Дата публикации: 13.10.2026
Жумахметова Гульдана
Аңдатпа
Бұл ғылыми мақалада TRT Avaz телеарнасы арқылы Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастыру ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеу барысында арнаның ақпараттық және мәдени бағдарламалары, жаңалықтар топтамалары мен деректі жобалары талданады. Қазақстан бейнесінің Түркия аудиториясына қалай ұсынылатынын, оның саяси, экономикалық және мәдени қырларының көрсетілу деңгейін анықтайды. Сонымен қатар, медиа мәтіндер арқылы екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыстардың насихатталуы мен түркі әлеміндегі интеграциялық үрдістердің көрінісі сарапталады. Мақала негізінде, TRT Avaz арнасы Қазақстанды заманауи, қарқынды дамып келе жатқан, түркі өркениетінің маңызды бөлігі ретінде танытуда маңызды рөл атқаратыны дәлелденеді.
Түйін сөздер: TRT Avaz, Қазақстан имиджі, медиа бейне, түркі интеграциясы, халықаралық коммуникация.
Кіріспе
Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттердің халықаралық беделін қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше маңызға ие. Әсіресе, шетелдік аудиторияға бағытталған халықаралық медиаарналар елдің мәдени, саяси және экономикалық бейнесін танытудың тиімді құралы болып отыр. Солардың бірі – Түркияның TRT Avaz телеарнасы. Бұл арна түркітілдес елдердің мәдениетін, дәстүрін және өзара байланысын көрсету арқылы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруды мақсат етеді. TRT Avaz – халықаралық арна. 2009 жылы құрылған бұл арна түркі тілдес елдер арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайту мақсатында жұмыс істейді. TRT Avaz өз хабарларын түрік, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен және татар тілдерінде таратады. Арнаның басты бағыттары: түркі халықтарының ортақ тарихи, әдеби және мәдени мұраларын таныстыру, түркі елдері арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсінікті арттыру, ақпараттық, ағартушылық және мәдени бағдарламалар арқылы Түркияның жұмсақ күш саясатын (soft power) ілгерілету, ортақ құндылықтарды дәріптеу мен түркі интеграциясын медиа арқылы қолдау. Одан бөлек, Түркия Орта Азияны «Түркістан» деп атауын өзгерту туралы идеологиясы да осы жұмсақ күш саясатының бір жанама дәлелі деуге болады [1].
Зерттеу жұмысының басты мақсаты – TRT Avaz телеканалындағы Қазақстанның медиа бейнесін талдау, ел имиджін қалыптастыруда қолданылатын негізгі ақпараттық және көркемдік тәсілдерді анықтау.
Зерттеудің міндеттері:
-
TRT Avaz телеканалының жалпы бағыт-бағдары мен ақпараттық саясатын талдау;
-
Арна эфиріндегі Қазақстанға қатысты материалдардың тақырыптық және жанрлық ерекшеліктерін анықтау;
-
Қазақстан бейнесін қалыптастыруда қолданылатын медиа құралдары мен символдық элементтерді (мәтін, бейне, музыка, дизайн т.б.) саралау;
-
Түркия аудиториясының қабылдауына әсер ететін мәдени және идеологиялық факторларды айқындау;
-
TRT Avaz арқылы берілетін контенттің Қазақстанның халықаралық имиджіне ықпалын бағалау;
-
Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпараттық және мәдени байланыстарды нығайтудағы арнаның рөлін көрсету.
Зерттеу жұмысында пайдаланылатын әдіс түрлері:
-
Контент-талдау әдісі – TRT Avaz телеканалының эфиріндегі Қазақстанға қатысты жаңалықтар, деректі фильмдер мен мәдени бағдарламалардың мазмұнын жүйелі түрде саралау үшін пайдаланылды.
-
Салыстырмалы талдау әдісі – Қазақстан бейнесінің әртүрлі бағдарламалар мен сюжеттерде қалай берілетінін салыстырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау мақсатында қолданылды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі
Тақырып халықаралық телеарна туралы болғандықтан, телеарнаның қоғамға әсері және халықаралық телеарнаның қаншалықты басқа мемлекеттерге әсері бар екенін анықтауымыз қажет. Оның көптілді хабар таратып, өзге ұлт өкілдерімен байланысуының маңызы өзекті. Себебі мұнда саясат, экономика және т.б. тақырыптардың араласуы айқын. TRT Avaz Түркияның телеарнасы болып, қазақша контент ұсынып, қазақша хабар таратуының негізгі идеологиясы қандай деген сұрақтарға жауапты осы зерттеу барысын жүргізе отырып, бірнеше теориялық әдебиет көздерінен жауабын таптық.
Бірінші қарастыратын зерттеу материалымыз, М.К.Барманкуловтың «Телевидение: деньги или власть?» кітабы. М.К.Барманкулов «Телевизия-қоғамға ықпал ететін саяси және идеологиялық күш» деген тезисі, осы кітаптың негізгі тұжырымы десек те болады. Себебі, кез-келген телеарна ол билікті, саясатты, қоғамдық пікір мен аудитория санасын қалыптастыруда стратегиялық рөл атқарады. М.К.Барманкулов телеарналардың редакциялық саясаты кездейсоқ емес дейді. Хабарлардың форматы, тақырып таңдалуы, сюжеттердің берілу стилі – барлығы саяси жағдайға, мемлекеттің ақпараттық стратегиясына, арнаның экономикалық тәуелділігіне тікелей байланысты дейді. Сол сияқты, TRT Avaz телеарнасының Қазақстан туралы ұлттық кино мен сериалдарды қазақша беруі, әр ақпараттық жаңалықтарда кемінде 1 хабардың Қазақстан туралы болуы телеарнаның оң көзқарас қалыптастырып, екі ел арасында коммуникацияны дамытып, экономикалық байланыстың нығаюына үлкен септігі бар [2].
Зерттеуде пайдаланған екінші материалымыз ол Dilan Çiftçi, Yusuf Akyel, İbrahim Özejder-дің «Public Broadcasting in The Turkish World Culture: Case of TRT Avaz» ғылыми мақаласы. Бұл мақалада TRT Avaz-дың құрылу тарихы, қанша тілде, қанша мемлекетке хабар таралатыны туралы жазылған. Бұл материалдан өз зерттеуімізге Қазақстан туралы берілген ақпараттарды сараптап алдық. Қазақстан туралы көбіне тарихи және мәдени ортақ ұқсастықтар мен ерекшеліктері туралы хабар таралатыны туралы айтылады. Осы дереккөз арқылы арнадағы Қазақстанға қатысты медиалық репрезентацияны жүйелі түрде қарастырып, оның негізгі тақырыптық және мазмұндық бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді [3].
Кез-келген мемлекеттің сыртқы имиджін шетелдік БАҚ құралдарынан бақылай аламыз. Бұл – мемлекетке қаншалықты пайдалы және шетелдік көзқарастардың ел туралы не ойлауына үлкен әсер етеді. Бұл туралы «Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастырудағы рөлі» атты мақаласында толық жазылады. Қазақ тіліндегі алғаш Қазақстан имиджі туралы мақала, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін және алғаннан кейінгі ел имиджінің деңгейін анықтайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдік аренада Қазақстан деңгейі атом-ядролық қарудан бас тартқан соң бір саты жоғарылаған.
Ғылыми мақалада «МТ/ОН = ir» формуласы және ел имиджін айқындайтын көрсеткіштерді ұсынған А.Смиттің методологиясы қолданылған.
МТ/ОН= ir.
Мұндағы:
-
МТ (Mass Media / Media Text) – бұқаралық ақпарат құралдарында таралатын медиа мәтіндер, хабарлар, образдар;
-
ОН (Object of Image) – имиджі қалыптастырылатын обьект, яғни мемлекет (ел);
-
ir (image result) – нәтижелік имидж, аудитория санасында қалыптасқан ел бейнесі.
Формуланың мәні: елдің имиджі медиада қалай ұсынылса, қоғам оны солай қабылдайды деген тұжырымға негізделген [4]. Біз бұл мақаладан өз материалымызға негізгі атқарушы функция ретінде де осы методологияны қолдана ала аламыз. Авторлар обьект имиджіне әсер ететін үш фактор бар:
1) Бұқаралық ақпарат құралдары; 2) Интернет; 3) Әлеуметтік-мәдени байланыстар деп 3-ке бөлген. Оның ішінде, медиа имидж қалыптастыруда БАҚ пен интернет үлкен рөл алады. Бұл тұрғыда Қазақстанның шетелдегі медиа имиджіне байланысты бірнеше мысалдар келтірілген. Біз өз мақаламызға медиа имидж қалыптастыру және оның әрі қарай дамуы туралы ақпараттарды тауып, қолдандық.
Түркі мемлекеттерінің мәдени бірлігі мен медианың рөлі мәселесін кешенді түрде талдаған еңбектерінің бірі – Nurettin Güz-дің «Türk Devletlerinin Kültürel Birlikteliği ve Medya» атты ғылыми шолу мақаласын айта аламыз. Автор аталған зерттеуінде түркі әлемі медиасының қалыптасу тарихын, жаһандану жағдайындағы даму үрдістерін және ортақ мәдени кеңістік қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын жан-жақты қарастырады. Зерттеуде TRT Avaz арнасы түркі халықтарына бағытталған негізгі халықаралық медиаплатформа ретінде сипатталып, оның түркі дүниесінде мәдени интеграцияны қамтамасыз етудегі орны айқындалады. Сонымен қатар, Қазақстан телерадио кеңістігі де түркі әлеміндегі ақпараттық алмасудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Автор Қазақстанның телерадио құрылымдарының, соның ішінде халықаралық бағыттағы хабар таратудың түркі дүниесіне арналған контент өндірудегі рөлін де жалпылама сипаттап өтеді [5].
Талқылау мен нәтижелер
TRT Avaz 2009 жылдан бері хабар тарата бастағаны туралы жоғарыда айтып өттік. Ал алғаш қазақ тілінде бағдарламалар мен жаңалықтарды 2012 жылдан бастап шығара бастады. Сол кезде арнада қазақ редакциясы құрылып, күнделікті жаңалықтар топтамалары да көрсетілетін болды. Алғашқы жылдары қазақ тіліндегі хабар таратуға «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығы да атсалысқан [6]. Қазіргі таңда Қазақстан және Орта Азия халықтарының жаңалықтарын күн сайын «Türkistan Gündemi» ақпараттық бағдарламасынан көре аламыз [7]. TRT Avaz күн тәртібінде Түркия әнұранынан бастап, бірінші Қазақстан жаңалықтары көрсетіледі. Қазақстан жаңалықтары күніне 2 рет, 5 минуттан беріледі. Таңғы 6:00 және 17:00 де. Одан бөлек, тарихи және мәдени бағдарламасында Қазақстандағы көне тарихи орындар мен құндылықтар көрсетіледі. Мысалы, дәл қазіргі бағдарламалар тізімінде Қазақстанға байланысты бірнешеуі бар. Олар: «Adım adım Türkistanda», «Sırderya», «Yesevi sohbetleri», «Şempionun yolçuluğu». «Adım adım Türkistanda» - Шекеден Ташкентке дейін, Бішкектен Астанаға дейін: қалалар бойынша саяхат бағдарламасы. Шрияр Иманбайли ұсынған бұл саяхат деректі фильмі көрікті жерлерді, жергілікті дәмді, халықтық мәдениетті және діни мұраны заманауи өмірмен үйлестіреді; ол жас цифрлық контент жасаушылардың көмегімен көшелердің тынысын жеткізеді [8].
«Sırderya» - «Өзен, мыңдаған әңгімелер: Түркістан аймағының өмірлік артериясы» - он бөлімнен тұратын деректі фильм. Аталған туынды Сырдария өзенінің Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылуынан басталып, дельтаға дейінгі географиялық кеңістігін кешенді түрде қамтиды. Фильмде өзен бойында орналасқан қалалардың әлеуметтік-мәдени өмірі, дәстүрлі қолөнер, ұлттық тағамдар және фольклорлық мұра жүйелі түрде көрсетіледі [9].
«Yesevi sohbetleri» - «Диуани Хикметпен» сәулеленген даналық жинағы. Мелек Угютен жасаған, режиссер Адалет Өзкан және Мұхаммет Бурак Яйла ұсынған, профессор доктор Мұса Йылдыздың апта сайынғы түсініктемелерімен бұл 26 минуттық жоба Ахмет Ясауидің даналығы мен ойларын зерттейді. Эпизодтар концептуалды тақырыптарға бөлінеді, бұл көрермендерге құрылымдық және оңай қабылданатын форматты ұсынады [10].
«Şempionun yolçuluğu» - Назым Қызайбайдың олимпиадалық жолы-ортақ мақтаныш тарихы. Кастамонудағы оқу-жаттығу лагерінен Бус Наз Сүрменелимен кездесуге дейін бұл жол жаттығу тәртібі мен мәдени бауырластықты біртұтас әңгімеге біріктіреді. Жаттығу жиындарының сахна артындағы егжей-тегжейлері спорттың көрінбейтін, қол жеткізу қиын жағын ашады. Бұл бағдарламадан қазақстандық спортшының жолы туралы, түрік журналисімен қазақ қызының сұхбатын көре аламыз [11].
Қазіргі таңда TRT Avaz телеарнасы да жасанды интелектті белсенді пайдалануда. Мақсат – ұлы адамдарды немесе тарихи оқиғаларды анимациялық форматта көрерменге қызықтыра отырып, ұсыну. Ол арнаның сайттарында 5-6 минуттық қысқаметражды видео ретінде жарияланып отырады. Шығарылымның атауы «İzler», яғни қазақша аудармасы «Іздер» деген мағынаны береді. Бұл дегеніміз – өткен ғасырлардың жолдарынан бізге жол сілтер, білім, ғылым жолында із қалдырған тұлғалар туралы ақпарат береді. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушысы Абай Құнанбайұлы туралы да бағдарлама шығарылымы бар [12]. Және оған түріктердің видео астына пікір қалдырып, тағы да толығырақ білгісі келетінін, түрік тіліне аударылған жазбалары бар ма деп, өз ойлары мен сұрақтарын қойғанын көре аламыз. Бұл дегеніміз, біздің тарихи тұлғаларымыздың өмір баянын жеткізіп қоймай, қазақ халқының мәдениеті мен тарихын өзге елдерге танытудың бірден-бір үлесі деп білеміз.
Бұл дәл қазір экраннан беріліп жатқан бағдарламалар. Архив бөлімінде осыдан алдын қазақша тарихи кино мен сериалдар да қазақ тілінде беріліп, тек түрікше субтитрмен жазылған. TRT Avaz телеарнасы Орта Азия елдеріне хабар тарататындықтан, Қазақстанда тікелей қосылған. Барлық теледидар спутниктары мен кабельдерінде бар. Және кез-келген қазақстандық тамашалай алады. Қазақстанға қатысты, жеке бағдарлама ретінде аз қамтылғанмен, түркі мәдени интеграциясы мен бірлігіне арналған мазмұндарда жиі көрінетінін көрсетеді. TRT Avaz-дың жаңалықтар бөлімі де Қазақстан туралы ең соңғы жаңалықтарды жылдам жариялап отырады. Және жоғарыда айтып өткен, Орта Азия елдерін «Түркістан» деп барлық TRT арналары тақырыптық атау беріп, жиі «Түркістан» сөзін қолданады [13]. Халықаралық тақырыптарда Қазақстан туралы арна жаңалықтарында бірден байқауға болады. TRT Avaz телеарнасының басқа халықаралық телеарналарға қарағанда ерекшелігі ұлттық, документалды фильм мен сериалдарды сол елдің ұлттық тілінде, еш өзгертусіз берілітінінде. Бұл біріншіден, кез-келген мемлекеттің имиджін медиа саласында бір сатыға көтереді. Екіншіден, Түркияның жұмсақ күш саясатын (soft power) оң көзқараспен қалыптастырады.
Мазмұндық тақырыптар бойынша мынадай түйін шығаруға болады.
Мәдениет және мұра: дәстүрлі музыка, би, ұлттық қолөнер, тарихи орындар, мәдени фестивальдер және этнографиялық сюжеттер басымдыққа ие.
Драмалар/сериалдар – негізінен, түркі әлемі туралы қойылымдарда қазақ актерлерінің эпизодтық рөлдері немесе қазақ мәдени элементтері көп кездеседі.
Музыкалық бағдарламалар – қазақ халық әндері, оркестрлік орындалулар, домбырамен берілген музыкалық қойылымдар көрсетіледі.
Жаңалықтар мен ақпараттық сегменттер – Қазақстандағы кейбір саяси, мәдени немесе әлеуметтік оқиғалар жаңалық топтамаларында бөлшектеп беріледі.
Жалпы алғанда, арна Қазақстанды түркі халықтарының мәдени және тарихи бірлігінің маңызды бөлігі ретінде позитивті сипатта көрсетеді.
Зерттеу барысында TRT Avaz халықаралық телеарнасында Қазақстанға қатысты көрсетілетін бағдарламалар мазмұнына талдау жасалды. Контентті іріктеу нәтижелері арнада Қазақстан бейнесі негізінен мәдени-тарихи және өркениеттік қырынан ұсынылатынын көрсетті. Атап айтқанда, деректі фильмдер мен арнайы репортаждарда елдің географиялық кеңістігі, тарихи мұрасы, дәстүрлі мәдениеті және табиғи ресурстары басым тақырыптар ретінде қамтылған. Жалпы алғанда, TRT Avaz телеарнасындағы Қазақстанға қатысты бағдарламалар елдің мәдени мұрасын, табиғи кеңістігін және тарихи сабақтастығын көрсету арқылы халықаралық аудиторияда жағымды имидж қалыптастырады. Алайда Қазақстанның қазіргі аясын кеңейтуге тағы да мүмкіндік берер еді.
Қорытынды
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, TRT Avaz халықаралық телеарнасы Қазақстанның медиа имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Арнаның қазақ тіліндегі хабарлары мен жаңалық топтамалары елдің мәдени, тарихи және өркениеттік бейнесін Түркия және жалпы түркі әлемі аудиториясына жүйелі түрде жеткізеді. 2012 жылдан бастап қазақ редакциясының құрылуы мен күнделікті жаңалықтар көрсетілуі Қазақстанға қатысты ақпараттық кеңістікті тұрақты түрде қамтамасыз етті. Зерттеу барысында бірнеше әдеби және ғылыми көздер пайдаланылды.
Бірінші топқа Қазақстан мен халықаралық медиа имиджін зерттейтін ғылыми мақалалар мен аналитикалық зерттеулер кіреді. Бұл материалдар мемлекеттердің сыртқы имиджін қалыптастырудағы медиа рөлі, медиа мәтіндер арқылы аудитория санасына әсер ету тәсілдері, сондай-ақ елдің саяси, экономикалық және мәдени бейнесін көрсету механизмдерін түсінуге мүмкіндік берді. Олардың арқасында TRT Avaz арнасындағы контенттің Қазақстанға қатысты стратегиялық мәнін және аудиторияға ықпал ету деңгейін бағалауға мүмкіндік туды.
Екінші топқа халықаралық медиа және теледидар саясатына арналған теориялық еңбектер жатады. Бұл материалдар телеарналардың редакциялық саясаты, хабар форматы мен тақырып таңдау критерийлері, ақпараттық стратегия мен саяси және мәдени ықпал қағидалары туралы түсінік берді. Осы дереккөздер арқылы TRT Avaz арнасының Қазақстан туралы хабарларын тек жаңалық ретінде емес, ел имиджін қалыптастырудағы құрал ретінде қарастыруға мүмкіндік туды.
Үшінші топқа түркі әлемі медиасы мен мәдени интеграцияны талдайтын зерттеулер жатады. Бұл әдебиеттер арқылы түркі тілдес елдер арасында ақпараттық және мәдени байланыстардың маңызы, ортақ тарихи және мәдени мұраларды насихаттау, сондай-ақ медиа арқылы түркі интеграциясын қолдаудың әдістері зерттелді. Сол арқылы TRT Avaz арнасының Қазақстан бейнесін түркі аудиториясына жеткізудегі стратегиялық рөлін анықтауға болады.
Қорытындылай келе, қолданылған әдебиеттер TRT Avaz арнасындағы Қазақстан контентінің мазмұнын талдауға, елдің медиа имиджін қалыптастыру механизмдерін түсінуге және халықаралық аудиторияға әсерін бағалауға негіз болды. Әдебиеттерді пайдаланудың негізгі мақсаты – зерттеудің теориялық және практикалық аспектілерін толық қамтып, ғылыми дәлелдерге сүйеніп қорытынды жасау.
Ал, контент-талдау нәтижелері көрсеткендей, TRT Avaz Қазақстанды негізінен мәдени-тарихи контекстте бейнелейді. Деректі фильмдер мен арнайы репортаждарда елдің тарихи орындары, фольклоры, ұлттық қолөнері, табиғи ресурстары және заманауи өмірінің үйлесімділігі көрсетіледі. Мысалы, «Sırderya» деректі фильмінде Сырдария өзенінің бойындағы қалалар мен ауылдардың әлеуметтік және мәдени өмірі, дәстүрлі қолөнер мен ұлттық тағамдар жүйелі түрде баяндалады, ал «Yesevi sohbetleri» жобасы Ахмет Ясауи даналығы арқылы мәдени және рухани сабақтастықты дәріптейді. «Şempionun yolçuluğu» бағдарламасы спорттық жетістіктер арқылы елдің заманауи өмірін және түркі мәдени бірлігін көрсетеді. Сонымен бірге музыкалық бағдарламаларда қазақ халқы әндері, домбыралық орындаулар және дәстүрлі би элементтері арқылы мәдени мұра аудиторияға таныстырылады. Осылайша, TRT Avaz арнасы Қазақстанның халықаралық медиа имиджін қалыптастыруда стратегиялық құрал ретінде қызмет етеді. Арна арқылы елдің мәдени-тарихи мұрасы дәріптеліп, екі ел арасындағы ақпараттық және мәдени байланыстар нығаяды. Сонымен қатар, арна түркі интеграциясын қолдай отырып, ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды көрсетеді, түркі әлеміндегі коммуникациялық, ақпараттық және дипломатиялық байланыстарды күшейтеді. Қазақстан бейнесі TRT Avaz хабарларында позитивті, бейтарап және тартымды түрде ұсынылу арқылы халықаралық аудиторияның санасында елдің жағымды имиджін қалыптастырады. Зерттеу қорытындылары бойынша, халықаралық медиа платформалар арқылы ел имиджін қалыптастыру мемлекеттердің сыртқы коммуникациялық стратегиясында маңызды рөл атқаратыны айқындалды, ал TRT Avaz арнасы осы процестің тиімді мысалы болды.
Әдебиеттер тізімі
-
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/675170-t-rkiya-ortaly-aziyany-t-rkistan-dep-atama (қаралған күні: 15.10.2025).
-
Барманкулов, М. К. Телевидение: деньги или власть? - Алматы : Санат, 1997. - 272 с.
-
Çiftçi, D., Akyel, Y., & Özejder, İ. (2021). Public broadcasting in the Turkish world culture: Case of TRT Avaz. Bilig, 97, 55–77.
-
Saudbayev, M. Kh., & Dinsilamova, A. Q. (2023). Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастырудағы ролі. Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Социологические и политические науки», (1(81)), 2023.
-
Güz, N. (2025). Türk devletlerinin kültürel birlikteliği ve medya. Selçuk İletişim Dergisi. https://doi.org/10.18094/josc.1583379
-
https://egemen.kz/article/38671-qazaq-turik-telekhikayasy (қаралған күні: 04.11.2025).
-
https://www.trtavaz.com.tr/program/turkistan-gundemi/21020 (қаралған күні: 07.11.2025).
-
https://www.trtavaz.com.tr/program/adim-adim-turkistanda/83286 (қаралған күні: 10.11.2025).
-
https://www.trtavaz.com.tr/program/sirderya/82982 (қаралған күні: 15.11.2025).
-
https://www.trtavaz.com.tr/program/yesevi-sohbetleri/82993 (қаралған күні: 21.11.2025).
-
https://www.trtavaz.com.tr/program/sampiyonun-yolculugu/82990 (қаралған күні: 03.12.2025).
-
https://youtu.be/8oSmNTsptc8?si=7IvCbKaFw0XVJUGU (қаралған күні: 12.12.2025).