми Доха өзінің халықаралық мәртебесін нығайтып келеді. Сондай-ақ, Қатардың бұл елдерге ауқымды көмек көрсетіп отырғанын атап өтуге болады.
Қатар Парсы шығанағындағы жартыарал болуына қарамастан, өзінің табиғи байлығы мен қол жеткізген экономикалық әлеуетінің арқасында араб және мұсылман елдеріне ауқымды қайырымдылық көрсетіп отырған әлемдегі ең ірі донорлардың қатарында тұрған мемлекет.
Бұрын Қатар қайырымдылық қорлары арқылы Ираққа бірқатар қаржылай және материалдық көмек көрсетті (50 млн. долл. шамасында). 2020 жылдың басында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни Ирақ инфрақұрылымын қалпына келтіруге 1 млрд. долларын бөлуге келісті.
Қатар аймақтағы жағдайға жіті көңіл бөледі. Осы ретте, Сирия дағдарысына байланысты шиеленіс басталған уақыттан бастап 2 млрд. жуық долл. көлемінде қаржылай көмек жасап, 50 мың сириялық азаматтарға пана беруде.
2020 жылы Қатар Әмірі Ливан халқын қолдауға арналған халықаралық бейнеконференцияға қатысып, 50 млн. долл. көлемінде қаражат бөлетіндігін айтты.
Сондай-ақ, Қатар Әмірі 10 мың иорданиялық азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететінін және ИХК әскери зейнетақы қорына 30 млн. доллар бөлетінін жариялады.
Жалпы, Қатар соңғы жылдары қайырымдылық қорлары арқылы 59 елге көмек ретінде, білім беру және денсаулық сақтау жобаларына жыл сайын 600 млн. долларын бөлген. Сондай-ақ, «Qatar Charity» қоры 50 елдегі 10 млн. жуық адамның пайдасына түрлі жобаларды іске асыруға 500 млн. долларын жұмсаған.
Осылайша, Қатардың сыртқы саясатындағы беделінің жоғарылауы мен ішкі жағдайындағы тұрақтылығы, сондай-ақ, экономикалық дербес ел ретінде танылуы және қауқары нашар елдерге жүйелі түрде қаржылай көмек беріп тұруына байланысты Доха АҚШ-тың Таяу Шығыстағы сыртқы саясатының басты ойыншысына айналып келе жатыр деуге әбден болады.
Бұған қоса, алдағы уақытта Қатардың 2022 әлемдік футбол чемпионатын өткізуі елдің танымалдылығы мен беделін одан әрі нығайта түседі деп болжамдауға болады. Мұндай ауқымды шараны өткізуге Қатар шамамен 200 млрд. долларын жұмсауда. Бұл халықаралық іс-шараға алдын ала болжам бойынша 1,5 миллион шетелдік жанкүйерлердің қатысуы жоспарлануда. Олар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған 7 жаңа стадион салынып, 1-уі толық реконструкциядан өтті (жалпы 8 стадион). Жанкүйерлерді орналастыру үшін көптеген қонақ үйлер мен арнайы қалашықтар соғылды, оның ішінде тіптен су үстінде қалықтап тұратын 1001 бөлмеден тұратын 16 қонақ үй салынған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Государство Катар. Отражение во времени (И.П.Сенченко, Санкт-Петербург 2020 г.).
-
https://www.qcharity.org/en/qa/about
-
https://news.sky.com/story/qatar-2022-what-has-been-built-for-the-2022-world-cup-what-it-has-cost-in-lives-and-how-much-was-spent-on-construction-12496471#:~:text=Previous%20estimates%20of%20the%20total,official%20was%20around%20%24200bn.