Звоните на номер:

2D, 3D ГРАФИКАНЫ ОРТА МЕКТЕПТЕ ADOBE AFTER EFFECTS КӨМЕГІМЕН БАҒДАРЛАМАЛАУ

Рахбаев АдайАмангалыевич
2 курс магистранты
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Қазақстан республикасы, Тараз қаласы
 
Дәйектеме
Компьютерлік графика – әр түрлі кескіндерді (суреттерді, сызбаларды, мультипликацияларды) компьютердің көмегімен алуды қарастыратын информатиканың маңызды саласы. Дербес компьютерді пайдаланушылардың қатарында компьютерлік графикамен айналысатындардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі кез-келген мекемеде кей уақытта газеттер мен журналдарға жарнамаларға тапсырыс беру немесе жарнамалық парақшалар мен буклеттер басып шығару қажеттілігі туындайды. Олардың кейбіреулері осындай жұмыстарды арнайы дизайнерлік бюролар мен жарнамалық агенттіктерге тапсырса, кейбіреулері қолда бар программалық құралдарын пайдаланып, өз күштерімен жасауға тырысады. Қазіргі танымал программалардың ешқайсысы компьютерлік графикасыз жұмыс істемейді. Статистикаға сүйенсек, жаппай қолданыста жүрген программаларды жасап шығарушы программистік ұжымның қызметкерлері өз жұмыстарының 90 % уақытын осы графикамен шұғылдануға жұмсайды екен. 
Түйін сөздер: компьютерлік графика, ақпарат, құзіреттілік, оқушылар,мектеп.
Көптеген мамандықтарда ақпараттық технологиялардың қолданылу аясы кеңейген сайын, иллюстрациялық және іскери компьютерлік графиканың пәндік маңызы артып келеді. Орта мектепте компьютерлік графиканы оқытуда ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру – болашақта қажет болатын іскерліктерді меңгерту еліміздің экономикасын жақсартуға ықпал етеді. Информатика курсындағы мазмұндық өзгерістерді уақыт талабына сай жетілдіру үшін Adobe After Effects  бағдарламаларын қосымша білім беруде қолдану – зерттеу жұмысының өзектілігін көрсетеді.
Компьютерлік графиканы меңгеру кез келген экономика саласы мамандарына қажетті дағдының бірі. Оны орта мектепте 2D және 3D модельдерді құрастыру арқылы танытады [1]. Алдағы уақытта ақпараттық құзыреттілік ақпаратты жинау, өңдеу және талдаумен шектелмей, компьютерлік графиканың көмегімен кеңістікті қабылдау, физикалық құбылыстарды модельдеу т.б. визуалды ақпараттың когнитивтік негізін жетілдіруге негіз болуы тиіс. Ақпаратты көріп қана қоймай, ақпараттың белгілейтін идеясын бағалау маңызды. Осы арада пәнаралық байланыс ақпараттық құзыреттіліктің барлық мамандықтар үшін қажеттілігін көрсетеді.
Визуализация – ерте балалық шақтан бастап адам дамуының табиғи, бастапқы негізі. Сондықтан кеңістіктік қиял – бұл технология, сәулет саласында ғана емес, ғылым, бизнес және экономиканың кез келген саласындағы кәсіби қызметтің негізгі компоненті. Білім беру саласындағы компьютерлік геометриялық және графикалық дайындықтың рөлі артып келеді, кез-келген ақпаратты визуализациялаудың жалпы тенденциясын ескере отырып, иллюстрациялық және іскери графиканың пәндік саласы кеңеюде.
Екінші жағынан, орта мектепте компьютерлік графиканы оқытуда ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру адам қызметінің барлық түрлеріне, кәсіби және бизнес салаларына бәсекелестікпен дайындықты қамтиды. Көрнекілік негіздерін меңгерту оқушының  ақпараттық технологияларды тиімді меңгеруіне ықпал етеді.
Соңғы жылдардағы компьютерлік графиканы оқытуда ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру бойынша зерттеулер ЖОО, қосымша білім беру жағдайында іске асты [2; 3]. Мектеп оқушыларына компьютерлік графиканы оқытуда ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру бойынша зерттеулер қарапайым Paint [4], немесе Photoshop [5], CorelDraw арқылы шектеулі зерттеулер жүргізілді [6].
Қазіргі кезде компьютерлік графика жоғары деңгейде дамып, графикалық өңдеу әдістері көптеген мамандықтар үшін қажетті құралға айналды. Сондықтан мектеп оқушыларына компьютерлік графиканы оқыту қажеттілігі арта түсті.
2017 жылғы 5-сынып информатика оқулығында Scratch көмегімен анимация дайындау қарастырылған болатын [8]. Ал 2020 жылғы оқулық бойынша 5-сыныпта оқушыларға компьютерлік графика тақырыбында сәулетші, астроном, дизайнер, инженер, ұшқыш, ғалым, суретші сияқты түрлі мамандықтар үшін маңызды екені түсіндіріліп, растрлық, векторлық графикалық редакторлар, растрлық және векторлық суреттерді құру, редакциялау және өңдеу Paint.NET редакторында іске асырылады [4].
2018 жылғы 6-сынып оқулығанда Inkscape бағдарламасы көмегімен векторлық графикамен, ал Paint бағдарламасымен растрлық графикамен примитивтерді қолдану жұмысы жасалса [9], 2020 жылғы оқулық бойынша компьютерлік графика SketchUp бағдарламасында 3D модельдер жасалып, слайсер программаларының тобына кіретін Cura программасы көмегімен 3D басып шығару іске асады [5]. Тәжірибе негізінде балалар графикалық примитивтерден күрделі объектілерді құра алады, графикалық редактор ортасында объектілерді жобалап, зерттей алады, объектілердің графикалық модельдерін құра алады. 2020 жылға дейін 3D принтер мектеп оқулықтарында үйретілмейтін. Алдағы уақытта 3D принтермен істелінетін жұмыстар мазмұны кеңеюі тиіс деп санаймыз.
7-сыныпқа арналған 2019 жылғы және 2017 жылғы «Информатика» оқулығында [7; 6] үшөлшемді графика Punch Home Design, ArCon, Realtime Landscaping Plus, Turbo FLOORPLAN Landscape and Desk 12, Autocad, 3D Max, ArchiCad бар екендігімен мағлұмат алғанмен, Google Sketch Up, Blender, PlantStudio, Sweet Home 3D, Terragen бағдарламалары айтылғанмен, ғимарат, жер бедері, өсімдіктер т.б. 3D модельдерді SketchUp тегін қолжетімді бағдарламасында ғана жасау іске асқан [7].
Алдағы уақытта информатика курсындағы мазмұндық өзгерістерді уақыт талабына сай жетілдіру үшін Adobe After Effects  бағдарламаларын 9 және 10-сыныптарда қосымша білім беруде қолдану қажеттігі туындап отыр. Өйткені болашақта барлық мамандықтар компьютерлік іскерлік графика, көркем графика, инженерлік графика, ғылыми графикамен тығыз байланысты болатындықтан, мектеп кезеңінен оқушының компьютер көмегімен графикалық өнімдерді дайындай білу машығын қалыптастырудың маңызы зор.
8-сыныпта компьютерлік графикаға қатысты тақырыптар қарастырылмаған [11].
9-сыныпта 2019 жылғы оқулықта PyGame кітапханасымен 2D ойын жасау барысында кейіпкерді анимациялау тақырыбы ғана оқылады [12].
10-сыныпта 2019 жылғы гуманитарлық бағытқа арналған Салғараева және т.б. оқулығында Windows Movie Maker бағдарламасы көмегімен бейнемен жұмыс, ВидеоМОНТАЖ, Pinnacle VideoSpin, Avidemux, VideoPad Video Editor, CyberLink PowerDirector, Corel VideoStudio Pro, AVS Video Editor, Movavi Video Editor танысып, AVS Video Editor бағдарламасымен жұмыс істеп үйренеді. Дизайн теориясын оқыған кезде Photoshop графикалық редакторымен жұмыс істейді және Wix.com сайтында сайт дизайнын жасап үйренеді [13].
10-сыныпта 2019 жылғы гуманитарлық бағытқа арналған Д.Н. Исабаева және т.б. оқулығында VideoPad Video Editor бағдарламасы көмегімен бейнефайлмен жұмыс жасалады. Веб-бетке арналған графика тақырыбында графикалық файлдарды түрлендіру қажеттілігі, графикалық файл пішімдерінің іртүрлілігі, Photoshop бағдарламасымен сайт дизайнын жасау қарастырылған. Сайтқа арналған графикалық элементтер – логотип, баннер, текстура құру жұмыстары орындалады [14].
Жаратылыстану-математикалық бағытқа арналған 2019 жылғы 10-сынып оқулығында HTML тілінде веб-сайт құрастыру кезінде суреттерді кірістіру іске асады [15, 170].
Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағыттарындағы 11-сынып оқушыларына арналған информатика оқулығында Image Composite Editor (ICE) – Microsoft командасы жасаған панорамалық сурет редакторымен, FreeDEXpano, Image Composite Editor бағдарламалырамен таныстыру көзделген [16; 17].
Біз 5 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі информатика курстарында әртүрлі авторлардың компьютерлік графикаға қатысты дайындаған білім мазмұнына қысқаша шолу жасадық.
Зерттелген материалдар негізінде компьютерлік графиканы зерттеуге әр сыныпта 1 тоқсан немесе тоқсан ішіндегі тарау уақыты бөлінетініне көз жеткіздік. Біздіңше, оқушыларға компьютерлік графика бойынша берілетін білім қазіргі заман талабына сай дамып отыруы керек.
Ақпараттық технологиялар бойынша білім мазмұны әрбір 7 жылда 50 пайызға ескіріп келеді, сондықтан ақпараттық құзыреттілік туралы айтқанда жаңа мамандықтар атласында пайда болатын жаңа мамандықтармен тығыз  байланыста қарағанымыз жөн.
Алдағы жылдары мектептердің барлығында 3D принтерлермен жұмыс жасалатын болғандықтан, үшөлшемді модельдеудің көптеген мамандықтарға қажетті машық болатыны айтылуда.
Осы тұрғыда орта мектепте компьютерлік графика бойынша берілетін білім мазмұны үнемі жаңарып отыруға тиіс.
Компьютерлік (машиналық) графика – компьютер көмегімен суреттерді жасауды, сақтау және өңдеу тәсілдерін зерттейтін қызмет саласы [19]. Интерактивті компьютерлік графика дегеніміз – интерактивті өзара әрекеттесу құрылғыларын қолдана отырып, пайдаланушының кескін мазмұнын, оның пішінін, өлшемін және түсін динамикалық басқару мәселелерін зерттейтін компьютерлік графика бөлімі. Компьютерлік графикадағы интерактивтіден басқа, 2D графикасы және үш өлшемді (3D) графикасы деп аталатын жазықтықта кескінмен жұмыс істеу әдістерін зерттейтін бөлімдер бар.
Үш өлшемді кескін екі өлшемді кескіннен ерекшеленеді, өйткені ол кейбір үш өлшемді көріністің математикалық сипаттамасына негізделген. Сахнаның математикалық сипаттамасы көбінесе үш өлшемді кеңістіктегі физикалық объектілердің моделі болып табылады. Осылайша, үш өлшемді кескінді алу үшін сахна мен ондағы объектілердің математикалық моделін құру керек, содан кейін материалдардың жарықтандырылуын ескере отырып проекция алу арқылы визуализация қажет.
Қорытындылай келе, оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруда Adobe After Effects  компьютерлік графика құралдарын пайдалану – оқушы белсенділігін арттыруға, алған білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын пайдалануға, сондай-ақ білімді өз бетінше іздеуге мүмкіндік береді.
Оқушы өзінің мүдделері мен мүмкіндіктеріне сәйкес жоба тақырыбын өзі таңдаған жағдайда, тақырыпты зерттеуге қызықтыруға және болашақ әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өз іс-әрекеттерін жоспарлау, әртүрлі жағдайларға байланысты шешім қабылдау, өзге оқушылармен бірлесіп жұмыс істеу оқушының түйінді құзыреттілігінің бірі – ақпараттық құзыреттілікті дамытуға негіз болады.
 
Қолданылған әдебиеттер тізімі
 
1. Мұхамбетжанова С.Т.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушыларына арналған оқулық. /С.Т.Мұхамбетжанова, А.С.Тен, Д.Н.Исабаева, В.В.Сербин. – Алматы: «Атамұра», 2017. – 176 б.
2. Методика изучения компьютерной графики в школе / учебно- методический комплекс – 2009 г. URL: http://pandia.ru/text/77/359/59201.php
3. Мухлаев В. А. Использование информационных технологий в развитии познавательной активности учащихся // Образование и саморазвитие. – 2012. – Т. 1, № 29. – С. 50-55.
4. Қадырқұлов Р.А., Нұрмұхамбетова Г.К.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2020. – 132 б.
5. Қадырқұлов Р.А., Нұрмұхамбетова Г.К.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2020. – 136 бет, суретті.
6. Мұхамбетжанова С.Т.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушыларына арналған оқулық. /С.Т.Мұхамбетжанова, А.С.Тен, Д.Н.Исабаева, В.В.Сербин. – Алматы: «Атамұра», 2017. – 176 б.
7. Қадырқұлов Р.А., Рысқұлбекова Г.К.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2019. – 192 б.
8. Көпеева Г.А. ж.б. Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Астана: «Арман ПВ баспасы», 2017. – 192 б.
9. Салғараева Г.И., ж.б. Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушыларына арналған оқулық. / Г.И.Салғараева, Г.Б.Илиясова, А.С.Маханова. – Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2018. – 176 бет.
10. Қадырқұлов Р.А., Нұрмұханбетова Г.К.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2020. – 136 б.
11. Қадырқұлов Р.А., Нұрмұханбетова Г.К.  Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларына арналған оқулық. / Қадырқұлов Р.А., Нұрмұханбетова Г.К.  – Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2019. – 184 б.
12. Кольева Н.С. Информатика. Жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушыларына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп», 2019. – 104 б.
13. Салғараева Г.И. т.б. Информатика. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 10 сыныбына арналған оқулық. – Нұр-Сұлтан: Арман ПВ, 2019. – 176 бет.
Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
M02E6B9

Казахстан, г. Караганда