Дата публикации: 13.10.2024
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ МЕМУАРЛЫҚ РОМАН ЖАНРЫ
РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
Косман Гульжазира Омирбеккызы
Мемуар, естелік (фран. тетоігев - еске алу), автордың өз көзімен көрген, қатысып, араласқан оқиғалар жайындағы жазбалары өмірбаян түрінде, күнделік түрінде, жол жазбалар түрінде кездеседі. Қандай үлгіде жазылса да, мемуарлық очерктер көркем шығарманың санатына жатады және оның өмірбаян, күнделік, естелік ретінде жазылған нұсқалары көркемдік тәсіл үлгілері болып қабылданады. Мемуарлық очерктерде автор өмірде болған оқиғаларды негізге ала отырып, болған, өзінің басынан кешкен оқиғалары мен құбылыстарын нақтылы дерек, фактілерге жүгіне отырып, желі етеді. Сонымен қатар, мемуарлық көркем очерктерде белгілі бір кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік кезеңдері қамтылып, жинақталады. Очеркші өзі өмір сүрген кезеңдегі әртүрлі адамдарды өз көркем очеркіне арқау ете отырып, сол кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, жан-дүниесін бейнелеу арқылы сол кезеңнің әсері мен сипаттарын суреттеуге тырысады. Яғни, бұл мемуарлық көркем очерктерде сол кезеңнің уақыт тынысының әсері, өткен шындыққа авторлық бағаның берілуі басым түсіп жатады. Бұл көркем очерк түрінің басқа түрлерден артықшылығы – өткен, болған жайларға баға берушілік, баяндалып отырган оқиғалардың автордан басқа да куәгерлерінің бар екені. Демек, баяндалған оқиға, суреттелген іс-әрекеттер неғұрлым деректі материалдар мен нақты фактілерге көбірек жүгініп жазылса, соғұрлым өмір шындығы да терең ашылғаны болып табылады. Негізінен, мемуарлық очерктерде деректілік пен нақтылық қатар жүрсе де, автордың көзімен көріп, басы-қасында болған оқиғаларды баяндағанда, автор өз түсінігі, өзінің сол оқиға немесе құбылыстарға жеке көзқарасы арқылы баға беру жағы басым болады, яғни, авторлық баға берушілікке көп мүмкіндік жасалады.
Біріншіден, мемуарлық көркем очерктерде нақты фактімен сөйлеу, деректілік, өмірдің шындығымен сөйлеу жағы басым жатады. Екіншіден, мемуарлық очерктерде өмір танытқыштық, өткенді жинақтап көрсету, қорыта сөйлеу, жинақты турде бейнелеу қасиеті де бар. Осы қасиеттер біріккенде ғана, мемуарлық көркем очерктің мазмұны мен көркемдік сапасы өз дәрежесінде шығады. Мемуарлық очерктер жазу үшін, автордың өмірлік тәжірибесі мол, сөз етуге тұрарлық оқиға, құбылыстарды дұрыс таңдап қана қоймай, үлгі-өнеге боларлық тұстарды саралау шеберлігі де болуы шарт. Жазушы басынан өткен нақтылы өмір құбылыстары, оның сыры, қайшылықтары терең ұғылмай, терең зерттелмей, тарихи және қоғамдық шындық сарапталмаса, тәлімдік-танымдық қасиеті мол туынды жасалмайды. Очеркші өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырғанда ғана рухани ләззат аларлық туынды өмірге келеді. Мемуарлық очерктердің басқа шығармалардан айырмашылығы – құжаттық-деректік тұрғыдан неғұрлым нақты болады және автор өз көзімен көрген, білген оқиғаларын шығармасына арқау етеді.
Мемуар жанрының туу тарихы ерте дәуірлерден басталады дейді, бірақ, шын мәніндегі мемуар жанрының жетілу, қалыптасу кезеңдері – ХҮІІІ ғасыр мен XX ғасыр аралығы. Орыс әдебиетіндегі мемуардың классикалық үлгілеріне А.Герценнің «Көргендер мен ойлары», Л.Толстойдың «Балалық шақ», «Жастық», «Жігіттік», К.Гольдонидің «Мемуарлары», М.Горькийдің «Менің университеттерім» т.б. шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінің тарихында мемуарлық жанр ерте кезден бар, оған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өсу жолдарымыз», Ғабиден Мұстафиннің «Ой әуендері», «Сыр дәптері», М.Қаратаевтың «Көргенім мен көңілдегім», Медеу Сәрсекеевтің «Сәтбаев», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны», Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен», Асанәлі Әшімұлының «Майраның әні», Әлібек Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» т.б. өмір, әдебиет, мәдениет тарихы, ақын-жазушы, өнер адамдары туралы ой толғайтын мемуарлық сарындағы көркем шығармалары баршылық. Бұл кітаптар авторлары өздерін тек жақсы жағынан көрсетуді ғана мақсат етпей, қате басқан, адасқан тұстарына өмір өте келе баға беру, қиындыққа түскен кездеріндегі көңіл-күй, қиындықты жеңген сәттерін де бейнелеуімен құнды.
Мемуар (гр. Bios - өмір, grapho - жазамын) - жеке тұлғаның өмірі мен атқарған жұмыстарының жылнамасы. Әдебиеттану ғылымында жазушының өмір жолын зерттеу. Бұл зерттеушілік жұмыс үшін өте қажетті, өйткені суреткердің өмірлік тәжірибесінің әлеуметтік тұрмыстық жай-күйі, толғаныстары көркем шығармашылықта көрініс береді. Көркем образдардың прототиптерін білуге, шығармашылық процесте жеке өмірлік материалдардың қорытылу жайын түсінуге, суреткердің лабораториялық құпиясын ашуға көмектеседі. Сондай-ақ, күнделіктер, хаттар, замандастарының естеліктері және суреткердің өзі жазып қалдырған әр түрлі деректер мемуар жазуға негіз болады. Биографияның бір түрі – автобиография, яғни, автордың өзі жазып қалдырған ғұмырнамасы. Мемуар – көркем ғұмырнама, ғылыми мемуар, академиялық мемуар, т.б. түрлерге бөлінеді. Мемуар жазу дәстүрі көне дәуірден басталады (мысалы, Плутахтың «Салыстырмалы өмірі»). Әлемдік әдебиетте мемуар жазудың шеберлері қатарында Дж.Вазары, Дж.Фостер, С.Цвейг, Р.Роллан, т.б. аталады. Көне түркі ескерткіштері де (7 г.) мемуар үлгісімен жазылған. Мұның өзі қазақ әдебиетіндегі мемуар жанрының тарихы ертеден басталатынын аңғартады. М.Дулатовтың XX ғасырдың басындағы мемуарлық мақалалары, М.Әуезовтің Абай, Қ.Жұбановтың Құрманғазы өмірі мен шығармашылығы туралы жазған кітаптары қазақ әдебиетіндегі мемуар жанрының кемелденуіне ықпал етті. Кеңестер Одағында «Тамаша адамдар өмірі» мемуарлық сериясы танымал болған. XX ғасырдың соңында Д.Қонаев, X.Ерғалиев, М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, т.б. тұлғалардың мемуарлық шығармалары жарияланған.
Ішкі жанрлық жүйеде «мемуарлық» шығарма деп, көбіне белгілі бір қоғамда өмір сүрген даңқты адамдардың өмірінен жазылған деректі туындылар аталады. Айталық, кешегі кеңес өкіметі кезеңінде дүние – ғаламның даңқты тұлғалары өмірінен жазылатын «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша 1933 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көріп келе жатқан деректі кітаптар сериясын ғалымдар осыған жатқызады. Бұл – мейлінше кең, тынысты серия. Сонымен қатар осы сериямен сабақтас «Жизнь в искусстве» (1967 жылдан жарық көреді) сериясы да болып саналады. Кезінде Москвадан «Л.М.» (әдеби мемуарлар) сериясы бойынша қызықты мемуарлық кітаптар жарық көрді. Бір дүркін жарияланған ол мемуарлық дүниелер екінші мәрте жарық көріп, тұтас кітапханаға айналды. Бұл – орыс әдебиетіндегі бір тағлымды дүние! Өзге ешбір елде мемуар тап осындай арнайы кітапханаға айналып жарық көрген емес. Дегенде ел болған соң, олардың өзге қайраткерлері сияқты, қалам қайраткерлері түрлі мемуарлық шығармаларға ден қоюы заңды [5]. Ол – бірыңғай өнер адамдары өмірін арқау ететін деректі туындылар жүйесі. «Жизнь замечательных людей» сериясын «Өнегелі өмір», «Тамаша адамдардың өмірі» деп тәржімалап жүрміз. Аталған серия бойынша Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан қазақтың айтулы азаматтарына байланысты (Шоқан, Сәкен, Қаныш т.б.) деректі мемуарлық туындылар жарық көргені мәлім. Өзге жанрлардан мұның ерекшелігі – қоғамда даңққа бөленіп өткен тұлға жайында дербес автор (өзге адам) жазады. И.Стрелкова – Шоқан Уәлихановтың, Тұрсынбек Кәкішұлы – Сәкен Сейфуллиннің, Медеу Сәрсекеев – Қаныш Сәтбаевтың өмірі туралы жазды. Біз бұл орайда «Бүкілодақтық» өреде жарық көрген туындыларды ғана айтып отырмыз. Қазақ әдебиетінде мемуарлық прозаның небір асыл үлгілері бар.
Сонымен қатар мемуарлық шығармалардың тағы бір жүйесі – «автобиографиялық» туындылар. Әдебиет тарихында небір тамаша автобиографиялық роман, повесть, әңгімелер жазылған. Бұл жүйедегі шығармалардың авторы кейіпкері атының өзі-ақ айтып тұрғандай – өмірі сипатталатын адамның өзі. Автобиографиялық туындылардың бір ерекшелігі – автор мен кейіпкер бір болып келеді. Автор көбіне өз өмір дерегінен ауытқымай, формасын тауып сөйлейді. Алайда, қоғам өмірін жан-жақты қамтып, эпикалық тыныс алып, кең құлашты суреттеуге бара бермейді. Көбіне-көп шығармалардағы уақыт және кеңістік туралы толғамдарды өмірінен өріп шығады. Автобиографиялық шығармалар көп желілі болмай, көбіне бір-екі тармақты ғана болып өрістейді. Мәселен, Дат жазушысы Андерсен Нексенің «Автобиографиялық повестері», Ғабит Мүсіреповтің өз өмірінен жазған шағын формалы туындысын «Автобиографиялық әңгімесі» деп атағаны әдебиет тарихынан белгілі.
Мемуар жанрында роман, повесть жазыла береді. Мемуарлық туындылардың бұл жүйесі авторға мейлінше еркіндік береді. С.Айнис, Андрей Белый, Александр Бенуа, Сәбит Мұқанов мемуарлық шығармаларын деп атауға болады. Онда қоғам өмірі басты кейіпкер өмірімен телқабыс алынып, оның қабатында көп желі жарыса қатар тартылып, егізделе суреттеліп кете барады. Кейіпкер табиғаты да эпикалық тыныспен беріліп, характері жан-жақты ашыла береді
Біз мемуарлық проза дегенде, осының автобиографиялық жүйесіне ден қоямыз. Біз талдайтын шығармалар автобиографиялық сипатта.
Әдеби – көркемдік бастауы тым тереңде болған ұлттық мемуарлық шығармалар уақытпен, дәуірмен бірге алға жылжып, дамып келеді. Жалпы атауы мемуарлық деп алынған туындылар іштей көркемділік – мазмұндық үйлесімі мен формалық баяндауына, жүйелеуіне қарай бірнеше түрге бөліп қауға да болар еді. Мәселен, Ұлы адамдар, ғалымдар, қайраткерлер, жазушылар ғұмырын негіз еткен шығармаларды тек мемуар жанрына жатқыза салу әсте ұтымды емес. Қазақтың ұлттық тарихы мен әдебиетінен өз орнын алған әл-Фараби, А.Құнанбаев, М.Өтемісұлы, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов т.б. даңқты жандардың өмір тарихынан жазылған дүниелердің негізгі концепциясы жарқын ғұмырдың жаратылысын ашу болғанмен авторлық танымға да мол мүмкіндік беріледі. Бейнелеу ерекшелігіне қарай бұл шығармаларға негізгі фабула өмірлік жол болса да, барлығын ғұмырнамалық жанрға жатқызуға әсте келе бермейді. Бұларды тарихи тұлға өмірінен жазылған көркем туындылар деп қараған жөн. Қазақ мемуарлық шығармаларының кемеліне келгеніне қарамастан, жанрлық жағынан әлі де ара жігін ажырататын мәселелер аз емес.
Мемуарлық – көркем проза кейіпкердің өмірнамасын бейнелеумен ерекшеленеді. Бұрынғы кеңестік және қазіргі ұлттық әдебиеттегі эстетикалық талдау осыны дәлелдейді.
Бүгінгі қазақ мемуаристикасының қалыптасу жайы бүкіл әлем әдебиетінің озығынан, орыс әдебиетінен оқу арқылы жетіле түскен. Ол ұлттық әдебиетіміздегі мемуарлық дәстүрлердің негізгі жолын ескере отырып, күрделене жаңарған, жаңа мазмұнмен түлеп, мәселен деп бағытта түрлене көркейген жанр. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері назар аудартады. Ескерткіш бойынан биография мен естелік элементтерінің ұшқындарын табамыз. Бұл бүгінгі мемуаристикамыздың, оның ішінде мемуарлық форманың ұлттық саласы сонау көнеден екенін еске алғызады. Алғашқы мемуар ұшқындарының туу себептері ескерткіш авторларының соңына белгі қалдыру ғана мақсатынан емес сияқты. Тоныкөктің «Түрік білгіш қағанының еліне осы ескерткішті бағыштаған, Мен» – деуінде халыққа тәрбиесін мирас етпегі де, үлгі етіп ұрандауы да жоқ еместей. Мүмкін мұндай ескерткіш қалдыру сол кездің дәстүрі үшін аса маңызды болған тәрізді. Орхон-Енисей жазбалары сияқты ескерткіштердегі өмірбаян элементтері сол болған адамның өзі туралы айтқандарына жүйеленеді.
Мемуарға енген материалдардан тек естелік қасиет қана байқалуы тиіс деп ойлау бір жақтылық болар еді. Олай болатыны – адам өмірінің ескерткішінен табылар жазбалардың көбінің мемуар – ескерткіштенуі жиі ұшырайды. Мәселен, Л.Н.Толстойдың Ясная поляналық күнделігі күн аттарымен белгіленер күнделіктен гөрі, жазушының өткенді жазып қалдыра берген жалпы әңгіме жазбалары сипаттас. Бұны Л.Н.Толстой «...Менің жазбаларым менің оңаша ауылдық өмірімде болып жатқан оқиғаларымның күнделік дәптері іспеттес», – деп атады.
Әзілхан Нұршайықовтың өмірбаяндық романы «Өткелдер», «Асулар» деген 2 кітаптан тұрады. Автор аталған романды Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығына арнап жазады және осы естеліктің дүниеге келуіне қайта құру заманының шарапаты себеп болғанын да жасырмайды.
Ә.Нұршайықов өмірбаяндық романға «Өнер» баспасының директоры Сұлтан Оразалиновтың қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беру жайындағы өтініш хатын оқығаннан кейін кіріскенін атап өтеді. Ғабит жайында не білетінін сарапқа салады. Өз өмірінде, өз жүрегінде ұлы жазушының қандай із қалдырғандығын саралайды. Өзіне жолдаған оның хаттарын құрастырады, бірге түскен суретіне үңіледі. Ол туралы өз дәптеріне жазған жазуларына көз жүгіртеді. Осы романды қалай бастағандығын баяндайды:
«... бірден бастай алмадым. Бір күнім босқа кетті. Өйткені естелікке ең алдымен лайықты тақырып тауып алу керек. Айтатын ойыңның бәрі сол тақырыптан тарап, содан өрбуі қажет. Ал мен үстелге отырғанда бірнеше тақырып кемеліп келіп, қаламымның ұшына ілінді. Олар: «Асқар таудың аясы», «Ұлттық мақтаныш», «Ана тілінің асқары», «Парасат нұры», «Ұлы ұстаз», «Маңғаз аға» және «Майталман шебер». Осының қайсысына жіп тағарымды білмей қиналдым. Бұлардан да оңтайлы тақырып табамын ба деп және дәмелендім. Тіпті болмаған соң, тақырыбын кейін қоярмын деп, орнын ашып тастадым да, бұл естелікті бастауға бел будым».
Көркем шығарманың табиғатына әсер ететін негізгі факторлар саясат, қоғам, идеология, тарихи жағдайлар өзгергенде, көркем туындылардың келбеті де өзгеріске түсетіні белгілі. Әсіресе, мұндай факторлық әсердің ерекше күштілігін Кеңес өкіметі орнап, Коммунистік партия билеген кешегі социалистік қоғамдағы әдебиеттерден көреміз. Мұнда тұтас дәуірге татитын ұлы өзгерістердің қалай орнағанын, қалыптасып өркендеуін, нәтижесінің мәнін ашып көрсететін шығармалар жазылған.
Егер сол кездегі «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Орындалған арман», «Көз көргенде» негізгі кейіпкерлер автордың өзі болса, «Аспандағы айқас», «Халқым үшін» т.б. автор өзге тұлғалар ғұмырын бейнелейді. Мұның өзі соңғы мемуар кейіпкерлерінің жалпы ерекшелігін белгілейтін де фактор. Осыдан автобиографияның мазмұнына материал беруші де, дәуір идеологиясын ғұмырнаманы өзгеріске келтіруші екені байқалмайды. Олай болса мемуар сипаттауына да азды-көпті болсын өзгертудің еніп отыруы (кейіпкерлері, объект нысанасы, адам психикасы, адам санасы т.т.) мүмкін жайлар.
Қазіргі қазақ әдебиетінде көркем мемуарлық романдар («Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Көз көрген», «Орындалған арман», «Ұстаздың оралуы», «Қыран қазасы қияда» т.б.), повестік («Ұшқан ұя»), очерктік («Халқым үшін», «Аспандағы айқас»), әңгімелік («Менің өмірбаяным»), новеллалық («Офицер күнделігі», «Мәңгілік өмір», «Айналайын»), поэзиялық туындылар («Менің өмірім», «Алғашқы адым», «Жолда») т.б. мемуаристиканың қазақ әдебиетінде орныққан түрі. Көлемі және түрі жағынан қазақ мемуарлық шығармаларының мазмұндық ауқымы да, тақырыбы да алуан. Зерттеу объектісіне келу де, мемуарлық мотивтің берілуі де әр түрлі. Мәселен «Өмір мектебі» желісі мемуарға құрылған. Мұндағы естелік суреттеулер – мемуарды ашу ретіндегі тәсілдер. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу» қоғам өмірінің cан түрлі тартыстарын суреттеу жағдайында басталып, мемуарлық жайды ішкі мазмұнына қарай орайластырады. Кей шығармаларда мемуарлық шығарма соңына дейін бұлтарыссыз, өзге тәсілсіз бір қалыппен қозғалады.
– Балалық шақтан баяндай келетін шығармалар автобиографиялық – мемуарлық болады. Ал «ғұмырнамалық детальдары аз және кейіпкер өмірдің есейген сәтінің бір мезеттік сәттерін (мейлі көп жылдар болса да) үзік-үзік оқиғаларын қамтитын мемуарлар-мемуар естеліктер» боп қарастырылуы жөн.
Мемуар түрінің осындай ғұмырнамалық түрлері жиі кездеседі. Ал, балалық шағы баяндалғаннан бастап, соңғы белестерді жазушының ұсынуы – еркіндегі іс. Мәселен, С.Мұқановтың өмірінің есею жылдарын ұсынуы – мемуарды тіпті қысқа мерзімге дейін жазуға болатынын көрсетеді. Бірақ, С.Мұқанов мемуарлық шығармасын одан әрі созбады. Мұндай жағдай Л.Н.Толстойда да болған. Ол жөнінде Л.Д.Опульская былай дейді: «Кейіннен «Есею жылдары» тұралы толғана отырып, Толстой өзі қолданған «автографияның сарынына көңлі толмайтындығын байқап, ойға алған романын жалғастырмауға ниет етеді»
Әдебиетші Наталья Банк «Нить времени» еңбегінде «Күнделікке» байланысты әдебиеттерді мынадай жүйеде:
1) Көркем әдебиетке қатысы жоқ, таза күнделіктер,
2) Күнделіктерден өсіп шыққан көркем, көркем-деректі әдебиет,
3) Күнделіктің әлем әдебиетіне ықпалын қарастырады. Бұл да қызықты бір сәт. Өйткені, күнделік те ғұмырнамалық әдебиеттің ішкі жанрына жатады. Ол – таза күнделіктің мемуар жанрына кіруі. Өз күнделігі, өзгенің күнделігі.
«Словарь литературоведческих терминов» кітабында жалпы мемуар құрамында құрастырылғандықтан да болса керек, түрлі мемуар жазбалары дараланып жатпайды, сондықтан, күнделіктер кесек-кесек қалпында алынады.
Естелікті үш бөлімге (естелік, биографиялық естелік, жол жазба естеліктері) бөлу де нақтылы емес. Бұлай қарау жалпының қарарына соның құрамындағыны да теңгермелеу болмақшы.
С.Моминскийдің «Мемуарлық – автобиографиялық жанр туралы» ойында мемуарлық – автобиографиялық жанрының түбегейлі қасиеттері мен туу заңдылықтары өте терең жататынын, мемуар құрамы біршама келісімді болатынын «Мемуарларда, әдетте бірнеше жанр түрлері араласып келіп отырады: естеліктер, жазбалар, күнделіктер, өмірбаяндық» [10, 26], – дегендей жүйеде келтірген. Бұл топшалауды әзірге салыстырмалы дұрыстық деп қарауға болады. Түрлі мемуарлық хат – жазба деректерді, көрген – түйгенін, жол суретін тез сәулелендіріп тастайтын ескерткішті жазбалар, ғылыми және естелік іспетті мақалалар, еңбектер т.б. мемуарлық әдебиеттен тыс қарайтын мәселелер емес.
Мемуарлық шығарма қандай жағдайда туады? Ол көбіне қоғамда дүрбелең уақыт өтіп, соның соңынан уақыт-жағдайды таразылаудан келіп туады. Өзін «Ұлы трагикпін» дейтін А.Григорьевтің «Естелік» жазбаларын «Әдеби жәдігерліктер» (Литературные памятники) сериясы бойынша басылымға дайындаған профессор Б.Ф.Егоров былай деп жазады: «Көрініп тұрғандай, уақыттың өзі мемуар жазатындай кез емес болатын: әдетте, естеліктер, құжаттар, хаттар жинағын жасау мен оқуға деген жалпы құлшыныс әлдебір дәуірдің саябырсыған кезінде, біршама тұрақты жағдайда туындайды. Ресейде мұндай: дәуір аздап ертерек, Николай режимінің кұлдыраған және 1 Николайдың өлімінен кейінгі алғашқы жылдарына дөп келген еді. Яғни 50-жылдардың орталары болатын: бұл кезде әдебиет оқырмандарға Герценның «Өткендер мен ойларының» негізгі бөлігін және С.Т.Аксаковтың «Отбасы хроникасын», сондай-ақ балалық шақ пен албырт шақ туралы көптеген автобиографиялық повестерді берді. Алайда, Григорьевтің мемуарлары құрылып жатқан 1862-1864 жылдарға қорытынды жасау мен сабыр мен талдау жүргізуін жайлы уақыт емес болатын: басыбайлы шаруалар жойыла бастаған, елдегі революциялық ахуал зұлымдықпен басып – жаншылған, поляк көтерілісі бой алған және онан талқандалған, әлеуметтік-саяси салада қарқынды журналдық күрес, экономикалық, философиялық, әдеби шиеленіс орын алған кез еді. Әр күні күтпеген кездейсоқ оқиғалар тізбегінен, естелікке мұрша жоқ еді».
Қазақ прозасының әдебиетімізде айшықты із қалдырып келе жатқан елеулі саласының – бірі мемуарлық романдар. Бірақ олар бүгінгі таңға дейін қазақ әдебиеттану ғылымында жанр табиғатын ашу талаптарына сай зерттеу нысаны болмаған, көбінесе нағыз көркем романдармен бір контексте талданып отырған немесе иллюстрациялық материал дәрежесінде ғана қарастырылып келген. Мемуарлық романның өмірлік және эстетикалық фактілердің рөлі жайлы зерттеушілеріміз айта қойған жоқ десе де болғандай.
Қазіргі қазақ прозасында табиғаты жағынан алып қарағанда таза мемуарлық шығармалар мен мемуарға жақын болып келетін естелік туындылар арнайы зерттеуді, мазмұндық, идеалық-көркемдік тұрғыдан ара жігін ажырата отырып сипаттауды қажет етеді. Мемуарлық романның жанрлық табиғаты жөнінде орыс ғалымдары ортақ пікірге келіп, тиянақты тұжырым жасап қойды деп айтуға әлі ерте. И.Шайтанов мемуар жанрының айқын шекарасы жоқ, жалпы көркемдік құрылымы солқылдақтау болып келетін шебер қаламгердің көркемдік өрнектері ме немесе куәгердің екіұштылығы ма, қайсысы басымдау болып келетіні белгісіз жанр деген ой айтады. Осы жағынан келгенде, қазақ өмірбаяндық туындылары да іріктеп қарастыруды қажет етеді.
Мемуарлық шығармалардың өмірге келу себептері жайлы осы жанрдың білікті зерттеушісі Л.Я.Гаранин былай дейді: «Функция мемуарного произведения как правило, связаны с какой‑либо конкретной или во всяком случае с вполне осязаемой целью: желанием человека оставить о себе память, передать накопленный опыт потомкам, по новому оценить прошлое и т.д. И это определяет природу и характер воссоздаваемых в мемуарной литературе образов».
Мемуарлық шығарманың жанрлық табиғатын түсініп, кейбір ерекшелігін айқындап алу үшін бір ғана С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық туындысы жеткілікті. С.Сейфуллин мұнда 1916 жылғы халықтық қозғалыс пен азамат соғысының қиын күндерін нақтылы тарихи фактілерге сүйене отырып суреттеген де, күрес үстіндегі революционерлердің қайтпас қажырлылықтарын зор оқиғаның ауқымынан алып көрсеткен. Анталаған ақ гвардейцтер мен іштен шалмақ болған ұлтшыл-байшылдардың революция табыстарын жоқ етпек болып, жанталасқан әрекеттерін жазушы өз көзімен көріп, өзі атқарған істерге байланыстыра баяндаған. Сондықтан да әлсін-әлсін үзіліп қалып отыратын романның сюжеттік арқауыда көп жағдайда байқала бермейді. Көбіне жеке эпизодтарға тән аралық құбылыстар ретінде көзге түседі. Осы жақтарынан алғанда бұл шығарма қазақ совет әдебиетіндегі мемуарлық романның алғашқы үлгісі болып табылады. Оның құрамында тарихтылық та, оқулықтық та, көркем шығармашылық та қасиет бар. «Тар жол, тайғақ кешу» жазушының іздену, үйрену үстіндегі өзі көріп білген өмір шындығының шежіресі. Осы шығарма төңірегінде С.Мұқанов «Түр жағынан бұл мемуарлық (естелік) шығармалардың тобына қосылады» - деп санайды. Ал Ғ.Мүсірепов «Бұл осы күнге дейін маңызын жоғалтпаған, келешекте де үлкен орны бар еңбек. Рас, бұл бір жағы көркем әдебиетке, бір жағынан публицистикаға жатады. Рас, бұл басынан аяғына дейін сұрыпталып шыққан біріккен де нәрсе емес. Әйткенмен, бұл Қазақстан топырағында, Одақ пролетариаты етегінде жүріп Октябрь төңкерісін орнатуға Қазақстан еңбекшілерінің қалай күрескендігін толық көрсете алатын еңбек... Әрине, бұл еңбектің мазмұнында да, көркемдігінде де сынайтын нәрселер бар. Әйткенмен, Октябрьдің Қазақстан жеріндегі сипатын бұл кітаптан толық көретінімізге оның өте қомақты, ірі еңбек екеніне ешкім таласа алмайды». Басқа сипаттармен бірге Ғ.Мүсірепов мемуар мазмұнындағы күрескерлік рухқа жете мән береді.
Жалпы мемуарлық туындыда автор өзі – алдыңғы қатарда жүретін бас кейіпкер. «Ол қалай көрінеді?» деген мәселе де қызықты. Мысалы үшін С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» автордың бас кейіпкер ретіндегі сипатына назар аударсақ. Ол әңгімені өз атынан айтып келе жатып, сол сәттегі көтеріліп отырған тақырыбан орай оқырман алдына дерекнамалық дүниелерді жайып салады және ең бастысы осы арада автор ретінде өзін ол жерге қатыстырмайды. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романындағы өмір шындығы жастайынан әке мен шешеден жетім қалып, балалық шағын ауыл арасында, ағайын ішінде өткізген ақынның өз өмірімен тікелей байланыста көрінеді. Жазушы бұл кітапта қазақ ауылының революция алдындағы өмірін кең қамтиды да, жоқшылық пен мұқтаждық жайлаған елдің ауыр халін тебірене суреттейді. Мұны бірде Сәбиттің өзі көріп, өз басынан кешірген әрқилы ауыртпалықтар арқылы сезінсең, енді бірде мұқтаждықтың ауыр салмағы түскен ауыл кедейлерінің тұрмыс-тіршілігінен аңғарасың. Бұл салада жазушы суреттеудің мемуарлық романдарға тән әдіс-тәсіліне сүйеніп, өзінің өмір өткелдерін шығарманың сюжетіне арқау етіп, әлеуметтік ірі оқиғаларды сөз еткен. Мұнда да жер дауы, жесір дауы, ағартушылық проблемалары көтеріліп, өз кезінің уақыт тынысына сәйкес көркемдік шешімін тауып отырады. Айтылып отырған мәселенің беруілуі тақырыпқа қатысты жай бір зерттеу еңбек сияқты болып көрінеді. Мұндай шығармашылық тәсілдің мемуарға бірнеше беттерге созылып кететін тұстары бар. Алайда оның туындының көркемдік болмысына ешқандай да нұқсан келтірмейтіндігін атап айту керек .
Автордың өзінің мейлінше көп көрінуі, қаһарман ретінде алдыңғы қатарға шығуы ең айқын байқалатын шығарма ол – С.Мұқановтың «Өмір мектебі. Онда автор басымырақ баяндайтын әңгімелері, негізінен өз басынан өткен жайлар. Оқиғалар арасында қыстырылып кететін көлденең сюжеттер мен шиеленістердің ішінде де автор бейнесі әр тұстан қылаң беріп отырады. Өз басына тікелей қатысы жоқ жағдаяттарға да ішінара ойын сыналай айтып, өз көзқарасын білдіруден тартына қоймайтыны бар. Ондайда автордың тікелей оқырманмен сөйлесіп кетуін көркемдік тәслдің бір түрі деп қабылдаған абзал.
«Мен» деп айқайлатын тақырып қойғанымен, М.Мағауиннің эссе сипатында жазылған монологтық мемуарлық романында да автордың кейіпкер ретінде көрініп отыруы біркелкі емес. Кей тұста ол өзі жайлы әңгімені тоқтата тұрып, тартылып келе жатқан ой жүйесінің ыңғайына қарай шығармашылық немесе ғылыми мәселелерді сөз етіп кетеді.Ішінара өзінің жеке пікірін білдіріп отырғанымен, негізінен көтеріліп отырған тақырыпты талдауға бейім. Талданып отырған осы ждайлардан мемуарлық романдағы автордың өз шығармасына кейіпкер ретіндегі қатысу деңгейі және жеке тұлғасының көркемдікпен ашылуы бірқалыпты емес екенін айқын аңғаруға болады. Бұның өзі шығармашылық әр алуандылықты көрсететіні сөзсіз.
Өзінің композициялық құрылымынымен назар аудартатын шығарманың бірі – Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» мемуарлық романы. Пішіндік тұрғыдан алып қарағанда ол жекелеген әрқилы әңгімелерден құралады. Ол әңгімелерінің саны – жиырма бес. Әр әңгіме – оқиғасының басталуы, дамуы, шарықтау шегі және шешімі бар, сюжеттік жағынан аяқталып біткен жеке шығарма. Бірақ солардың әр қайсысы сол қалпымен шектеліп қалмай, романның ортақ фабуласына, идеялық бағытына қызмет етеді. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Х.Әдібаев өз ойын: автор оқиға ашылуына ере бермей, әр новелланың өз шеңберінде тиянақты көркемдік шешімін тапқан. Жеке адамдардың тағдырына үңіле отырып, белгілі дәрежеде халық күйін шерткен. Аумалы – төкпелі дәуірдің шындығын көреміз.
Ә.Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» мемуарлық туындысының негізгі композициялық діңгегі автордың өзі әңгімелейтін естеліктер болса, олардың берілу формаларының өзі біркелкі емес. Автордың біріңғай баяндаудан көрі формалық түрлендіруге басымырақ мән бергені көрініп тұр. Айтылып отырған әңгімені растап, бекіте түсу үшін түрлі құжаттарды, баспасөз беттеріне жарияланғандарды кіргізіп отыру - мемуар жанрына тән шығармашылық дәстүр. Бірақ бұлжымастай көрінетін міндетті үрдіс емес.
Қорыта келгенде, мемуарлық шығарма дегеніміз – бір жағынан тарихи оқиғаларды, деректерді, фактілер мен құбылыстарды кейінгі буынға қаз-қалпында жеткізу болса, екінші жағынан, болған шындықтың біршама көкемделген, эстетикалық тұрғыдан икемделген түрі.
Мемуарлық шығарма халық тарихын мүмкіндігінше өмір шындығында бейнелеуге бейім, оқырманды өзіне тарта түсетін қолайлы жанрдың бірі екендігі айқындалды. Оның тарихи шындық пен көркемдік шындықты ұштастыра отырып, өзіне бейнелейтін кезеңнің кескін-келбетін жан-жақты ашуда атқаратын рөлі зор. Осы тұрғыдан алғанда бұл жанрда жазылған шығармаларды зерттеп саралау, жүйеге түсіріп, белгілі бір қортындылар жасау өмір қажеттілігінен туындап жатқаны сөзсіз.
Ә.Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» мемуарлық романының негізгі композициялық діңгегі автордың өзі әңгімелейтін естеліктер болса, олардың берілу формаларының өзі біркелкі емес. Автордың бірыңғай баяндаудан гөрі формалық түрлендіруге басымырақ мән бергені көрініп тұр. Айтылып отырған әңгімені растап, бекіте түсу үшін түрлі құжаттарды, баспасөз беттеріне жариялағандарды сыналап кіргізіп отыру – мемуар жанрына тән шығармашылық дәстүр. Бірақ бұлжымастай көрінетін міндетті үрдіс емес. Мұндай құжаттарды көлденең тартпай-ақ жазылған мемуарлық шығармалар қазақ әдебиетінде де кездеседі. Автор алдыңғы айтылған шығармашылық дәстүрді пайдалануға көбірек ден қойған деуге болады.
Бұл дилогияның анықтамасына «естелік-мемуар» деген атау өзінен-өзі сұранып тұр, шығарма табиғатына байланысты солай деп жіктегеніміз қолайлы деп ойлаймыз. Туындының жазылу формасындағы өзгешеліктің қандай көркемдік-идеялық мәні бар деген сұрақққа келетін болсақ, осы соны форма арқылы автордың ең алдымен оқырманды өзіне тарту жағына күш салғаны байқалады. Белгілі бір тұлға жайында (айталық, бұл арада Ғабит Мүсірепов) әнгімелей отырып, жазушы көбінесе сюжеттік желілерді өз төңірегіне қарай құрады, одан қалса, қойын дәптеріне жазып алған әртүрлі әңгімелерді тізбелеп, жайып салудан да тартына қоймайды.
Ә.Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық романындағы шығармашылық маңызды факторлардың бірі – автордың жазушылық лабораториясының ашылуы. Ұсынылып отырған кітаптың қалай өмірге келгенін әңгімелеп берумен шектеліп қалмай, айтып келе жатқан әңгімесін шығарманың кез келген тұсынан автор өзінің жазушылық лабораториясына қарай икемдеп бұрып алуға бейім. Мұндай үрдіс екі кітаптың да өн бойынан анық бой көрсетіп, атойлап отырады. Әсіресе өзінің күнделік сипатындағы жазбаларына оралып соға береді.
«Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романының авторы Ә.Нұршайықов өзінің шығармашылық өмірінің жарқын жақтарынан гөрі көлеңкелі тұстарын, ағалары мен әріптестерінен көрген қорлықтары мен қиянаттарын басымырақ суреттеп кеткен. Және осы бағытта айтылатын әңгімелердің оқылуы қызық, автор тарапынан жасалатын тұжырымдар да субъективизм нышандары байқалғанымен, оқырманға ой салып, пікір түйетіндей деңгейде.
Өткен оқиғаларды дәлдікпен тірілте білуде мұндай жазбалардың атқаратын міндеті ерекше болатындығы көрінеді. Қазақ жазушыларының ішінен қойын кітапшаларының жәрдемі жайлы көбірек айтатындар – Ә.Нұршайықов пен М.Мағауин. Көп жылдар журналист болып қызмет атқарған Ә.Нұршайықовтың мұндай кітапшаларының саны үш жүзден асып жығылады екен. Олардың басым бөлігінің тікелей әдебиетке қатысы жоқ журналистік қолжазбалар болса, М.Мағауинның «Алтын дәптері» – тек қана әдебиет пен әдебиеттану ғылымының мәселелеріне арналған таза шығармашылық жоспарлар.
Тәуелсіздік жылдарында жазылған ғұмырнамалық романдардың пішіндік, стильдік бағыттарында жаңа ізденістер байқалатынын, тілдік қолданыстары түрленіп, қаламгерлердің суреттеу бейнелілігін арттыруға деген ұмтылысын атап өткен жөн.
Екі кітапта да жазушының бүкіл саналы ғұмырындағы негізгі кезеңдер, маңызды оқиғалар мен елеулі эпизодтар мұрнынан жіпке тізілгендей тәптіштей суреттеліп отырады. Шығарманың сюжетті тым жалықтырып бара жатқан сәттерде оқырманды шаршатпай жүрдек баяндауларға да молынан орын берілген.
Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романының мазмұндық құрылымында мемуарлық романдардың әр ұлт әдебиетінде кең тараған стандартты үлгісіне жатқызуға болатын көркемдік-құрылымдық негіздер жеткілікті деп санауға дәйектер бар. Белгілі бір көзқарастар тұрғысынан алып қарағанда, шаблонға айналған формада жазылған шығарманың оқырманды қызықтыратын жағы, сөз жоқ, оның мазмұны, келтірген деректері мен фактілері, ұсынатын идеяларының ауқымдылығы мен тілдік қолданысы. Көркемдіктің осынау манызды компоненттерін жазушының дұрыс қолдана білуі нәтижесінде туындының эстетикалық шоқтығын едәуір биікке көтере алған деп айтуға болады.
Тәуелсіздік жылдары жазылған қазақ ғұмырнамалық романдарының тілдік түзілімі, жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, бұрыңғы жеткен биіктерінен аласара қоймағандығын, жаңа шығармаларда көркемдік ізденістер үрдісі одан әрі қарай дами түсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Мемуарлық роман жазуға дайындық жұмыстарын жүргізудің жауапты бір қыры автордың өмірлік материалдар мен фактілерді шығармасына дұрыс іріктеп ала білуіне байланысты. Адамның өмір жолында көрген, білген,естіген оқиғаларының барлығы мемуар жанрына енгізуге жарайды деп түсіну жаңсақтық. Басқа адамдар үшін елеулі маңызы жоқ, тек автордың жеке өмірінде ғана орын алған тым ұсақ нәрселер мен тұрмыстық детальдарды тықпалай беру көркемдік талаптар тұрғысынан мемуарды ұрпаққа шығара қоймайды. Бұдан шығатын қорытынды – автор өзін қоршаған қоғамдық ортамен, оқырманның рухани сұранысымен санасы білуі шарт.
«Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық басылымның 9-томында айтылған: «Халық басынан кешкен тарихты бейнелеп берудің әдіс-тәсілдері мол. Соның ең өнімдісі, мүмкіндігі мол жылы мемуарлық мемуарлық туындылардан танылады», – деген тұжырым мемуарлық романдардағы дәуір келбетінің көрінуіне қатысты келтірілген ойлармен үндес.
Расында да, біз шығармаларын талдамаққа ниет етіп отырған
Ә.Нұршайықов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов Кеңестік кезеңде тіршілік кешкен, әдебиетке кеңестік кезеңде келген, бірсыпыра шығармаларын сол уақытта жазып, оқырманға кеңінен танылған қаламгерлер. Егер, Желтоқсан оқиғасы болмаса, СССР аталатын алып империя ыдырап, әрбір ұлт тәуелсіздігін алып, дербес жеке мемлекет болып бөлініп шықпаса, аталған жазушылар мемуарға ден қойып, аталған шығармаларын жазар ма еді, жоқ па? Мүмкін олар көркем прозалық ізденісін одан әрі тереңдетіп алуан-алуан табиғатты шығармалар жазған болар еді. Мемуар жазбауы мүмкін еді. Жаза қалғанда жасы бұдан да ұлғайып егде тартқанда жазар ма еді? Қалай болғанда да қазақ қоғамындағы бодандықтың аяқталып, тәуелсіздікке қадам басуымыз – аталған жазушылардың мемуар жанрына келуіне белгілі дәрежеде ықпал етті.
Ә.Нұршайықов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов Кеңестік кезеңде тіршілік кешкен, әдебиетке кеңестік кезеңде келген, бірсыпыра шығармаларын сол уақытта жазып, оқырманға кеңінен танылған қаламгерлер. Егер, Желтоқсан оқиғасы болмаса, СССР аталатын алып империя ыдырап, әрбір ұлт тәуелсіздігін алып, дербес жеке мемлекет болып бөлініп шықпаса, аталған жазушылар мемуарға ден қойып, аталған шығармаларын жазар ма еді, жоқ па? Мүмкін олар көркем прозалық ізденісін одан әрі тереңдетіп алуан-алуан табиғатты шығармалар жазған болар еді. Мемуар жазбауы мүмкін еді. Жаза қалғанда жасы бұдан да ұлғайып егде тартқанда жазар ма еді? Қалай болғанда да қазақ қоғамындағы бодандықтың аяқталып, тәуелсіздікке қадам басуымыз – аталған жазушылардың мемуар жанрына келуіне белгілі дәрежеде ықпал етті.
Мемуарлық шығарма формасы әрқилы болып келе береді. Ол да көркем әдебиет секілді жазушыны жаңа түр іздеуге итермелейді. Өмірбаян біреу болғанымен, оны жеткізудің сан-алуан жолдары бар. Мемуарға бастайтын ізденіс – жазушы өмірі мен оның қоғамдық құбылыстар, өзгерістермен бетпе-бет келуі. Алайда, жазушы бетпе-бет келіп отырған тақырыпты өмірлік материалға қарай екшейді, саралайды, содан келіп белгілі бір қалып (форма) пайда болады.
Мемуар құрамындағы автобиографиялық, естелік, күнделік, түрлі хат – мақала, жазба қағаздардың алуан формада келгенімен, қатып қалған бұлжымас үлгі межесі жоқ. Көбіне олар «таза» күйінде емес, аралас келеді. Автобиографиялық – ғұмырнамалық деп жүрген шығармалардың өзі де С.Мұқанов («Өмір мектебі»), С.Айни («Мектеп», «Бұхара»), Ұлық – Заде («Біздің заманымыздың таңы») шығармалардың ішіне естеліктің бірнеше түбірінің, күнделік, хат, жазба қағаздардың да түрлерінің кездесетінін көрсетуі, адам өзінің биографиялық тұтас өмірінен, берісі әр шақтық өмір кезінен мәліметтеуі де ұшырасады. Сондай-ақ түрлі хат-хабар, мақала, жазба қағаздарда да естелік пен биографияның елес берушілігі де жиі ұшырасатыны бар.
Кейде жолдастық хаттардың да мемуарлық түрде жазылғаны кездеседі. Мемуар ұғымы тек оның құрамымен, не болмаса көпке аян принциптерімен ғана шектелмейді, оның танылмағы сан түрлі.
Тарих мемуарда да көрінеді. «Өткендер мен ойлар», «Тар жол, тайғақ кешулердің» зор ерекшеліктерінің бір қыры – тарихтың әдебиетінен де белгіленіп тұр. А.Герценнің «Өткендер мен ойлардағы» өз өмірінен қоғам болмысының сәулесін сезінгісі келетіні барлығы да, В.Белинскийдің тарихи фактордан зәулім құрылыс тұрғызуға, оны қалаушы – әдебиетшіден керемет күтуінің өз де осылардың дәлеліне меңзейді. Тарихи материалдарды пайдаланып зерттегенде, мемуар сырт қарағанда тарихи романдарымен сәт-сапалас сияқты көрінгенімен, тіпті бөлекше келбетте. Рас, кейде тарихи шығармалардың мемуарға мейлінше таяуласа келетін мезеттері де болады.
Тарихи роман – повесте негізгі кейіпкер, не онымен қатысты адамдар дүниеде сол қалпында шын болып өтті дегеннің өзінде де, олардың басынан өткерген болмыстары да автордың көзімен көргені, сезінгені, аралас болғаны жүйесінде емес, жазушының тарихтан зерттегені, халықтан естігені, өмір құбылысынан, сонымен үндесер жайлардан қорыққаны тұрғысынан барып жазылады. Мұнда сол тарихи кейіпкердің өмір кешулерінің барлығы мемуарлардағыдай түгелденіп жазылмайды және тарихи романды жазушы тарихи кейіпкер образын толықтыра түсу мақсатындағы ізгілік үстінде кейде біршама образдарды, кейбір оқиғалар мен эпизодтары ойдан қиыстыруы да кездеседі.
Кейбір шығармаларды жазушы өзі білетін адамдардың өмірінен жаза тұрса да, тарихи негізгі кейіпкерлерден басқаның бәрінің аты – жөнін өзгертіп алатыны кездеседі. Мұндай шығармалар мемуарлық емес, тарихи роман – повестер дәрежесінде қалады. Тарихи романдардың мемуар шығармалардан тағы бір айырмасы – оларда, автор – кейіпкер боп жүрмейді, ол онда сырт сипатшы ғана.
Кейде романдағы суреттемелер һәм нәрсе түгелдей көз көрген шындықтан келтірмесе де, кітапқа өз атымен емес, автор қойған есімімен енген адамдар – шығарманың мемуарлығын бекерлеп тұрысары да болады. Мемуардың бір қасиеті – дәлдікпен өлшенетіндігінде.
Мемуарда көбіне күні бүгінге дейін жасап келе жатқан, не олардың өмір жайын жұрт білмейтін, я, тума – туысы, ұрпағы бар, болмаса автордың өзімен мағыналас та кейінгі жасты адамдар көрінері де болады. Осы адамдар жайлы авторға «Жаманның жамандығын айт, құты қашсын, жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, әділ де бұлжымас баға беруге тура келеді.
Қазіргі қазақ мемуарлық роман жанрының кемелденген шағында мемуарлық шығармалардың өзі іштей бірнеше формаға бөлінуі анық байқалады. Өзге жанрларда жазылатын көркем шығармалардан мемуар жанрында – шығарма жазудың өзіндік ерекшеліктері бар екеніне осы зерттеу – еңбегімізде толық көз жеткізу үшін, жанрға ең керекті деген мемуарлық шығармалардың арғы-бергі тарихына, бастау-бұлағына барынша тоқталуды жөн санап және осы ойды негізгі объектіге келу барысында ары қарай талдай түсуге тура келеді. Себебі дамыған, іштей бірнеше салаға бөліп қарауға тура келетін мемуарлық шығармалардың өзіндік тоқталар мәселелері де жоқ емес.
Қазақ әдебиеті тарихының ХХ ғасырдағы жазылған көркем шығармалары қатарына көз салар болсақ, өзіміз зерттеп отырған мемуарлық шығармалардың табиғатын тану үшін, мемуардың жанрлық ерекшелігі, түрлі формалық алуандығына баса назар аударуға тура келеді. Әлемдік әдебиет теориясында мемуардың жанрлық сипатын айқындайтын түрлі ғылыми пікірлер, ойлар, сын ескертпелер сан-салалы.
Кез-келген көркем шығарманың тылсым болмысын ашу үшін, сол шығарма жанрының даралық ерекшелігіне негізгі талдауды бағыттауға тиіспіз. Өйткені, жанр мәселесі толық анықталмайынша, белгілі бір шығарманың көркемдік құрылымы, идеясы мен тақырыбы жөнінде ұстамды пікір, салиқалы ой қозғау мүмкін еместей. Жанр дегеніміздің өзі кез-келген әдеби болсын, көркем өнердің қай саласынан болмасын, өнердің өзі әдеби болсын, көркем өнердің қалыптасқан типі. Ал соның ішінде әдебиетте жанр деп тектерді айтамыз. Ғалым М.Серғалиев жанрлық ерекшелікке былайша сипаттама береді, «Жанр ұғымын әдебиет зерттеушілерінің арасында әр түрлі түсіндірушілік бар. Кейде жанр деп әдебиет түрлері мен суреттеу тәсілдері сипатталады.
... әдебиет түрсіз өмір сүре алмайды. Әдебиет түрлері анағұрлым көп: эпос-роман, повесть, әңгіме, поэма, жыр, толғау, очерк, романс, элегия, пародия т.б. жіктеледі. Көп жағдайларда жанрларды бір-бірінен ажыратудың қиындығы да кездеседі», – дейді.
Бұл мәселе біз зерттегелі отырған шығармалардың жанрлық ерекшелігіне тоқталу барысында да анық аңғарылды.
80-90 жылдары жарық көрген қазақ прозасын зерттей келе, белгілі ғалым Р.Бердібай былай дейді: «Қазақ романының бұл күнде дамып, өркендегені соншама, оның жанрын анықтаудың қажеттілігі туып отыр».
Ғалым пікірінің орынды екенін қазіргі кезеңде жанрлық ерекшелігі жағынан бір текке жатқызғанымен, іштей мазмұны мен пішініне қарай ерекшелініп кететін формалық, түрлік өзгерістері өзекті болып табылатын шығармалардың мәселесін жеке алып қарауға тура келеді. Ол үшін жоғарыда айтылған мемуарлық шығармалардың жалпылама ерекшеліктері мен жекелік қасиеттерін жік-жікке тарата бөліп қараудың қажеттігі туындайды. Мемуарлық жанрдың табиғатына берілген теориялық анықтаманың бірінде «Мемуар – авторлардың өздері қатысқан немесе куә болған тарихи оқиғалар, қоғамдық қайраткерлердің өнегелі өмірлері туралы көркем естеліктер жазбалары», – деп айтылады.
Еңбегіме осы көзқарас тұрғысынан келер болсақ, ғұмырнамалық роман жанрының қазақ әдебиетіндегі екі түрлі ерекшелігін атап айтуға болады.
Шартты түрге бөліп қарағанда, олар былай болып келеді:
1) Автордың өзі қатысып, тікелей ғұмырынан жазылған қоғамдық, тарихи, саяси, әлеуметтік, мазмұн-пішіні, көркемдік деңгейі жоғары жазылған мемуар, яғни ғұмырнамалық романдар.
2) Өмірде болған, деректік, құжаттық, баспасөздік материалдар, қоғамға еңбек сіңірген қайраткер тұлғалардың ғұмырынан өзге авторлардың жеке тұлға туралы жазған ғұмырнамалық туындылары.
Ойымыз бен мақсатымыз айқын болуы үшін, қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың көркемдік тағылымы мен тарихи танымына тоқталып өтуге тура келеді. Бұл турасында С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, С.Көбеев, Т.Бигелдинов, Қ.Доспанова, Б.Момышұлы, Ғ.Мұстафин, Ж.Сайн, Ә.Жангелдиндердің мемуарлық-автобиографиялық шығармаларындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталып өтуге тура келеді.
Ж.Сайн автобиографияны іс-қағаздарынша бастайды. Алғашында бұйығы баяндалады. Ілгерілей тарихтанып кетеді, ақындық шабытпен есіп сөйлеп, шартарапты қамти отыратын жазушы биографияны өзінше безендіреді. Асылы, образ жасауға да әр жазушы өзінше барысады. С.Сейфуллинді ынтықтыратын көбіне ішкі мазмұн, ол бейненің де мазмұндық жағына көбірек назар аударады, оның публицистика мен философиялық ойларды басым қолдануының бір себебі де осы жақта. С.Мұқановта образдылыққа ден қою мол. Бейнелерге Горькийше келу ондағы табиғи іс. С.Көбеев әңгімесі бар жағынан да педагогикалық түйінді дәлелдеуге бейім. Б.Кенжебаев та кейіпкерін сөйлету арқылы ұсақ детальдардың өзінен түйін жасауы көзге түседі.
Ғұмырнамалық мәнді берудегі оқиғаға автор қатысы да сан түрлі. С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Т.Бигелдинов, Қ.Доспанова өздерін оқиғаға аралас қатыстыра отырып, мәселені өз түсінігі, сезінген-түйгені тұрғысында шешеді. Мұндағы автор – кейіпкер. Оның іс-қимылы да, ой дүниесі де қалтықсыз қасқиып келеді. Өзге мемуарларға қарағанда бір өзгешелігі бар Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романында автор өзінің орнына өзін беруші образды қоса отырып, онысын авторлық та, халықтық та сынға ұсынады. Бұл әдістің бір ерекшелігі сол, «Көз көргенде» жазушы өз идеясын беріп отырған Сарыбалаға кейісті білдіре алады. Бұл стильді автор өз өмірінде жіберген өкінішті қатесінің төрелігін айту мақсатында қолданған. Ал, «Тар жол, тайғақ кешу», «Өмір мектебі», «Аспандағы айқас» авторлары бұлай жасай алмайды, олар кейісе тек өзіне ғана тура айтады, не қатесін көз көре мойындай келеді.
Кез келген суреткер шығармашылығы туралы сөз болғанда оны суреткер дүниетанымынсыз қарастыру орынсыз болар еді. Өйткені «биік дүниетану тұрғысы жоқ жерде, шындықты терең, дұрыс тану мүмкін емес». Ал шындық терең, дұрыс танылмаса, шынайы шығарманың тумасы да анық.
Академик З.Қабдоловтың: «Бір жазушы, айталық адам мінезін қимыл-әрекет үстінде танытуға бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл-күйін, сезім-сырын, ой-арманын, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер», – деген жазушы шеберлігі туралы ойлары Бауыржан табиғатына дәл келеді.
«Елдегі осындай ахуал, биліктің жалған идеологиясы, орыстық үстем, нәсілшіл, шовинистік пиғылдың күннен күнге өршуі Бауыржанның суреткерлік ұстанымының қалыптасуына да қатты әсер етті. Ол қайткенде де қазақ ұлтын кеңестік идеологияның құрбандығын сақтап қалуға тырысты. Сондықтан, Бауыржанның «Ұшқан ұя» шығармасындағы бүкіл ұлттық болмыс мәселесіне, ұлт тағдырына қатысты салт-дәстүрлерді суреттеуі осындай ұстанымнан туған», – деді Уразбаев «Ұшқан ұя» шығармасындағы зерттеуінде.
Бұл айтылған зерделік ой, біздің пікірімізше, тек қана ғұмырнамалық повестке ғана емес және ерекше зер салатын тағы бір жағдай «тарихи мәтін» – ғұмырнамалық баяндауға негіз болуы үшін, ол сол туындыдағы тарихи тұлғаға және оның өміріне, дәуіріне, өмір сүрген кезеңіне тікелей қатысты болуы шарт, фактілік қызмет атқаруы керек. Сол себепті де бұл көркем ғұмырнамалық шығармада оқиға орын алуы, көрініс беруі керек. Оқиғаның ортасында кейіпкердің өмірі, өзі болып, қатысқан жағдайлар, яғни «тарихи мәтін» екінші жоспарда негізгі жағдайға жанама түрінде алынады да, көмекші рөл атқарады. Олар шығармада шындықты бейнелеп, жан-жақты даралап көрсетуге, жаңалықты тұстарын жарқырата бейнелеуге арналады. Көненің бізге жеткен жәдігерлерінің де көбіне өткен өмірді білуде бізге үлкен пайдасы бар. Сол секілді көркем-ғұмырнамалық шығармалар «тарихи» талабымен болашақ үшін құнды. Көркем ойлардың тарихилығы – ең бір керек бөлік көркем-ғұмырнамалық шығарма үшін, ол кейіпкердің өткені мен қазіргісін жан-жақты көрсетеді. Бұл көркем-ғұмырнамалық шығарманың туыстастырады. Шарттылықпен бейнеленген кейіпкердің ғұмырнамасы әлеуметтік тарихи образды сомдауға арналған жанр заңдылықтары. Қазақ жазушылары тарихи шындыққа қашанда берік болуға тырысады.
Қазақ мемуар автобиографиясы (ғұмырнамалық) шығармаларының бүгінгі уақытқа яғни қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі жазмышы, міне, осылай тұр. Мемуарлық – ғұмырнамаларда мемуар түрінің тоғысары да, болмаса мол түрлерде кездесер мазмұнымен мән жайы да, көбіне, осы беттен құралады. Әрине, мемуардың басқа ұсақ түрлеріндегі өзіндік ерекшеліктерді бұл бекерге шығармайды. Алайда, барлығы да мемуар жанрлық табиғатынан болмақ.
«Ұлы ақын», – деп жазғанды В.Г.Белинский, – өзінің «Мені туралы айта отырып, бүкіл адамзат туралы әңгімелейді. Өйткені оның табиғатынан адамзаттық қал-жағдайы білініп тұрады. Сондықтан да оның жабырқау тартқан көңілінен әрбір адам өз мұңын түсіне алады. Одан ақынды ғана емес, сондай-ақ адамды, адамзаттың бауырын таниды». Мемуар жазушылар өз өмірі, басынан өткергені мен жан тербегені жөнінде жазғанда әр туындылар, біріншіден, ...Олар баяғыда болып келгенімен-ақ, қазіргі оқырманға пайдалы, өйткені ол халқымыздың тарихындағы қуыс қалған орындарды бітеп отырса керек, екіншіден, С.Айни туралы Юлиус Фучик айтқандай, автордың кітабы «...біздер үшін тамаша бір өнер емес, сондай-ақ көрнекі оқу құралы да. Бұл кітаптар ескі мұң-қайғыны ғана емес, жаңа жетістіктерді де көрсетеді». Мемуарда «..адамнан артық көркемдік жоқтығы» да «Көркем әдебиеттің материалы адам екені», – де ұмыт болмайды, автор идеалында «.. қаһарман, ... барша ұлы істерді ерлікпен жүзеге асырушы» халық жатады. Сол себептен де мемуар маңызды, мемуар ұсынушы ақын жазушылар да...адамдардың өмірі туралы парасатты түсінікке, жеке тамаша сезімдер образына жетелейді, олардың туындыларын оқи отырып,біздер барлық жат және жаман қасиеттерден арыламыз, ізгілік пен сұлулықтың көркемдігін танимыз, барлық жақсыны қастерлейтін боламыз, оларды оқи отырып, біздердің өзіміз жақсы мейірімді, текті адамдарға айналамыз». Осы тұрғыдан қазақ мемуарларының да бүгінгі маңызы тіпті мәнді, оның жанрлық беті бізде әдебиеттік бір саладан дамуда.
Мемуар жазушылар да түрлі топтан келе беріседі. Олар жазушы әрі философ, публицист әрі қоғам қайраткері, әрі революционер, небір қызметкерде дәрігер, мұғалім, саяхатшы, қатардағы жауынгер де болуы мүмкін-ақ. Бұл – осы жанрдың сан-қырлы сипатынан жазылар мемуарлық – дәлдігінен де, мемуардың жанрлық ерекшеленер өзгешелігінен де, оның жалпы халықтығынан да болмақ. Тек суреттелінуге тиісті объект қана емес, жазушы – автордың кім екендігі, мемуардың тіл құрылысы, оқиғаны баяндауы, шығарма көркемдігі, мемуар түріне де әсер етеді. Мемуар авторларының түрлі кәсіптен болары бұл жанрдың халықпен туыс және сонан екенін, екіншіден, мемуардың жазылуы халықтың жан-жақты іскерлік сипатын көрсетеді. Мемуардың көркем әдебиетпен туыстығы да, өзгешелікпен де келер жақтары да көп-ақ.
Мемуардың қай түрі, қай мөлшері, қай стильде келуі де халықтық тілмен байланысты. Онда сөздігі болсын, адамдарды көркем бейнемен жеткізері болсын, қайткенде де образдау тұрады. Осы себеппен ол жазушының баршасында да көркем әдебиетпен байланысты келеді.
Көркем әдебиеттің суреткері – адам, ол өмір сүрген табиғат, қоғам болса, мемуарда да адам тұрмыс құрған орта, адамның ісі мен ойы айтылады. Міне, осылардан да мемуардағы көркем әдебиеттен өзгешелінер көп жайларға қарамастан-ақ, бұлар тұтас көрініседі. Мемуарда оны жазушы автор адам, табиғат, қоғамға деген өз қатынасын, көзқарасын эмоциясымен береді. Автордың жан сезімі қатысқан кітап, оны басқа түрден емес, әдебиеттен байқатады. Міне, осы себептерге байланысты болып табылады.
Мемуар авторы шығармаға өз қатысы, кейіпкер боп көрінері мен сезінері, өсу жолынан сюжет түзіп, композиция жабдықтары, алуан стильде, сан бір профессиядан сөйлері, өмірдегі болған, өзі көрген де естіген адамдарды ғана жазары оларды образды типизацияларымен, көрген жақ моментінен типті әкелері, айтар бейнелерін «фотосуретті» ретте болғанымен әрі өсіреді (домысл), адамдар мен оқиғалар қатысынан бас сюжетке толықтырма ұсақ сюжеттер өрбітіп, олардан да кейде идея, сюжет те ұсынары, адамдар пікірін ауызекі тілге өте таяу тұстары, мемуар жұмысында автор-кейіпкер де, автор-жазушы да боп іс кешері, ғылым мен әдебиетті бір беттен әкелері, жазғанының әр шақта да «тамамдыдан» ұғыну жайлары да әр түрлі. Кейіпкерлердің ішкі психикасын мемуарист жазушы өз сезінісі, ия адамдардың ашылысынан әкеле алады. Мемуар кітаптары тарихи не псевдонимі бар әдеби шығармалардан өзгеше. «Мен» атынан сөйленер өмірде болғаны тарихи келмес шығармалардан да ол дәлдігімен басқаша тұрады. Мемуарда адам биографиясы ұзақ та, тік түсе алады. Бұл жанрда бір адамның естелігінен, екінші одан, үшінші онан, төртінші адамдар естелігі кездесетін жағдайлар болады. Естеліктерден образдардың жасалуы мүмкін.
Қазіргі жанрлық тұрғыдан жан-жақты өрістеген қазақ прозасының басым саласын ғұмырнамалық, эссе, эпистолярлық формада жазылған шығармалар құрайды. Зерттеу еңбегім «Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың жанрлық ерекшеліктері»- атты шығармаларының көркемдік құрылымы, табиғи танымы, пәлсапалық баяны зерттеу үшін, ең әуелі көркем туындыларды тудырушы аталған авторлардың шығармашылық әлеміне байлауды талап етеді. Бұл аталған ғұмырнамалық романдардың авторлары, яғни автор-кейіпкерлер өздерінің ортаға қатысының бүкіл барысы жайлы (қоғамдық саяси, эстетикалық-моральдық жақтарынан) өз халқының асылын жинақтай келуінен-ұлттық ерекшелігімен танылған.
Өзінің қилы тағдырын ұрпағының болашағына арнаған, сол тағдырдың сырын терең ұғындырып, келешекке жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренсін-деген мақсатта жазылған, өнегелі өмір өрімдері Ә.Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» ғұмырнамалық баянында өте әдемі үйлесін тапқан. Ғұмырнамалық аталған үш романның жанрлық ерекшелігі, мән-мәнісіне тоқталар болған ғылыми жүйелеудің өзінде бірізділік кездесе бермейді. Біз мұның алдында жазған С.Мұқанов, С.Сейфулин, Ғ.Мұстафин мемуарларының жанры бір болғанын атап өттік және формасы мен мазмұны тұрғысынан келгенде, әр түрлі ерекшеліктер кездеседі.