Дата публикации: 02.05.2022
Маханбет К.Н., Асанкул Н.С., Ортаева А.А., Отеген А.О., Баименова Ж.К.
Казахский национальный университет имени аль-Фараби, , г. Алматы, Казахстан.
Аңдатпа
Мақалада білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша биологияны оқытуда жоғарғы сынып оқушыларында практикалық біліктіліктерін қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Биология пәні бойынша практикалық дағдыларды қалыптастырудың педагогикалық моделінің құрылымдық бөлшектері сипатталады. Оқушылардың қабілеттілігін,шығармашылығын дамытуда практиканың маңызы зор. Практикалық біліктілік сабақ өткізген кезде күрделі, өзара байланысып жатқан сөйлеу, көрнектілік және практикалық әдістердің қолданылуы арқылы қалыптасады.Биологияны оқыту әдістерінің дамуына биологиялық ғылым мен практиканың әдістері, методологияның, дидактика мен биологияны оқытудың жетістіктері әсер етеді. Мектепте биологияны оқыту барысында түрлі оқу формалары қолданылады. Биология пәнін оқыту барысында оқушыларда алынған теориялық білімді іс-жүзінде жүзеге асыру практикалық біліктілікті қалыптастырудың бірден-бір алғышарты болып табылады. Яғни зертханалық жұмыстар пәнді түпкілікті ұғынып,оқушылардың қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, зертханалық жұмыстарды жүргізуге берілген тапсырмалардың да оқу-тәрбиелік маңызы зор. Бұл әдіспен сабақ өткізу ұстаз жағынан өте тиянақты дайындықты, оның ұйымдастырушылық қабілеттілігін талап етеді.
Кілт сөздер: білім беру,жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы,практикалық әдіс, биологияны оқыту әдістемесі, практикалық-зертханалық жұмыс.
Кіріспе. Биология – бұл теориялық білімді практикалық (тәжірибеге) бекітуге негізделген ғылым. Сондықтан, биологияны оқыту әдістемесінің тарихында практикалық әдістің маңыздылығы ғалым-әдіскерлер (С. В. Аверинцев, А. Любен, А. Н. Мягкова, Б. Д. Комиссаров, Б. Е. Райков және т.б.) тарапынан терең зерттелген. Қазіргі уақытта да, мектепте биология пәнінен жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұны оқушылардың бойында ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада оны қолдана білуі бойынша практикалық біліктіліктерін қалыптастыруды алдыңғы орынға қояды. Бұл жөнінде әдістемелік нұсқаулық хатта: «Бағдарламаның ерекшеліктерінің бірі – теориядан гөрі тәжірибеге қарай бағытталуы болып табылады. Білім алушыға биологиялық білім беріп қана қоймай, алған білімдерін болашақта өмірінде қолдана алатындай жағдай жасау. Оны жүзеге асыру үшін жаттанды білім бермей, өз қолдарымен тәжірибе жасауға баулу», – деп арнайы атап көрсетілген[1].
Практикада биологияны және экологияны оқытудың бірнеше әдістері қалыптасқан. Алайда оларды мына белгілеріне қарай топтастыруға болады: білім алу көзіне қарай, мұғалімнің іс-әрекетіне қарай, магистранттардың іс-әрекетіне қарай. Бұл белгілер оқыту, үйрену мен білім алу көздерінің бірлігін көрсетеді. Осы үш белгіге орай оқыту әдістерінің үш тобы ажыратылады: сөйлеу (білім алу көзі –сөз), көрнекілік (білім алу көздері –сөз бен көрнекілік), практикалық (білім алу көздері –сөз, зерттеу нысаны және нысанды практикалық тұрғыдан зерттеу). Сөйлеу әдістері тобына мыналар кіреді: әңгімелеу, әңгімелесу, түсіндіру, дәріс оқу.
Мұнда мұғалім сөзбен түсіндіреді, оқушылар тыңдап, ауызша немесе жазбаша жауаптар береді.Көрнекі әдістер тобы: тәжірибелер мен көрнекі құралдарды көрсету, құбылыстар мен заттарды сол қалпында көрсету (сурет, сызба, муляж, үлгі). Мұғалім сөз арқылы зерттелетін нысанды бақылауды, қарастыруды ұйымдастырады, оқушылар бақылай отырып, қорытындылар жасайды.
Практикалық әдістер – оқулықпен немесе зерттелетін нысанмен жұмыс. Олар сабақта зертханалық жұмыс жасағанда, практикалық жұмыс немесе далаға шығу, саяхат жасау кезінде қолданылады. Әдістердің алуан түрлілігі, көпнұсқалылығы, өзара ұштасып жатуын тәсілдер қамтамасыз етеді. Кез-келген әдіс тәсілдердің көмегімен жүзеге асырылады. Оларды кейбір әдіскерлер мұғалім мен оқушының бөлек іс-әрекеттері ретінде қарастырады[2].
Зерттеудің әдістемесі.Бағдарламада тәжірибелік жұмыстар «зертханалық жұмыстар» айдарымен берілген. Сондықтан, биологияны оқыту әдістемесінде зертханалық және тәжірибелік жұмыстар біріктіріледі де, «биология бойынша зертханалық-тәжірибелік жұмыстар» деген сөз жиі қолданылады. Биология пәні бойынша практикалық іс-әрекеттердің мәні биологиялық объектілерді түрлендіруді қамтамасыз ететін әрекет түрлері: өсіру, күту, себу, өңдеу, дезинфекциялау, сақтау, орындау және т.б. Зертханалық жұмысты орындау оқушыларды биологиялық білімнің маңызды бөлігі болып табылатын практикалық іскерлікпен қаруландыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:
-
Үлкейткіш құралдарды қолдану (мысалы, лупа, мектеп микроскопы).
-
Зертханалық жабдықтар мен құралдарды пайдалану.
-
Уақытша микропрепараттарды дайындау және оларды микроскоппен қарау.
-
Өсімдіктер мен жануарлар түрлерін анықтау үшін анықтағышты пайдалану.
-
Қарапайым тәжірибелерді қою (тұқымдардың өсуі, өсімдіктер қалемшелерінің қысқаруы, физикалық жүктеме кезінде тамыр соғуының жиілігінің өзгеруін анықтау және т. б.).
-
Бақылау және өзін-өзі бақылау жүргізу.
-
Өсімдіктерді кептіру және гербарий құрастыру және т. б.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша практикалық бағыттылыққа негізделген зертханалық жұмыстармен қатар модельдеу және демонстрациялау жұмыстары да міндеттелген. Биология пәні бойынша бағдарламада зертханалық, модельдеу және демонстрациялау жұмыстардың белгілі бір көлемін қарастырылады (1 кестеде) [3]. Олар бақылау әдістерін, практикалық жұмысты, мектеп экспериментін қолдану негізінде оқушылардың нақты білімін жинақтауға әсер етеді.
Кесте 1 – Биология пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша зертханалық, модельдеу және демонстрациялау жұмыстарының көлемі
Жұмыс түрлері
|
7 сынып
|
8 сынып
|
9 сынып
|
Барлығы
|
зертханалық жұмыс
|
14
|
14
|
8
|
36
|
модельдеу
|
4
|
2
|
7
|
13
|
демонстрациялау
|
-
|
2
|
1
|
3
|
Кестеден қөріп отырғанымыздай, жаңартылған бағдарлама бойынша 7–9 сыныптар бойынша барлығы 36 зертханалық жұмыс қарастырылған. Сонымен қатар, талдау барысы көрсетіп отырғандай, осы жоспарланған зертханалық жұмыс тақырыптары оқушылардың зерттеу іскерліктерін талап етеді: «Жергілікті жердің экожүйелерін зерттеу (мектеп ауласы мысалында)», «Судың тірі ағзалар үшін маңызы мен қасиеттерін зерттеу» (7 сынып); «Дара жарнақты және қосжарнақтылар өсімдіктер кластарының белгілерін зерттеу», «Дене жаттығуларының жүрек жұмысына әсерін зерттеу» (8 сынып); «Транспирация үдерісі кезіндегі сыртқы факторларды (температура, ылғалдылық пен су буының қысымы, ауа қозғалысын) зерттеу, «Ауксиннің өсімдіктерге әсерін зерттеу» (9 сынып) және т.б. [3].
Дисскусия және зерттеу нәтижесі.Оқыту мақсаттарына барынша тиімді жету үшін оқушыларды зерттеу қызметіне қосу идеясы ең алдымен А. Я. Герд, М. М. Стасюлевич, Р. Э. Армстронг және жаратылыстанушы, зерттеу әдісінің жалпы идеясын қалыптастырған Т. Гексли есімдерімен байланысты. Біз, өз зерттеу жұмысымыздың мақсатына сәйкес тәжірибелік-іздеу жұмыстарын Алматы қаласының № 134 мектеп-лицейі базасында жүргіздік. Зерттеудің мақсаты биология сабақтарында оқушылардың практикалық біліктіліктерін қалыптастыру моделін әзірлеу және негіздеу болып табылады.
Зерттеуге 14-15 жастағы 56 оқушы қатысты. Оқушылардың практикалық жұмысқа қалыптасу деңгейін анықтау үшін әзірленген критерийлерге сәйкес әдістемелер қолданылды. 28 адамнан тұратын эксперименталды топпен биология сабағында оқушылардың практикалық біліктіліктерін қалыптастырудың әзірленген моделі негізінде оқыту жүргізілді. Модельді әзірлеу кезінде биология сабақтарында дамытылатын практикалық біліктіліктер күрделі болып табылатыны ескерілді және ол үш компонентті қамтиды: мотивациялық, мазмұндық, операциялық.
Мотивациялық компонент оқушыларда бар биологиялық білімге және олардың өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, жүргізілетін зерттеудің маңыздылығы мен перспективаларын негіздеуге мүмкіндік береді .
Мазмұндық компонентте біздің көзқарасымыз бойынша практикалық зерттеушілік білімінің екі құрамдас жүйесін бөліп көрсетуге болады: ғылыми және оқу зерттеулерін ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты арнайы білім және белгілі бір биологиялық процестерді, фактілерді, құбылыстарды зерттеу мен анықтауға арналған ұғымдық базаны қамтамасыз ететін пәндік (биологиялық) білім .
Операциялық компонентке практикалық-зерттеу жұмысының құрылымын құрайтын іс-әрекеттер жүйесін қамтамасыз ететін өзара байланысты біліктердің үш тобын біріктірдік: арнайы, интеллектуалдық, пәндік (биологиялық). Біз келесі іскерліктерді арнайы біліктіліктер қатарына жатқызамыз: фактілер мен құбылыстарды бақылай білу; зерттеуге жататын түсініксіз құбылыстарды анықтай білу (немесе мәселені қоя білу); гипотезаларды ұсына білу; зерттеу жоспарын құра білу; зерттеудің белгіленген жоспарын жүзеге асыра білу; зерттелетін құбылыстың басқалармен байланысын анықтай білу; шешімді тұжырымдай білу, түсіндіре білу; шешімді тексере білу; алынған білімді ықтимал және қажетті қолдану туралы практикалық қорытынды жасай білу.
Практикалық зерттеу бойынша іс-әрекеттерді жүргізу үшін мектеп оқушылар келесі интеллектуалдық іскерліктерді меңгеруі қажет: негізгі белгілерді атай білу, сипаттау, негіздеу, анықтау, салыстыру, жалпылау, жүйелеу, ажырату, ұғымның анықтамасын тұжырымдау, себеп-салдар байланысын анықтау, зерттеуді моделдеу, эксперименттеу, тәжірибе нәтижелерін жобалау, талдау, біліммен операция жасау, дәлелдеу, зерттелетін объектінің қасиеттерін сипаттау, түсіндіру және т. б.
Талқылау.Тірі табиғатты зерттеу бойынша практикалық жұмысты ұйымдастыру оқушылардың келесідей пәндік (биологиялық) іскерліктерін дамытуды талап етеді: үлкейткіш аспаптарды қолдана білу; уақытша микропрепараттар дайындау және оларды микроскоппен қарап білу; қарапайым тәжірибе қоя білу; бақылау және өзін-өзі бақылау жүргізе білу және т.б.
Биология сабақтарында практикалық біліктілігін қалыптастыру моделінің іс-әрекеттік компоненті осы қызметтің тиімділігін қамтамасыз ететін бірқатар педагогикалық жағдайларды сақтауды ескере отырып, зерттеу іскерліктерін меңгеру бойынша мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің құрылымын сипаттайды.
Биология сабағында оқушылардың практикалық біліктілігін қалыптастыру тиімділігі бірқатар педагогикалық шарттарға байланысты:
-
оқушылардың практикалық зерттеу жүргізуге дайындық деңгейін және мүмкіндіктерін есепке алу;
-
оқу тапсырмасын орындау барысында белгілі бір әрекеттерді орындау қажеттілігіне оқушылардың қызығушылығын ояту ;
-
оқушылардың практикалық оқу-зерттеу қызметі барысында орындауы тиіс мақсаттар мен міндеттерді баяндаудың нақтылығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету;
-
практикалық іс-әрекеттердің орындау тәсілдерін айқын көрсету;
-
тапсырмалар жүйесін пайдалана отырып, жекелеген әрекеттерді немесе олардың жиынтығын (қабылдауын) меңгеру бойынша оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру.
Педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді талдау мұғалім мен оқушының практикалық зерттеу біліктілігін қалыптастыру кезеңдерін есепке ала отырып, олардың іс-әрекетінің құрылымын анықтауға мүмкіндік берді.
Яғни, мұғалімнің қызметі:
– оқушылардың жұмысқа дайындығын анықтау, іс-әрекетті орындаудың маңыздылығына назар аудару;
-
жұмыстың мақсатын қою;
-
оқушыларды іс-әрекетті орындауға дайындау, іс-әрекетті орындау ережелерін қалыптастыру;
-
қандай да бір әрекеттерді қалай жүргізу керектігін көрсету;
-
оқушының іс-әрекетін бақылау, үйлестіру;
-
іс-әрекетті орындау, оқушы белсенділігін арттыру туралы кеңестер.
Оқушының әрекеттері:
1.Іс-әрекетті орындауға қызығушылығының болуы;
2.Іс-әрекеттің мақсатын ұғыну, оны орындау тәсілдерін жүзеге асыру және іздеу;
3.Негізгі ұғымдарды еске алу, іс-әрекетті орындау ережелерін есте сақтау;
4.Іс-әрекеттің орындалуын қадағалау, оны жүзеге асыру алгоритмін есте сақтау;
5.Қадамдық алгоритм түріндегі іс-әрекетті орындау, мұғалімнің бақылауымен оны жүзеге асыру;
6.Іс-әрекетті орындау бойынша дербес және жүйелі жаттығулар.
Қорытынды.Зерттеу жұмысымды қорытындылай отырып биологияны оқытуда практикалық біліктілікті арттырудың жолдарын қарастырып,тұжырымдамалар жасадым.
Болашақтың кілтін саналы да сапалы білім алған танымдылығы жоғары құзіретті, бәсекеге төтеп беретін жастар ғана аша алады. Сол үшін білім беруді дамытуда өркендеген мемлекеттердің тәжірибелерін алып сол мемлекеттердің қатарына ену басты мақсатымыз болып тұр. Мұғалімдердің қазіргі кездегі басты мақсаты түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақ өтіп оқушыларға алған білімдерін өмірде қолдана алатындай тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі уақытта еліміздегі білім беру саласына Елбасымыз тарапынан басты назар аударылып, жан-жақты жағдай жасалынуда. Жарқын болашақтың кілті болып табылатын өскелең ұрпақтың білім деңгейі заманауи талаптарға жауап берсе, тәуелсіз еліміздің тұғыры мықты болмақ.
Оқушылардың биологияға деген қызығушылығын дамыту үшін зертханалық сабақтардың маңызы орасан зор. Зертханалық сабақ кезінде оқушылар бұрын сабақта алған білімдерін практикада өз бетімен жұмыс жасау кезінде ұштастырып, білім деңгейін кеңейте алады. Сондықтан шағын жинақты мектептерде биология пәнінен өтікізілетін зертханалық сабақтар өз мәнінде өткізіліп, оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, білімге деген құштарлығын ұштау қажет деп ойлаймын. Биология пәнінен зертханалық сабақтарды ұйымдастыру – өсіп келе жатқан ұрпаққа тіршілікті, өмірді аса үлкен зор құндылық деп түсінуді қалыптастырады.
Мұғалімнің іс-әрекеті оқушылардың іс-әрекетін белсендіруге, жаттығулар арқылы өз бетімен орындауды ұйымдастыруға дайындығын анықтауға бағытталған. Оқушының әрекеті олардың білімі мен өмірлік тәжірибесін белсенді пайдалану кезінде оқу тәсілдерін меңгеруге және іскерлікті қалыптастыруға бағытталған.
Биология сабақтарында практикалық зерттеу біліктілігін дамыту моделінің ұйымдастыру-әдістемелік компоненті оқыту үдерісіне қажетті оқыту әдістері, тәсілдері мен формаларын біріктіреді.
Практикалық іс-әрекеттерді тиімді қалыптастыру үшін нұсқамалық карточкаларды пайдалану ұсынылады, олардың көмегімен іс-әрекеттерді орындау алгоритмі және олардың бағыттылығы қойылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 2019–2020 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Нұр-Сұлтан : Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2019. – 384 б.
2 Демичева, И. А. Лабораторный практикум по общей биологии для 10 - 11 классов. – Харьков, 2015. – 108 с.
3 Жаңартылған мазмұндағы бағдарламалар бойынша (7-9-сыныптарда) «Биология» оқу пәнін оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдар. – Астана : Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2019. – 80 б.
4. Science Content And Pedagogy, in P. Fensham, R. Gunstone and R. White (eds)The Content of Science, London: Falmer, pp 147-160.
5. Crooks, T. The Impact Of Classroom Evaluation Practices On Students, Review of Educational Research, 58(4).: 438-481
6. Балабаева А. Formation of professional orientation of students in pedagogical practice: Ph.D. author's ref. diss. - Almaty, 2005. - 24 p.
7.Childebaev JB, Nurgalieva AK Formation of professional competence of the future teacher of biology by means of pedagogical practice in school. International scientific-practical conference. "Biological and ecological education in school and university: theory, methodology, practice." - St. Petersburg, 2017. - pp. 257-259 р.
8. Millar, R. (2002). Thinking About Practical Work, in S. Amos and R. Boohan (eds).Aspects of Teaching Secondary Science: Perspectives on Practice, London:RoutledgeFalmer, pp 53-59
9. 5.Ушакοʙ А. А . Раᴈʙᴎᴛᴎе ᴎсследοʙаᴛельскοй кοᴍпеᴛеʜᴛʜοсᴛᴎ учащᴎхся οбщеοбраᴈοʙаᴛельʜοй шкοлы ʙ услοʙᴎях прοфᴎльʜοгο οбучеʜᴎя: аʙᴛοреф. дᴎс. … каʜд . пед . ʜаук / Ушакοʙ Алексей Аʜᴛοʜᴎдοʙᴎч. – Майкοп, 2008. – 26 с.
10. Нᴎкᴎшοʙ А. И. "Теοрᴎя ᴎ ᴍеᴛοдᴎка οбучеʜᴎя бᴎοлοгᴎᴎ: учебʜοе пοсοбᴎе". М.: КοлοсС. - 2007. -303 с.