Звоните на номер:

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР МЕН ЖАС БАЛАЛАРДЫҢ ЖЫНЫСТЫҚ ҚОЛ СҰҒЫЛМАУШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ КҮШ ҚОЛДАНБАЙ ЖАСАЛАТЫН ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мнишева Алия Айдаровна
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының магистранты,
Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ.
 
Аннотация.  Мақалада автор дәлелдемелерді жинау мүмкіндігінің жоқтығы, жас балалаларды азғындық жолға түсіру қылмысын жасаған кінәлінің жауаптылықтан жалтаруына бір себеп ретінде қарастырып, бұл проблеманы қалай оңтайлы шешу қорытынды жасады. Сонымен қатар, автор жалпы жыныстық қатынастардың  түрлері мен күш қолданбай және күш қолданып жасалатын қылмыстардың айырмашылығын ашқан. Тәлімгер институтының қажеттілігі де қарастырылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №4 Нормативтік қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар берілген.
Түйінді сөздeр:  Жас балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, жас балаларды азғындық жолға түсіру, Тәлімгер институты, құқық қорғау органдары қызметкерлері, порнографиялық бейнежазбалар. 
Адам - күрделі құрылымнан тұратын биоәлеуметтік жаратылыс. Оның мінез-құлқы мен жүріп-тұруы, биологиялық факторлардан (яғни физиологиялық) және биологиялық емес - мәдениет, жеке ой-пікірі, өмірге деген көзқарас секілді т.с.с. факторлардан құралады. Аталған факторлардың ішінде ерекше орынды сексуалдық қасиеттер алады. Тыныс алу мен тамақтану процестері секілді, ол адам ағзасының туа біткен қажеттілігі болып табылады. Адамның сексуалды қасиеттері, оның жеке өмірлік тәжірибесі негізінде қалыптасады. Сондықтан адамның сексуалды қасиеттері биологиялық, психикалық және әлеуметтік негіздермен тығыз байланысты.  
Жыныстық қажеттілік адам өмірінің барлық жақтарына әсерін тигізеді. Алайда, кейбір адамдар өздерінің жыныстық қажеттіліктерін заңға қайшы әрекеттермен қанағаттандырады. Сол себепті, қолданыстағы қылмыстық заңнама, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы бірқатар қылмыстар үшін жауаптылықты көздейді. [1]
Ю. М. Антонян, А. А. Ткаченко және Б. В. Шостаковичтің пікірінше,  «жыныстық қылмыс» терминінің екі түсінігі бар. Кең мағынада - бұл жыныстық ынтасы бар кез-келген қылмыс: адам өлтіруден бастап ұрлауға дейін, тар мағынада - бұл жыныстық қол сұғылмаушылық пен жыныстық бостандыққа қарсы, немесе қоғамдық тәртіп пен қоғамдық имандылыққа қарсы әрекет. [2] 
А. П. Чуприков пен Б. М. Цупрык жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарға, зорлау және азғындық жолға түсірумен қатар, сексуалды ниетпен адам өлтіруді де жатқызады. [3] 
Я. М. Яковлев жыныстық қылмыстарды әлеуметтік қоғамдағы жыныстық тәртіпке сай құрылған жыныстық қатынастарға қол сұғатын әрекеттер деп анықтайды. Бұл субъектінің немесе өзге тұлғаның өз жыныстық қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында, жәбірленушінің жыныстық мүдделерін бұзуды қамтиды. [4]
П. Бейлинсонның пікірінше,  адамдар арасындағы жыныстық қатынастарды реттеу негіздері, қоғамда белгіленген жыныстық қатынастар мен жыныстық имандылық принциптері тәртібін бұзатын, жеке тұлға мен оның мүдделеріне қарсы бағытталған сексуалды әрекеттер жыныстық қылмыстар болып табылады. [5] 
 Н. И. Трофимов кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар деп, азғындық жолға түсіру, жыныстық кемелдену жасына толмаған тұлғамен күш қолдану арқылы және күш қолданбай жыныстық қатынасқа түсуді атайды. [6] 
 Г. Б. Дерягинның пікіріне сай, жыныстық қылмыстар — бұл жыныстық қатынастар аясында, қоғамның моральдық негіздеріне, тұлғаның жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы, қылмыстық заңнамамен көзделген қоғамдық қауіпті әрекеттер. [7] 
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар тобына келесілер кіреді: зорлау (ҚР ҚК 120 бабы), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері (ҚР ҚК 121 бабы), жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету (ҚР ҚК 123 бабы), он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау (ҚР ҚК 122 бабы), және жас балаларды азғындық жолға түсіру (ҚР ҚК 124 бабы). 
 Аталған топтағы қылмыстардың арасында, қайсысы күш қолданусыз жасалатын жыныстық қылмыстар екенін анықтау қажет. Ол үшін “күш қолдану” түсінігін талдау керек.   
С.И. Ожеговтың сөздігіне сәйкес, күш қолдану - бұл физикалық күш қолдану немесе біреуге өзге тәсілмен мәжбүрлі әрекет ету. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы, күш қолдануды алдын-ала нақты немесе қорқыту арқылы, өзіне қарсы, өзге тұлға мен адамдар тобына немесе адамдар қауымына  қарсы физикалық күш немесе билік қолдану ретінде анықтайды. [8] 
 Жоғарыда көрсетілгенге сүйенетін болсақ, күш қолданудың бөлек түрлері ҚР ҚК 120, 121, 123 баптарында көзделген қылмыстарға сай келетінін айтуға болады. Демек, талқылауға салынған топтағы қалған қылмыстар: он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау (ҚР ҚК 122 бабы), және жас балаларды азғындық жолға түсіру (ҚР ҚК 124 бабы) күш қолданусыз жасалатын жыныстық қылмыстар қатарына жатады. Бұл тұжырым заң ғылымдарында кеңінен қолдау тапты.
Бұл әрекеттерді криминализациялау, кәмелетке толмағандардың физикалық, психикалық және имандылық қасиеттерінің дамуын дұрыс қамтамасыз ету мен оларды сексуалды азаптардан қорғау қажеттілігіне негізделген. 
Қазіргі таңда жас балаларды азғындық жолға түсіру оқиғалары белең алуда. Осыдан 7-10 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 124 бабы бойынша: «1. Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау», - деп көзделген факті бойынша қозғалған қылмыстық істердің саны жоқтың қасы болатын. Сондықтан осы мақала төңірегінде, азғындық әрекеттер бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде кездесетін проблемаларға тоқталуды жөн көрдік.  
Бұл бұрын-соңды жас балаларды азғындық жолға түсіру фактісі болмағаннан емес, көбінесе, ата-аналар бұл мәселені ұятты деп, мәселенің ашық жария болуынан қорыққандықтан, құқық қорғау органдарына арыз шағыммен жүгінбейді. Сонымен қатар,  жәбірленуші жас баланың достары, таныстары мазаққа алуы мүмкін екендігін ескеріп, кейіннен баланың психикасына кері әсері тимеуден қорғап қалу мақсатында, болған жайтты құпия сақтап қалатыны рас. Ал қылмыскер бостандықта жүріп, өзінің жауапсыз қалғанын түсініп, өзінің қылмыстық ойын ары қарай жалғастыруы ықтимал. Сондықтан, азаматтар кінәлінің жауапсыз қалып, басқа бір қылмыс жасауына жол бермеу үшін, құқық қорғау органдарына арызданып, істі заң шеңберінде шешуі абзалырақ.  
«Жыныстық қылмыстар, оның ішінде зорлау – адамның қадір-қасиетіне қол сұғатын проблемалармен байланысты қылмыстардың ерекше түрі. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеу кезінде тұрғындар аз ақпараттандырылғанына қарамастан, құқық қорғау органдары қылмыскерді іздеу барысында тұрғындарға көмекке жүгінуге мәжбүр. Кейде, осылай ақпарат жинау барысында, тек қана қылмыстың ауырлығын ғана атап өтпей, жәбірленушілер туралы жеке ақпараттар қамтылуы мүмкін. Осының салдарынан, көрші-қоланға жәбірленушінің аты-жөні белгілі болады. Сондықтан жәбірленушілер құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуден тартынады.  
Зерттеу барысында, зорланғандардың тек 7,8% ғана құқық қорғау органдарына олардың ары мен абыройын қорғау үшін өтініш білдірген.  
Жәбірленушілердің арызданбауының тағы бір себебі, олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің көмектесетініне сенбейді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенетін болсақ, сауалнама алынған 500 әйелдің 45,5% солай ойлайтынын көрсетті. Сонымен қатар,  сауалнама жүргізу барысында, біршама күтпеген тенденция анықталды: 180 сауалнама алынған зорланған әйелдердің - 6,5% зорлау фактісі бойынша арызбен жүгінбеу себебі, оларды зорлағандарды ұрып-соғу ұйымдастырған; 1,94% әйелдер кінәліні қылмыстық жауаптылыққа тартуды қаламайтынын айтты, себебі кінәлінің әйелін, әпкесін зорлауды ұйымдастырып, содан моральды қанағаттанған; 30,5%-ы әлі күнге дейін кінәліні кешірмеген, бірақ құқық қорғау органдарына арызбен шағымданудан бас тартты, басқа жолмен жазалауға үміттенеді. Тергеу тәжірибесінде, олар қолайлы жағдай туса кінәліге немесе оның жақын әйелдеріне өз бетінше сот жүргізіп жазалау қауіпі бар. Мұндай тенденция өте қауіпті. Бұл жәбірленушілердің құқықтарын қорғау механизмінің жетілмегенін көрсетеді. Осындай қылмыстарды тергеп-тексерудегі проблеманың бір жағы. Екінші жағынан, зорлауды тергеудегі проблема, оларды ашылуы өте төмен. Көптеген зорлау жасағандар анықталмай қалады. Және де, жәбірленушілердің арызы берілген қылмыстық істер  негізсіз қысқартылған. [9] 
Жоғарыда көрсетілген проблемалар әлі күнге дейін бар, және ең өкініштісі, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің төмен болуынан, жәбірленушілер заңды жолмен кінәліні жазалауға болатынына сенбейді. Қылмыстық кодекстің 124-бабында көрсетілген жас балаларды азғындық жолға түсіру, тәжірибеде дәлелдеуге қиындық тудыратын қылмыстардың қатарында. Себебі, бұл орайда 124-бап бойынша, кінәлі жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түспейді, тек оның жыныстық мүшесін ұстап, немесе, өзінің жыныстық мүшесін ұстатып, түрлі порнографиялық бейнежазбалар көрсетіп және т.б. сексуалды сипаттағы әрекеттер жасай отырып, қылмыстық ойын жүзеге асырады. 
Осы тұрғыда,  “Зорлау және өзге де сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттермен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №4 Нормативтік қаулысында, жас балаларды азғындық жолға түсіру әрекеттерін саралау кезінде, нақты қандай әрекеттер азғындық болып табылатынына түсініктеме берілмеген. Бұл тәжірибеде кездесетін алғашқы проблема. Тергеушілер күдіктінің әрекетін саралау барысында, нақты заңнаманың нормаларында көрсетілген түсініктемеге  сүйеніп шешім қабылдаған абзал. 
Жас балаларды азғындық жолға түсіру әрекеттері, күш қолданусыз жасалғандықтан, жәбірленушінің денесінен қандай да бір жарақат іздері табылмайтыны анық. Егер жарақат болса, онда кінәлінің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 121, 123 баптарының тиісті бөліктері мен тармақтарына сәйкес сараланатын болады.  
Жас балаларды азғындық жолға түсіру қылмыстарын тергеу барысында, тергеуші жәбірленуші мен сезіктіден жауап алу, олардың арасында беттестіру жүргізу кезінде, өзінің кәсіби біліктілігін барынша жан-жақты қолданып, сұрақтарды алдын-ала даярлап, қылмыстық заңнаманы дұрыс қолданып, нәтижесінде аталған тергеу амалдарымен істің нақты мән-жайын анықтап, өзінің ішкі сенімін ескеріп, шешім қабылдауы қажет. Қылмыстық істерді сотқа дейін жеткізіп, кінәлі жазасын тартқан фактілердің саны артса, осы санаттағы қылмыстарды жасауға ниеттеніп жүрген тұлғалар, жауаптылықтан қорыққандықтан, заңсыз әрекеттерді жасаудан тартынатын болары анық. Сондықтан, тәжірибедегі тергеушілерге, аталған қылмыстарды сотқа дейін тергеп-тексеру барысында, дәлелдемелерді дұрыс, уақытылы, жан-жақты жинақтау біліктілігін арттыру қажет. 
Тәжірибеде, жауап алудың қыр-сырын үйретіп, дұрыс сұрақтар қоюды үйрететін тәлімгерлер (наставник) қазіргі кезде өте аз немесе мүлдем кездеспеуі де мүмкін. Кейбір құқық қорғау органдары мекемелерінде  қағаз жүзінде тәлімгер тағайындалғанымен, іс жүзінде бұл талап орындалмайды. Жаңадан келген  қызметкерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, қылмыстарды тергеуді үйрететін тәлімгердің болмауы, екінші проблема. 
Аталған проблемалардың шешу жолдары ретінде, келесіні ұсынамын: 1) “Зорлау және өзге де сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттермен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №4 Нормативтік қаулысына: “14-3. Жас балаларды азғындық жолға түсіру деп – жас балаларға қарсы, күш қолданбай, эксгибиция, әдепсіз жанасу, сипалау, шымшылау, жыныстық мүшелермен үйкелісу, мастурбация, әдепсіз құшақтасу, сексуалды көріністерді демонстрациялау, порнографиялық материалдарды ұсыну және т.б. әрекеттерді түсіну қажет” - деген түсініктеме енгізу қажет.  
2)  Тәжірибеде «Тәлімгер институтын» (Институт наставничества)
қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, балама шешім ретінде, жоғарыда аталған жыныстық қылмыстарды тергеу кезінде көмекші-құрал болатын методикалық әдістемені даярлау қажет.  
3)Қазақстан Республикасы аумағында жалпы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасағаны үшін сотталған, қылмыстық жауаптылыққа тартылған, күдікті ретінде танылған, қорғауға құқығы бар куә ретінде танылған тұлғаларды тіркейтін бірыңғай арнайы платформа ойлап құрастыру қажет. Әрине, техникалық білімі бар қызметкерлердің көмегімен. Бірыңғай платформа, осы санаттағы қылмыстарды тез арада ашуға көмектеседі, жедел-іздестіру қызметкерлері мен тергеушілердің қызметін жеңілдетеді. 
4) Кәмелетке толмағандар мен жас балаларды азғындық жолға түсіру көріністері бар порнографиялық бейнежазбалар сайтына кіруді күрделендіріп, сайтқа кіру үшін жеке басы туралы анықтаманы толтыруды талап ету қажет. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген сайттарға кіргендердің ІР мекен-жайын анықтап, есеп жүргізу.   
 
 
Әдебиеттер тізімі: 
  1. Бимбинов, А. А. Ненасильственные половые преступления / А. А. Бимбинов. – Москва :   
    Проспект, 2017. – 157 с. 
 2.   95. 01. 028. Антонян Ю. М. , Ткаченко А.А. Сексуальные преступления: Чикатило и другие. - М. : Амальтея, 1993. - 319 с. 
3. Чуприков А.П., Цупрык Б.М. Общая и криминальная сексология, Учебное пособие. — К.: МАУП, 2002. — 248 с. — ISBN 966-608-220-9 
4. Яковлев Я.М. Половые преступления, Душанбе: Ирфон, 1969. — 454 с. 
5. Бейлинсон, П. Половые преступления / П. Бейлинсон. — Таллинн, 2007. — 515 с. 
6.ТрофимовН.И. Некоторые данные о личности осужденных и потерпевших по делам о 
ненасильственных половых преступлениях в отношении несовершеннолетних / Н.И. Трофимов // Проблемы борьбы с тяжкими преступлениями
 против личности : материалы науч.-практ. конф. - Улан-Удэ, 1974. - С. 91-100. 
7. Дерягин Г.Б. Половые преступления [Текст] : (расследование и судебно-медицинская экспертиза) : учебное пособие Москва : Щит-М, 2011 303 стр.
8. Словарь русского язык. С.И. Ожегов, 1949 г.р. 
9. Пономарева Л.В. П56 Методика расследования изнасилований. 
М.:ОООИздательство«Юрлитинформ»,2002.-152с. 
Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
M02E6B9

Казахстан, г. Караганда