Звоните на номер:

АДАПТАЦИЯЛАНҒАН МӘТІНДЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЕТТІЛДІК ОҚЫРМАН ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

АДАПТАЦИЯЛАНҒАН МӘТІНДЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЕТТІЛДІК ОҚЫРМАН ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
 
 
Рысбекова Нурай Нурланқызы
1 – курс магистранты,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Алматы, Қазақстан
 
Аңдатпа
Бұл мақалада қазіргі білім беру жүйесінде шет тілін оқыту әдістемесіндегі негізгі бағыттарының бірі – оқырман құзыреттілігін қалыптастыру қарастырылады және шеттілдік білім берудегі оқырман құзыреттілігінің маңызы мен міндеттері баяндалады. Осы тұрғыда оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, адаптацияланған мәтіндер оқырман құзыреттілігін қалыптастыруда маңызды элемент болып табылатыны мақалада баяндалды. Оқушылар әрқайсысы жеке бір тұлға және әрқайсысының деңгейі, қабылдауы, үлгерімі әртүрлі болғандықтан, сабақ барысында адаптацияланған мәтіндерді пайдалану ұтымды бір шешім болып табылады. Соған байланысты мақалада ағылшын тілі сабақтарында адаптацияланған мәтіндермен жұмыс жасау барысында материалдарды тиімді пайдалану және студенттердің оқу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету үшін мұғалімдерге бірнеше ұсыныстар берілген. Сондай–ақ ұсынылған мақалада нақты шеттілдік оқырман құзыреттілігін адаптацияланған мәтіндерді қолдану арқылы дамытудың маңызы мен артықшылықтары баяндалған.
Түйін сөздер: оқырман құзыреттілік, адаптацияланған мәтін, мәдениетаралық байланыс.
Қазіргі кезде бір орында тұрақтамай, қарқынды дамып жатқан қоғамда шет тілдерін білудің маңызы зор. Еліміздің дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарды қалыптастыруы, әртүрлі дипломатиялық қызмет атқаруы шетел тілінің бүгінгі рөлін, маңызын анықтайды. Білім берудің жаһандануы және мәдениетаралық байланысқа деген қажеттіліктің артуына байланысты әртүрлі дағдылар мен құзыреттіліктерді, соның ішінде оқырман құзыреттілігін дамыту шеттілдік білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Шеттілдік оқылым дағдысын қалыптастыру тілді меңгеруде, сөздік қорын кеңейтуде және мәтінді сыни тұрғыдан ойлау мен түсінуді дамытуда маңызды рөл атқарады. Тек лингвистикалық дағдыларды дамытуда ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар оқушылардың жалпы мәдени құзыреттілігін қалыптастырудың ажырамас бөлігі болып табылады. Белгілі когнитивті психология және білім беру зерттеушісі Джером Брунердің пікірі бойынша оқу барысында оқушылар тілді үйреніп қана қоймай, өздерінің әлем туралы түсініктерін қалыптастыратынын атап көрсетті, яғни сыни ойлауды қалыптастыруға ықпал етеді десек те болады [1].
Ағылшын тілі сабағында оқырман құзыреттілігін қалыптастыру міндеттеріне мыналар жатады: түсініп, мәнерлеп оқу; әр түрлі мәтіндерден пайдалы және қызықты ақпарат алу; оқуға арналған кітаптарды өз бетінше таңдау; оқушыларды әртүрлі ақпарат көздерімен (анықтамалықтар, сөздіктер және т. б.) жұмыс істеуге үйрету; оқылған жұмыс туралы пікір алмасу, талдау. Сонымен қатар, балалар тек оқуды ғана емес, мәтінмен жұмыс істеудің белгілі бір түрлерін де үйренеді, атап айтқанда, танысу (scanning reading), көз жүгірту, шолу (skimming reading), түсініп оқу (reading for details).
Ал Н. Д. Гальскова мәтінді оқуды интенсивті және экстенсивті деп бөліп қарастырады, мұнда интенсивті оқу бүкіл мәтінді мұқият егжей-тегжейлі талдауды қамтыса, ал экстенсивті оқу мазмұнды толық түсінуді қажет етпейді, тек мәтіннің негізгі ойын анықтауға бағытталған [2].
Ағылшын тілі сабақтарында оқырман құзыреттілігін тиімді қалыптастыру тек теориялық тәсілдерге ғана емес, сонымен қатар педагогтар әзірлеген және білім беру процесінде тексерілген практикалық әдістерге де негізделген. Қазіргі заманғы әдістер атақты ғалымдардың пікірлеріне ғана емес, сонымен қатар ағылшын тілінде оқуды оқытуда белсенді қолданылатын практикалық тәсілдерге де негізделеді. Мысалы:
  • интерактивті: мұндай әдістерге мәтінмен белсенді өзара әрекеттесуді ынталандыратын топтық талқылаулар, рөлдік ойындар және интерактивті тапсырмалар кіреді.
  • мультимедиялық ресурстар: мәтінге байланысты аудио және бейне материалдарды сабақ кезінде біріктіру тыңдалым дағдысын дамытып қана қоймайды, сонымен қатар лексика мен контекстті түсінуге көмектеседі.
  • жобалық жұмыс: оқылған мәтіндер негізінде жобалар құруды қажет ететін тапсырмалар студенттерге алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Бұл презентациялар, эсселер немесе тіпті шағын зерттеулер жасауды қамтуы мүмкін.
  • аутентті материалдар: журнал мақалалары, блогтар, жаңалықтар мақалалары сияқты мәтіндерді пайдалану тілдің нақты үлгілерін жақсы түсінуге және оқуға деген қызығушылықты арттыруға көмектеседі.
Барлық оқушылардың сабаққа белсенді атсалысуы,  мәтінмен, тапсырмалармен жұмысты ұйымдастыру - мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады және бұл оңай емес, өйткені балалардың тіл деңгейі әртүрлі, ақпаратты оқу және қабылдау қарқыны әртүрлі, сондықтан оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескеру маңызды. Осы тұрғыда оқу құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді құралы ретінде адаптацияланған мәтіндерді қолдануға болады.
Адаптацияланған мәтіндер бұл оқушылардың тілдік дайындық деңгейін ескере отырып жасалған немесе өзгертілген, оқылым дағдыларын дамытуға арналған құрал болып табылады. Гуманистік психологияның негізін қалаушы А.Маслоудың көзқарасы бойынша, білім беруде осы тәсілді қолдану әр оқушыға жасына және тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес, жеке қажеттіліктерге және жеке өмірлік көріністеріне сәйкес білім беру ортасы мен білім беру процесін қамтамасыз етуі керек [3].
О.В. Дмитриева әдістемелік тұрғыдан былайша сипаттайды: "адаптацияланған мәтін – бұл белгілі бір оқырмандар тобына түсінікті болатын грамматикалық құрылымдар мен сөздер ғана қолданатындай етіп бейімделген мәтін.... Ағылшын тіліндегі бейімделген кітаптарда жеңіл грамматика бар, ал лексика көп жағдайда жалпы сөздердің белгілі бір бөлігін ғана қамтиды " [4]. Кейбір ғалымдар бейімделген нұсқаларда әртүрлі экспрессивтілік құралдар, идиомалар, фразеологиялық бірліктер аз болуына байланысты бұл шығармалар өздерінің даралығын жоғалтады деп санайды. Дегенменде, оған қарамастан оқушылар мәтіннің мазмұнымен таныса алады, мұғаліммен бірге негізгі ойды ашып, сөздік қорын жаңа сөздер мен сөз тіркестерімен толықтыра алады.
Теориялық тұрғыдан қарастырғанда, оқырман құзыреттілігін қалыптастыруда адаптацияланған мәтіндерді қолдану туралы С. Крашен "түсінікті енгізу" (comprehensible input) идеяларын ұсынған, мұнда оқу материалы оқушы түсінетін қиындық деңгейінде болуы керек. Яғни, бұл теория бойынша екінші тілді үйренушілер жаңа енгізуді түсінуі үшін, қабылдауы үшін қазіргі тіл деңгейінен сәл ғана жоғары тілдік ақпарат болуы керек делінген [5]. Тілді оқытуда әлеуметтік-мәдени контексттің маңыздылығын атап өтетін Выготскийдің оқу теориясының принциптері де маңызды. Осы теориялық негіздерді біріктіре отырып, бейімделген мәтіндер тек мағыналы енгізуді ғана емес, сонымен қатар оқушыларды мәдени дискурсқа қосуды қамтамасыз етеді [6].
Ағылшын тілі сабақтарында адаптацияланған мәтіндермен жұмыс жасауда материалдарды тиімді пайдалануды және студенттердің оқу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету үшін бірнеше кезеңдерді қамтиды:
  1. Сабақ тақырыбына, мақсатына және студенттер деңгейіне сәйкес мәтін таңдау;
  2. Күрделі сөз тіркестерін жеңілдетіп, түсініксіз сөздерді синонимдермен ауыстырып, түсініктеме қосу;
  3. Мәтін оқымас бұрын алдын ала талқылау және жаңа сөздермен таныстыру, тақырыпқа байланысты сұрақтар қою (pre-reading);
  4. Негізгі идея мен негізгі ақпаратты түсінуге баса назар аудара отырып, мәтінді оқыту (while-reading);
  5. Оқушылардан мәтін мазмұны бойынша пікірлері мен ойларын білу үшін сұрақтар қою, талқылау және мәтінде кездесетін тілдік құрылымдар мен лексикаға талдау жасау;
  6. Мәтін бойынша білімдерін бекіту үшін тапсырмалар дайындап, орындату, қатемен жұмыс жасау (post-reading);
  7. Оқушылардың мәтінмен өз бетінше жұмыс істеуі үшін қосымша материалдар немесе тапсырмалар ұсыну;
Жалпылай алатын болсақ, тек мәтіндерді ғана емес, сонымен қатар дайын адаптацияланған кітаптарды да ағылшын тілі сабағында қолдануға болады. Адаптацияланған материалдардың барлық түрлерін біріктіретін бірден бір фактор-бұл барлық шығармалар балалардың білім деңгейіне сәйкес бейімделуі. Мұндай кітаптар шығаратын баспалар шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне қарай бағдарланып шығарылады (The Common European Framework of Reference for Languages: Learning, Teaching, Assessment). Болон процессі мен шет тілдерін меңгеру деңгейлері жүйесіне арналған мақаласында О. Л. Федотова бұл құжат "шет тілін оқыту тәсілдерін жүйелеуге және тілді меңгеру деңгейлерін бағалауды стандарттауға негіз болғанын" атап өтті [7]. Тілді меңгеру деңгейін анықтау оқушылардың сөздік қорына, грамматикалық құрылымдар туралы білімдеріне, сөйлеу әрекетінің төрт негізгі түрін меңгеруге, сондай-ақ сөйлеу қарқынына, оқу жылдамдығына, мәтіндерді түсіну деңгейіне, ақпаратты есту арқылы қабылдау және оған дұрыс жауап беру қабілетіне байланысты деп қарастыруға болады.
Ағылшын тілі сабақтарында адаптацияланған мәтіндерді қолданудың бірқатар маңызды артықшылықтарын атап өтетін болсақ:
  1. Тілдік барьердің төмендеуі:
Адаптацияланған мәтіндер оқушылардың тілдік деңгейін ескере отырып жасалады, бұл тілдік кедергіні азайтуға және материалды түсінуге қол жетімді етуге мүмкіндік береді.
  1. Көп деңгейлі оқытуды қолдану:
Мәтіндерді әртүрлі деңгейде, қиындықта жасауға болатындықтан, олар мұғалімдерге әр оқушыға өз дағдыларына сәйкес мәтін беру арқылы көп деңгейлі сыныпты қолдауға мүмкіндік береді.
  1. Оқушыларды ынталандыру:
Қызықты және өзекті бейімделген мәтіндерді таңдау оқушылардың назарын аударып, олардың ағылшын тілін оқуға және үйренуге деген қызығушылығын оята алады.
  1. Нақты тақырыптарға көңіл бөлу:
Адаптацияланған мәтіндер оқушылардың қызығушылықтарына немесе оқу бағдарламасына қатысты нақты тақырыптарды талқылау үшін жасалуы мүмкін.
  1. Шынайы өмірде қолдану:
Аутентті материалдарға негізделген мәтіндерді пайдаланған кезде студенттер ағылшын тілінің шынайы өмірде қалай қолданылатыны туралы түсінік ала алады.
Қорытындылай келе, ағылшын тілін оқытуда оқушылардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыруда әртүрлі оқыту әдістері мен құралдарын кеңінен қолданбай шет тілін оқыту мүмкін емес десек те болады. Соның бірі адаптацияланған мәтіндер - шеттілдік білім беру жүйесінде оқырман құзыреттілігін қалыптастыруда тиімді тәсілдердің бірі екенін мақалада қарастырдық. Атап айтқандай, бұл тәсіл оқушыларға шеттілдік оқырман құзіреттілігін қалыптастыруда олардың деңгейіне сәйкес келетін мәтіндерді түсініп оқуға мүмкіндік береді, бұл тілдік дағдыларды қалыптастыруға және сенімділікке ықпал етеді. Маңыздысы, адаптацияланған мәтіндер әр оқушының жеке прогресіне септігін тигізеді, бұл әркімге өз қарқынымен алға жылжуына мүмкіндік береді.
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.    Bruner J. S. et al. Studies in cognitive growth. – 1966.
2.    Гальскова Н. Д., Гез Н. И. Теория обучения иностранным языкам. – Академия, 2007.
3.    Maslow A. H. A theory of human motivation //Classics in Management Thought-Edward Elgar Publishing. – 2000. – Т. 1. – С. 450.
4.    Дмитриева О. В. Эффективные способы использования адаптированной литературы на уроках иностранного языка и во внеурочной деятельности //Печатается по решению редакционно-издательского совета Арзамасского филиала ННГУ. – 2016. – С. 117.
5.    Krashen S. Second language acquisition //Second Language Learning. – 1981. – Т. 3. – №. 7. – С. 19-39.
6.    Выготский Л. С. Мышление и речь: психологические исследования. – Москва; Ленинград: Государственное социально-экономическое издательство, 1934.
7.    Федотова О. Л. Общеевропейские компетенции владения иностранным языком: изучение, преподавание, оценка //Вестник университета имени ОЕ Кутафина. – 2015. – №. 11. – С. 14-21.

 

 

 

Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
M02E6B9

Казахстан, г. Караганда