Звоните на номер:

ШЕТЕЛ ТІЛІН ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН ОҚУ ВЕБ-САЙТТАРЫН ҚҰРУ

Қабдықалымқызы Әсем
Гуманитарлық ғылымдар магистрі
«Alikhan Bokeikhan University» ББМ
Қазақстан, Семей қаласы
Аманғазы Әсел Еркінқызы
Педагогика ғылымдарының магистрі
«Alikhan Bokeikhan University» ББМ
Қазақстан, Семей қаласы
 
АННОТАЦИЯ
 
Бұл жұмыста білім беру саласында заманауи веб-технологияларды тиімді пайдалану және Google Sites платформасы арқылы оқу мақсатындағы веб-сайт құру жолдары қарастырылады. Веб-сайтты әзірлеудің негізгі кезеңдері, құрылымы, дизайны және оқу материалдарын орналастыру мүмкіндіктері сипатталған. Зерттеудің мақсаты – білім алушылардың қажеттіліктеріне сай қолжетімді, ыңғайлы және тиімді веб-ресурс құру.
Қазіргі заманауи технологиялар күннен-күнге өзгеріп, дамуда. Сонымен қатар, еліміздегі білім беру саласы да жаһандық ақпараттанудан қалмай, бірге дамып келеді. Заманауи ақпараттық құрылғылар мен қосымшалар, соның ішіндегі веб -қосымшалар мен веб -технологиялар саласы даму қарқынымен және әлеуетімен барлығын таңқалдыруда. Бүгінгі таңдағы, веб –қосымшалардың функционалдық мүмкіндіктері кез- келген саланың ең маңызды қасиетіне айналды. Әсіресе, білім алу саласында мұндай парақшалар кешені үлкен өзгерістер енгізуде. Негізінен, пайдаланушылардың барлық қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыру үшін веб -қосымшаларды жобалау басында күрделі үдеріс болғаны рас. Кейіннен қолжетімді ақпараттар мен мәліметтер санының өсуі мен жүргізілген зерттеулерге сай веб-сайттарды әзірлеудің үрдісі оңайлана бастады. Әрине, қазіргі таңда қолданушылар санының өсуіне қарай парақшалардан алынатын қосымша мен деректерді сақтау, оны тиімді пайдалану басты мақсатқа айналуда. Алайда, интернет желісінің сервисін білім алу мақсатында пайдалану барысында қолданушылардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін веб -қосымшалардың да болғаны рас. Бұл мәселені шешіп, білім алушыларды қанағаттандыратын веб-сайттарды іздеу және жобалау барысында, біз барлық оқу бағдарламалық қосымшаларды өзара салыстырып, жұмыс жасау компоненттеріне сай бөліп қарастырсақ, өз қажеттіліктерімізге сәйкес функционалдылықты қосамыз немесе алып тастай алатын боламыз. Демек, бұл қолданушылардың сайттарды өз қажеттілігіне сәйкес пайдалануына мүмкіндік береді деген сөз. Ал веб-қосымшалардың өзі компоненттерге, яғни жүйеленген құрамдас бөліктерге жіктелгендіктен, біз сол компоненттерді салыстырып және тексере аламыз. Сәйкесінше, бұл әзірлеушілерге сол сайттарды жобалап, программалауға кететін уақытты қысқартуға, яғни үнемдеуге мүмкіндік береді. Біздің басты  мақсатымыз - пайдаланушының қажеттіліктеріне сәйкес келетін, өзгертілмейтін нақты қолжетімді, қолдануда ыңғайлы веб -сайтты құру процесін түрлендіру және жүйелеу.
Веб - сайт - бұл өндіруші мен қолданушылардың арасындағы ақпаратты жылдам әрі оңай тасымалдауды қамтамасыз ететін жалпыға қолжетімді веб –беттердің негізгі жиынтығы екені мәлім. Веб -сайттың негізгі мақсаты – ақпараттар мен мәліметтерді әр түрлі форматта көрсету және өзара алмасу: мәтіннен бастап бейне, аудио материалдар, суреттер және т.б. Мысалға, ең оңай әрі қарапайым сайт жасау үшін біз Google қосымшасын пайдаланған болатынбыз. Яғни, бұл желіде сайтты жобалау үшін Google есептік жазбасын немесе қарапайым Google дискіні қолдануға да болады:
1) Алдымен сіз Google платформасына кіруіңіз керек . Егер де өзіңіздің Google есептік жазбаңыз бұрыннан тіркеліп, сақталған болса, онда логин (телефон нөмірі) және парольге арналған бос орынға қажетті мәліметтерді енгізіп, есептік жазбаңызға кірсеңіз болады. Сәтті тіркелгеннен кейін сіз сол платформадағы «Диск» бөліміне өтіп, процесті бастай аласыз.
2) Егер сізде есептік жазба болмаса, оны бірнеше минут ішінде оңай әрі тез тіркелуге болады. Ол үшін барлық өрістерді толтыруыңыз қажет (аты, тегі, сіздің Gmail адресіңіз). Кейіннен, өзіңіздің пароліңізді жазып, «Келесі» түймесін басыңыз. Әрі қарай, сіз өзіңіздің есептік жазбаңызды телефон нөміріңізге келген код бойынша растауыңыз керек. Соңында, лицензиялық келісімді оқып, растап, барлық тармақтармен келісе отырып, сіз тіркеуді аяқтайсыз. Осылайша, сіз Google есептік жазбасын құрып, тіркеуден өтесіз. Енді сіз сайтты жобалауға қажетті «Диск» бөлімдері секілді құралдарды еркін пайдалана аласыз. Веб -сайт құру үшін Google Drive немесе жай ғана «Диск» бөліміне өтіп, «Әзірлеу+» батырмасын басу керексіз . Ашылмалы тізімдер қатарынан «Қосымша» тармағын, кейін «Google сайты» бөлімін таңдаңыз. Сіздің сайтыңыздың алғашқы беті автоматты түрде құрылды. Кейін оны қажетті ақпараттар және мәліметтермен толтыра отырып, өзіңіздің қалауыңыз бойынша өзгертіп, яғни интерфейс пен дизайнды таңдап, «Жариялау» батырмасының көмегімен интернет желісіне жариялай аласыз .
4) Сайт кезең -кезеңімен толтырылады. Алдымен өзіңіздің сайтыңыз үшін негізгі және жалпыға ортақ нәрселерді таңдау маңызды, мысалы: тақырып, бет атауы, сурет, мәзір (негізгі мәзір/ қосымша мәзір) .
Тақырып - бұл жүйеленген парақшаның қысқа және көлемді атауы. Ол қысқа болуы керек және сайттағы ақпараттар пен ресурстардың, яғни веб-қосымшаның мағынасын толық көрсетуі қажет.
Сурет - бұл сайттың алғашқы бетінде жарияланатын кескіндеме болса, логотип сол алғашқы беттің жоғарғы жағындағы веб-сайттың визуалды сәйкестігін бейнелейтін дизайн ретінде есептеледі. Көбіне, сурет және логотипті таңдағанда, ашық түстес графикалық дизайнды пайдаланған жөн.
Беттің атауы - беттің орталық бөлігінде орналасатын, парақшаны ашқанда бірден көзге түсетін мәтін. Бұл нұсқаулықта біз «Ағылшын тілі» («Amazing English») сөз тіркесін таңдадық. Бұл атау қолданушыға кірген беттің мазмұнын толық түсіндіруі қажет.
Содан кейін сайттың барлық басқару элементтерін қолдана отырып, қате әрекеттерді болдырмауға, сайт параметрлерін өзгертуге, мәзір, негізгі бет және ішкі беттер мен қосымша бөлімдерді толықтыра отырып, керекті дизайнмен сәндеп, айрықшалай аласыз. Сайтта сіз өзіңіздің логотипіңізді таңдап, оның суретін жүктеп, фондық суретті қоса отырып, ұсынылған үш нұсқадан тақырыптар түрін таңдап, барлық беттерге бір колонтитул жасай аласыз.
5) Қосымша материалдарды қосу үшін «Кірістіру» бөлімін қолданамыз. Әр түрлі бет элементтерін енгізуге арналған панель сізге қол жетімді болады. Олардың бүкіл тізімін құралдар тақтасын төмен айналдыру арқылы көруге болады. Төмендегі қосымшада бізге пайдалы болатын негізгі құралдар берілген. Осылайша, кез-келген қажетті элементтер мен батырмаларды ыңғайлы кезде қоса отырып, парақшаны жаңарта аласыз. Веб-парақшаңызға мәліметтерді өзіңіздің компьютеріңізден, Google Drive бөліміне сақталған тікелей тапсырмаларды немесе интернет желісіндегі суреттер мен аудио- және бейне-материалдарды жүктеуге болады. Drive ішіндегі нысан - Google Drive -тан электрондық кесте, мәтіндік құжат немесе презентация сияқты құжатты қосуға мүмкіндік бере отырып, уақытты үнемдеп, Google платформасында бірнеше бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Яғни, Google жүйесінен шықпай, уақытты үнемдей отырып, сайтқа қажетті материалдарды өз есептік жазбаңыздың көмегімен сақтай аласыз. Бастысы, тестілеу өткізуге арналған қосымша бағдарламалары да бар.
Сайтты материалдармен толтырғаннан кейін оны «Жариялау» қажет. Сәйкес түймені басу арқылы сайтыңызды интернет желісіне көпшілікке көрінетіндей жариялай аласыз. Бұл сіздің барлық жасалған өзгерістеріңізді қарауға қол жетімді етеді. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі уақытта веб -сайт құру өте оңай және қол жетімді. Ал ең бастысы - үнемді. Бұл ақысыз веб -сайт құрастырушысы Google Drive -та қарапайым сайттарды құруға мүмкіндік береді. Сіз әрқашан беттің төменгі оң жақ бұрышындағы қарындашты басу арқылы немесе Google Drive қосымшасын пайдалану арқылы керекті өзгерісті енгізіп, үнемі жаңартып жариялай аласыз. Бірақ есіңізде болсын, әр өзгерістен кейін сол өзгерістерді сақтап, сайтты қайта жариялап отыру қажет, әйтпесе ол күшіне енбей қалады .
 
 
Әдебиеттер тізімі:
  1. Қазтаева Г.М. Ағылшын тілі сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану. – Алматы, 2023.
  2. Атабаева Ф.К., Атабаева Г.К. Шетел тілін оқытуда интерактивті коммуникация. // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2018. – №3. – 173–177 б.
  3. Ақпараттық оқыту технологиясы арқылы қазақ тілін меңгерту: оқу құралы. – Павлодар: Торайғыров университеті.
  4. Білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану. – Оқу-әдістемелік материал.
  5. Ағылшын тілін оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану. // Educational Sciences Index.
  6. Ағылшын тілін меңгерудегі технологияның рөлі. // Qazaq Journal of Young Scientist. – 2026.
  7.  Warschauer, M., & Kern, R. Network-Based Language Teaching: Concepts and Practice. — Cambridge: Cambridge University Press, 2000.
  8. Warschauer, M., Shetzer, H., & Meloni, C. Internet for English Teaching. — Alexandria, VA: TESOL, 2000.
  9. Egbert, J., & Hanson-Smith, E. CALL Environments: Research, Practice, and Critical Issues. — Alexandria, VA: TESOL, 1999.
  10. Hubbard, P. (Ed.). Computer Assisted Language Learning: Critical Concepts in Linguistics. — London: Routledge, 2009
Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
010000

Казахстан, г. Астана