Дата публикации: 13.10.2026
Хадиша Нұрбекқызы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «7M03211- Халықаралық журналистика» БББ магистранты
Аңдатпа. Бұл ғылыми мақалада Қазақстан медиасында жеке өмірге қатысты тақырыптарды жариялау этикасының мәселелері талданады. Журналистер мен ақпарат құралдары жеке адамдар туралы ақпаратты жариялаған кезде қоғам мүддесі мен әр адамның өмір құқығын қалай теңестіру керектігі зерттеледі. Ғылыми мақалада Қазақстан медиасындағы жеке өмірге қатысты тақырыптарды жариялау мәселелері қарастырылады.
Ғылыми мақалада интернетте жарияланған журналист этикасына қайшы материалдар қарастырылады. Сонымен қатар, еліміздің медиакеңістігінде кәсіби этика талаптарын бұзған кейбір сайттар мен телеарналарға байланысты аудитория көзқарастары да сарапқа салынады. Сонымен бірге, медиаэтика тақырыбы бойынша отандық және шетелдік зерттеушілердің теориялық еңбектері, сондай-ақ соңғы жылдары жарық көрген ғылыми жұмыстар жіті қарастырылады.
Түйін сөздер: медиадағы этика, журналистика, жеке өмір, Қазақстан, құпиялылық.
Кіріспе
Соңғы жылдары қазақтілді медиаконтенттің сұранысы айтарлықтай артты. DataReportal деректері бойынша, жастар арасындағы 60–65% аудитория қазақша контентті таңдайды[1]. Қазақ тіліндегі цифрлық контентті тұтынушылар саны айтарлықтай өзгеріске ұшырап жатыр. Қатар өсіп келе жатқан бұл сұраныс медиа өнімдерінің сапасына, мазмұнына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты талаптардың күшеюіне алып келді. Қоғамда жарияланған материалдардың этика мен мораль нормаларына, дәстүрлі құндылықтарға сай келуі жиі талқыланып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу пікірталас тудырып отыр. Қазақстан медиакеңістігінде жеке өмірге қатысты ақпаратты жариялау тәжірибесінің жиілеуі, көрермен сұранысына сай жеке өмірге қатысты контенттің артуы және осыған байланысты этика талаптарының жиі бұзылуы зерттеу тақырыбының өзекті екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары медиа кеңістікте ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейтін контентке қарсы қоғамдық реакциялар күшейгені байқалады. Мысалы, 2022–2024 жылдар аралығында бірнеше телебағдарламаны жабуды талап еткен петициялар пайда болып, олардың кейбіріне 10 мыңнан астам адам қол қойған. Бұл қоғамның медиадағы жарияланған ақпаратқа деген талапшылдығы мен этика мәселелеріне сезімталдығының артқанын көрсетеді[2].
Бұл ғылыми мақалада біз медиаэтика теориясының негізгі қағидаларын талдай отырып, Қазақстан медиасындағы жеке өмірге қол сұғу, тексерілмеген ақпарат тарату, қаралым жинау мақсатында біреудің жеке трагедиясын пайдалану, өсек-аяңға құрылған материалдар және басқа тілден аударылған сапасыз көшірме контенттің таралуы сияқты мәселелерді зерттеу нысаны ретінде таңдап алдық. Зерттеу барысында «КТК», «Еуразия бірінші арнасы» секілді бұқаралық ақпарат құралдарының контенті талданып, олардың жеке өмірді жариялау тәжірибесінде қандай этика мәселелері бар екеніне баға беріледі. Сонымен қатар журналистердің кәсіби дайындық деңгейі, жазу мәнері мен сөз қолдану мәдениеті де назарға алынады.
Зерттеу мақсаты
Қазақстан медиакеңістігінде жеке өмірді жариялау барысында орын алатын негізгі этика мәселелерін анықтау, олардың себептері мен салдарын талдау және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат тарату мәдениетін жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеу.
Осы мақсат аясында келесі міндеттер анықталды:
-
Қазақстан медиасындағы жеке өмірге қатысты ақпарат тарату тәжірибесінің қазіргі жағдайын сипаттау;
-
«КТК» және «Еуразия бірінші арналарындағы» жеке өмірді жариялайтын материалдарды талдап, этика нормаларының қай тұстарда бұзылатынын анықтау;
-
Жеке өмірді жариялау мәселесіне қатысты медиа аудиторияның көзқарасын зерттеу (петициялар, қоғамдық реакциялар, пікірталастар);
-
Медиаэтика жөніндегі отандық және шетелдік теориялық еңбектерді қарастырып, ғылыми тұжырымдарды жүйелеу;
-
Жеке өмір мен қоғам мүддесінің арақатынасын сақтауға арналған ұсыныстар әзірлеу.
Қазақстан медиасындағы жеке өмірді жариялау мәселесі отандық және шетелдік ғылыми еңбектерде жанама түрде қарастырылғанымен, жүйелі түрде зерттелуі әлі де жеткіліксіз. Бұл зерттеуде журналистің кәсіби білігін арттыруға негіз бола алатын «Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0.» (2017), Р. Жақсылықбаеваның «Журналист этикасы» (2013), Т. Ғабитовтың «Қазақтың этикасы мен эстетикасы» еңбектері пайдаланылды. Сонымен қатар, медиаэтика мен журналистика теориясын халықаралық деңгейде талдаған Ли Уилкинс и Филип Паттерсонның «Медиа этика: мәселелер мен кейстер» (1991), Ли Энн Пек пен Гай С. Рилдің «Медиа этика. Жас мамандардың тәжірибесінен» (2018), сондай-ақ Билл Ковач и Том Розенстильдің «Журналистиканың қағидалары» (2001) атты еңбектеріндегі тұжырымдар басшылыққа алынды.
Аталған еңбектер медиадағыэтика мәселелерін жалпы теориялық және жаһандық деңгейде қарастырғанымен, Қазақстан медиасындағы жеке өмірге қол сұғу тәжірибесінің нақты көріністері, отандық жаңалықтардағы этика нормаларының бұзылу ерекшеліктері жеке әрі жүйелі түрде қарастырылмаған. Сондықтан бұл ғылыми мақала отандық медиадағы кемшіліктерді, жеке өмірге қатысты контент жариялау тәжірибесін нақты кейстер негізінде талдауға бағытталған зерттелу деңгейімен ерекшеленеді.
Зерттеу әдісі
Зерттеу жүргізу барысында жалпы ғылыми әдістер кешені қолданылды. Атап айтқанда, теориялық және эмпирикалық деңгейдегі бақылау, салыстыру, талдау, индукция, дедукция және аналогия тәсілдері пайдаланылды. Бұдан бөлек, Қазақстанның медиа кеңістігінде кездесетін этика талаптарына қайшы материалдарды саралау үшін контент-талдау, мәтіндік талдау, бақылау және болжау әдістері қолданылып, зерттеу нысанына объективті баға беруге мүмкіндік жасалды.
Талқылау
Соңғы жылдары Қазақстан медиакеңістігінде жеке өмірге қатысты ақпараттарды жариялау қарқыны айтарлықтай күшейіп отыр. Бұл үрдіс әсіресе рейтинг деңгейін көтеруге бағытталған телеарналар мен интернет-басылымдарда айқын көрінеді. Аудитория назарын жылдам тарту мақсатында біреудің жеке өміріндегі қайғы, тұрмыстағы жанжал, зорлық, отбасыдағы дағдарыс сынды сезімтал тақырыптар медиаматериалдардың негізгі нысанына айналып кеткен[3].
Телевизиядағы контентте де осыған ұқсас жағдай көрініс тауып отыр. «КТК» және «Еуразия бірінші арнасы» секілді кең аудиторияға бағытталған арналардың ақпараттық бағдарламалары мен арнайы жобаларында жеке адамдардың отбасылық жағдайларына, денсаулық мәселелеріне немесе өз трагедияларына қатысты материалдар жиі эфирге шығарылады. Көп жағдайда мұндай сюжеттерде ақпарат дереккөздерінің толық рұқсатын алу, дербес деректерді қорғау талаптарын сақтау, оқиғаның екі тарапын тең қамту секілді негізгі кәсіби қағидалар сақтала бермейді.
Қазақстандық телеарналардан жиі кездесетін бір түйткіл – қайғылы жағдайға тап болған балалардың бет-бейнесін жабусыз көрсету, сот үкімін күтпестен адамдарды қылмыскер ретінде көрсету, белгілі бір әлеуметтік топтарды кемсітетін сөз қолданысын пайдалану. Мұндай мысалдар журналистік сауаттылықтың төмендігін немесе бұқаралық ақпарат құралдарының этика нормаларын саналы түрде елемейтінін айқын көрсетеді. Бұл – қоғам үшін алаңдатарлық әрі ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе. Бұған «КТК» және «Еуразия бірінші арнасы» ақпарат бағдарламаларының өзі дәлел бола алады. Бұл телеарналардағы отандық бағдарламалардың сарынынан күні бұрын айып тағу мен өшпенділік тілін байқауға болады. Нақтырақ айтсақ, мынадай бірнеше мысал келтіруге болады:
2021 жылдың шілде айының аяғында әлеуметтік желілерде бір адамды жығып, телефонға түсіріп жатқан топтың видеосы тарады. Желідегі мәліметке қарағанда Қызылорда тұрғындары «кішкентай қызға зорлық жасамақ болған адамды ұстаған».
Бұл ақпаратты эфирге берерде «КТК» телеарнасы кінәсіздік презумпциясын ескермей, заң мен этика талаптарынан хабарсыз екенін аңғартты. Жүргізуші Ерланби Дәулетияр «Қызылордада бес жасар қызға тиіскен педофил ұсталды» деп хабарлады.
«Азғынның анайы әрекетін дер кезінде көршілері байқап, баланы аман алып қалды. Шынашақтай қызды арашалап қалған сәтті ұялы телефонға түсіріп алған. Кадрда көрініп тұрғандай, ашуға булыққан жұрт балаға қол жүгірткен еркекті жан-жақтан түтіп жеп жатыр. Белгілі болғандай, бес жасар баланы азғын әрірек әкетпек болған. Абырой болғанда, көршілер көріп, арам ойы іске аспай қалды. Қайта сазайын бермек болған халықтан қызқұмарды полицияның арашалауына тура келді. Бүлдіршінді бүлдірмек болған еркек қамауға алынды. Кінәсі дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін».
Хабарламада ақпарат көзі айтылмайды, демек, теория бойынша рас-өтірігі де белгісіз. Ақпаратта сөз болған адамның «кінәсі әлі дәлелденбегенін» журналистердің өзі де айтып тұр. Ақпарат құралы сот кінәлі деп таппаған адамды қылмыскер ретінде атауға құқығы жоқ. Кінәсіздік презумпциясы дегеніміз де осы. Ол туралы Қазақстан Конституциясының 77-бабында «адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі» делінген. ҚР Журналист этикасы кодексінде де кінәсіздік презумпциясы қағидасын ұстану туралы айтылған. Мұндай жағдайда журналист ешкімді кінәлі деп атай алмайды, қылмысы дәлелденген адам туралы ақпарат таратқанның өзінде «азғын», «қызқұмар» деген өшпенділік тілін қолдану – кәсіби этиканы білмеу. Сонымен бірге заңгерлер күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалмай тұрғанда оған қандай жаза қолданылатынын айту да дұрыс емес деп есептейді.
Телеарна журналистерінің мұнысынан видеода әлгі адамның түрі көрінбей қалғаны абырой болған деген ой туады. Телеарнаның YouTube-арнасында осы материалға «Полиция педофилді жұлып жатқан тұрғындардан әрең арашалады» деген тақырып қойылыпты. Сот күдіктіні кінәлі деп таппаса, ол осы ақпарат үшін телеарнадан моральдық шығын талап ете алады[4].
«Еуразия бірінші арнасы» да дәл осы оқиғаға қатысты ақпарат таратқан. Бірақ бұл жағынан «Еуразия бірінші арнасы» анағұрлым жауапты болып шықты.
Жүргізуші «Қызылордада жергілікті тұрғындар кішкентай қызға азғындық жасамақ болған ер адамды ұстап алды. Әлеуметтік желілерде педофилдің қолға түскен сәті таспаланған видео тарап жатыр» деп хабарлағанымен бұдан ары негізсіз айып тағудан сақтанып, сөйлемдерді байқап пайдаланады. Материалдағы адам «азғын» емес, «күдікті». Ең бастысы телеарна журналистері ақпаратты таратқан дереккөзді көрсетеді. Бұл ақпаратты полиция растағандықтан, негізі бар ақпарат екенін түсінеміз.
«Ашуға булыққан жұрт полицейден күдіктінің түрін көрсетуді талап етуде. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Бектұрғанов көшесінде тұратын азаматтар полицияға хабарласып, бүлдіршінге зорлық жасамақ болған ер адамды ұстап алғанын айтыпты. Тұрғындар күдіктінің бес жасар балаға тиіскенін көрген екен. Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта осы дерекке қатысты соталды тергеу басталды. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін шаралар жүргізіліп жатыр».
Қылмыс тақырыбындағы материал дайындағанда қандай дерек құқық қорғау органдарына, ал қайсысы ақпарат таратушыға тиесілі екенін нақты бөліп көрсету маңызды. Мұнда да дәлдік пен бейтараптық – заңның да, кәсіби этиканың да талабы. «КТК» арнасындағы Атырауда ақша бопсалады деп ұсталған қыз туралы сюжеттен күдіктіні полиция осылай сипаттады ма, әлде журналистер өздері осылай баяндады ма – оны ажырату қиын. Себебі кадр сыртындағы мәтінде ақпараттың қайдан алынғаны еш жерде көрсетілмеген. Күдікті «жас жігіттерді құрығына түсіріп жүрген», «бозбаланың әбден сеніміне кірген», «шаруа біткесін «зорлау фактісі бойынша үстіңнен іс қозғаймын» деп әбден қорқытқан» деп, жігіт «амалы таусылған», «полицияға шағымдануға мәжбүр болған», «басы бәлеге қалған» деп сипатталады. Полицейдің берген жауабы берілгенімен баяндау тәсіліне қарағанда телеарна бұл қылмысты өзі анықтағандай болып тұр. «КТК» материалды YouTube-арнасына «Хиджаб киген қыз зорладың деп миллиондаған ақша бопсалаған» деген тақырыппен жариялаған[5].
«Жаңа репортер» сайтының авторы Болатбек Мұхтаров аталған екі арнада жан түршіктіру мен виктимблейминг де көрініс табатынын дәлелмен көрсеткен.
Медианы зерттеушілер кісі өлімі, адамның ауыр жаралануы сияқты келеңсіз оқиғаларды хабарлағанда «ешкімге зиян тигізбеу немесе зиянды барынша азайту» қағидасын ұстануды ескертеді. Бұл қағида бірнеше негізгі талаптан тұрады:
• аудитория хабарланатын ақпаратқа қаншалықты мұқтаж екенін саралау;
• ақпаратты хабарлағанда қандай зиян келуі мүмкін екенін ескеру;
• ақпаратта аты аталатындарды, әсіресе зардап шегушілерді құрметтеу, өміріне қауіп, абыройына нұқсан келтіріп алмау;
• мәселенің мән-жайын әдеп бойынша баяндау;
• адам құндылықтарын, нәсіл, ұлт, дін, жыныс, дене бітімі, басқа да ерекшеліктерін ескеру;
• адамдардың жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты жарияламау[6].
«КТК» 22 шілдеде Шымкентте бір қыз бала теміржолдағы көпірде токқа түсіп, күйіп қалғанын хабарлады. Бағдарлама жүргізушісі «Жасөспірім теміржол үстіндегі көпірдегі темір қалқа торға шыққан. Телефонмен видео түсірмек болған кезде аспалы электр сымына жабысып өртене бастаған», – деді.
Бұдан кейін оқиға орнында болған адам токқа түскен кезде көпірдің үсті «салют сияқты атылғанын», «орыс қызын көргенін» айтады. Тілші оған «Шыңғырып жатты ма?» деп сұрақ қояды. Куәгер зардап шегуші «қимылдап жатқанын», «кәдімгідей жанып жатқанын», «ұзынынан жатқанын» айтуға мәжбүр болады.
Куәгердің пікірінен соң жүргізуші кадр сыртында «Оқиға орнында қыздың жанып кеткен киімінің шүберектері әлі торға жабысып тұр. Тіпті электр сымында қыздың шашы ілініп қалған», – деп хабарлады. Негізінде, сымға жабысқан шашты көрермен онсыз да кадрдан көреді.
«Жасөспірім телефонмен видео түсірмек болған» деп хабарлаған жүргізуші кейін «TikTok-қа видео түсіргісі келді ме, әлде басқа жағдаймен қауіпті орынға көтерілді ме, оны ешкім әлі айта алмайды» дейді, яғни зардап шегушіні жанама айыптайтын бастапқы ақпараты расталмаған. Бірақ материал авторлары бұған аса бас қатырмай, оқушы қалай өртенгенін тәптіштеп, жан түршіктіре баяндауға көшеді.
«Еуразия бірінші арнасы» бұл оқиғаны кадр сыртынан қысқаша ақпарат етіп хабарламай, сюжет жасауды ұйғарған. Тілші әлгі көпірден стендап жасап, куәгерлердің ақпаратын жеткізді, кадр сыртында «қызды ток ұрған кезде отшашу секілді болғанын», «қатты қиналған дауысы шыққанын», «ешкім көмектесуге беттей алмағанын», «қыздың денесі сүйегіне дейін күйіп кеткенін» айтты. Қыз токқа түскенде оқиға орны «түтіндеп, сасып кеткенін» айтқан куәгердің сөзін берді. Дәрігерлер тілшіге «қыз аман қалған күннің өзінде мүгедек болып қалуы мүмкін екенін» айтыпты. Сөйлеміндегі тавтологиямен, субтитрдегі қатемен бірге тілші электр тогы мен электр энергиясы екі басқа нәрсе екенін де ескермеген, бұл контексте әңгіме электр желісін токтан ажырату туралы еді. Сол себепті «төтеншеліктер келіп, электр энергиясын өшіргеннен кейін ғана күйіп қалған қызды төменге түсірген» деген сөйлем дұрыс емес. Бірақ тілшіге кәсіби талаптардан гөрі төтенше оқиғаның драмасын күшейткен маңыздырақ болған.
«Оқушы қыз не себепті торға көтерілгенін құқық қорғау органдары анықтауға кірісті» деп хабарласа да, телеарна бұл материалды YouTube-ке «TikTok-қа видео түсірмек болған қыз токқа түсті» деген атаумен жариялаған. Осылайша екі телеарна да оқиғаның себебі анықталмай жатып, кінәні зардап шеккен адамның өзіне бұратын (виктимблейминг) қорытынды жасайды.
«Еуразия бірінші арнасы» жаңалықтарының орысша нұсқасында бұл ақпарат басқаша сипатта: «Полиция 15 жастағы оқушының токқа түскеніне қатысты іс қозғады. Қызды суицидке итермелегендер болуы мүмкін».
Журналист өз мақаласында дисфемизмдер мен әлеуметтік стигматизацияға да мысал келіп, «трэш-журналистика» ұғымын тереңірек сипаттайды:
Ақпарат таратуда этиканы, кәсіби стандарттарды ескермеуді шартты түрде трэш-журналистика деуге болады. Өкінішке қарай, отандық телеарналардың ішінде «КТК» мен «Еуразия бірінші арнасының» ақпарат бағдарламасында осындай сипаттағы материалдар жиі көрсетіледі.
Трэш-материалдарға тән белгілер: кез келген төтенше оқиғаны ең жойқын, ең алапат, ең сұмдық жағдай деңгейіне көтере суреттеу; жыныстық қатынас, зорлық-зомбылық, қатыгездік, тағы сондай тақырыптарды бар деталін тәптіштеп, әуестене баяндау; жиіркеніш, өшпенділік сияқты жағымсыз эмоцияны үдететін тілді қолдану; ақпаратты әлеуметтік, моральдық, гендерлік, басқа да стереотиптерге сүйеніп тарату.
2021 жылдың 22-шілде күні «КТК» Түркістан облысында бірнеше ауылдың тұрғындары «жезөкшелер ордасына айналды деп жергілікті қонақүйге шүйліккенін» хабарлады. Қысқаша мәні: бір топ адам «қонақүйге жезөкшелер мен мас клиенттер келіп, ауылдың берекетін кетіреді» деп наразы. Ал қонақүй иесі «бұл ондай жер емес» деп ақталып отыр, осы кезге дейін полицияға ешкім шағымданбаған.
Осы материалда жыныстық қызмет ұсынатын әйелдердің әрекетіне наразы адамдар мен журналист қолданған тіл ерекшелігінің айырмасы болған жоқ. Ақпарат тілі бейтараптықтан ауытқымауды талап ететініне қарамастан жүргізуші де, тілші де дисфемизмдерді (жағымсыз реңк беру үшін немесе экспрессияны күшейту үшін бейтарап сөзді алмастырған неғұрлым тұрпайы балама) оңды-солды қолданған:
«Үнемі жеңіл жүрісті сылқымдар мен мастардың у-шуынан шаршаған ауылдықтар қонақүйге ондайларды жолатпасын деген талап қойды. Расында шылымды бұрқыратқан сылқым саудаласып отыр, бірақ «бұл қонақүйге қатысым жоқ» дейді. Жиналғандар қонақүй жеңіл жүрістілердің ордасы дегенімен ішке кіргенде жезөкшелерді таба алмадық.
Бұдан да дөрекі лексиканы төл сөзге қалдырған («Демалмай ұра береді, ыңқылдаған дауысы бар, басқасы бар», «Ақымақ емеспін жәлеп сататын, кіреберіске де жазып қойғанмын «Жәлеп жоқ» деп)».
Қолданылған экспрессив сөздер журналист жанжалдасушылардың мүдде-көзқарасына бейтарап емес екенін көрсетеді. Сөзінде «жезөкшелерді» айыптайтын тараптың ықпалы басым, арагідік сол тарапты қолдайды да:
«Демалыс орны ашылғаннан бері ішіп, шегіп алып жүретіндер көбейген көрінеді. Сондықтан ауылдың берекесін алған қонақүйдің мәселесін шешуге осында жиналды» («берекетін кетірген» деген тіркесті қолданғысы келген болуы керек); «Ал қонақүй әкімшілігі кім кіріп жатса да, бәрібір сияқты».
Қазіргі медиа үшін «жезөкше» сөзін қолдану да адамдардың белгілі бір тобын стигмалау, қорлық көрсету боп саналады.
Осы оқиға репортажында қонақүй қожайынының сөзі сауаттырақ болды: «Біреудің атына кір тақпа. «Жәлеп» дегенің үшін Алланың алдында жауап бересің. Қатты кетпе.» Тағы бір қызығы – видеодан қонақүй елді мекеннің ішінде емес, шетінде, тас жолдың бойында тұрғанын көруге болады. Оны YouTube қолданушылары да жазған.
Қонақүйге қатысты бұл мәселені «Еуразия бірінші арнасы» да көрсетті. 2 телеарнаның Шымкенттегі меншікті тілшілері бірдей тақырыпта жиі репортаж жасайды. Мәлімет үнемі бір дереккөзден алынады: видео да, сұхбаттар да сол күйі қайталанады. Тек мәтіндері ғана өзгеше беріледі. Осы сюжетте «Еуразия бірінші арнасының» тілшісі «түнгі көбелек», «ақшаға арын сататындар» деген тіркестерді қолданған.
Бала құқығын бұзу мен оларға зиян тигізу – ақпарат құралдарының этика принциптеріне жат нәрсе. Аудиторияның қайғылы жағдайлар, төтенше оқиғалар мен табу тақырыптарға құмартуы этика мәселесінен аттап кетуге жол бере алмайды. Журналист мамандығы кез келген ақпаратқа жан-жақты көзқараспен қарап, ешқандай мүдденің жетегінде кетпеуді, адамдарға нұқсан келтірмеуді талап етеді[7].
Жас журналистердің этикаға қатысты білімі мен дағдылары тек арнайы теориямен ғана шектелмей, күнделікті жұмыс тәжірибесі, әріптестерінің ықпалы, сондай-ақ жұмыс орнындағы этика мәдениетінің қалыптасуы арқылы нығая түседі.
Медиаэтика туралы зерттеген ғалым Дени Эллиот Сара атты кейіпкер мысалы арқылы кәсіби этика мен жеке мораль арасындағы күрделі байланысты көрсете отырып, журналист этикасы – тек сыртқы ережелер жиынтығы емес, тұлғалық кемелденудің көрсеткіші екенін дәлелдейді. Оның пайымдауынша, адамның моральдық кемелденуінің ең ұтымды шешімі – туған тілімізді меңгеру. Бұл екі процесс те бірізді дамуға негізделген. Екеуі де қоршаған ортамен тығыз байланысты болады, яғни адами тұрғыдан жетілу үшін айналаңыздағы адамдардың әсері көп деген сөз[8].
Ана тіліміздің, сөз әдебінің маңыздылығы туралы Римма Жақсылықбаева да мынадай пікір келтіреді: «Тіл – барлық мәдениеттің негізі, іргетасы. Ана тіліне иек артпаған ұлттық мәдениет мәдениет болып жарытпайды. Ана тілінде әдебиет оқымаса, ана тілінде хат-хабар жаза алмаса, ең бастысы, ана тілінде ойлай алмаса, ол баланың ауызекі тілін тілдік тұрғыдан білім деп есептеуге болмайды. Ана тілінің тағдырына атүсті қарау ұлттық мәдениетті соңында апатқа апарып тірейді. Осы тұста қоғамдық ойдың пәрменді құралы ақпараттың мемлекеттік стратегиялық маңызы орасан зор. Ең алдымен, ақпараттың ұжымдық қайнар көздері (іскер клубтар кездесулері, баспасөз мәслихат т.с.с. шаралар) қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Екіншіден, жазу мен сөйлеу мәдениетіндегі сауаттылықты журналистердің өздерінен бастау керек. Бұл орайда журналист қауымының атқарар жүгі де жеңіл емес. Әрбір журналист мемлекеттің, қоғамның, халықтың мүддесін дұрыс түсіне отырып, өз ісіне барынша адал қызмет етуі керек. Сонымен қатар, журналист этикасын дұрыс сақтап, ақпарат берудің мәдени нормаларын қатаң сақтаса, ұлт пен мемлекетке берері мол болмақ». Сөз әдебін сақтап, ана тілін құрметтейтін журналистерден әдептен озбайтын, нақты ақпарат беретін мықты маман шығады[9].
Нәтижелер
Зерттеу нәтижелері Қазақстан медиакеңістігінде жеке өмірге қатысты ақпаратты жариялау барысында этика нормаларының жиі сақталмайтынын көрсетті. Әсіресе рейтинг пен назар аударуды бірінші орынға қоятын телеарналар мен интернет-басылымдарда жеке тұлғалардың құпиялылығын бұзу, эмоциялық бояуы ауыр материалдар жасау, зорлық, қылмыс, трагедия секілді сезімтал оқиғаларды шамадан тыс драматизациялау кең таралған құбылыс екені анықталды[9].
«КТК» және «Еуразия бірінші арнасының» мысалдары журналистер тарапынан кінәсіздік презумпциясының бұзылуы, дереккөзге сүйенбеу, өшпенділік тілі мен дисфемизмдерді пайдалану, зардап шегушілерді айыптау (виктимблейминг), балалар құқығын қорғау талаптарын елемеу сияқты кәсіби этикаға қайшы әрекеттерді көрсетеді. Кейіпкер өз келісімін берсе де, аудиторияға зорлық фактілерін, әдепсіз көріністерді егжей-тегжейлі баяндап, қалыпты нәрседей көрсету – медиаэтикаға қайшы нәрсе[10].
Мұндай материалдардың көбеюіне аудитория талғамының өзгеруі, көрермен назарын жылдам тартуға бағытталған «трэш-журналистика» қағидаттарының белең алуы, сондай-ақ отандық медиада этика мәдениетінің жеткілікті деңгейде қалыптаспауы әсер етуде. Қоғам тарапынан пайда болған петициялар мен наразылықтар медианың әсерін, оның қоғамдық санаға ықпалын, сондай-ақ ақпарат құралдарына қойылатын талаптардың күшейгенін дәлелдейді.
Қорытынды
Зерттеу барысында медиаэтика теориясы мен халықаралық журналистік стандарттар жеке өмірді қорғау, зиян келтірмеу, ақпараттың дәлдігі мен объективтілігі, адам құқығын құрметтеу секілді қағидалардың маңызын тағы да бекітіп берді. Сонымен бірге тіл мәдениеті, сөз саптау, стигматизациядан аулақ болу, ұлттық құндылықтар мен моральдық нормаларды сақтау журналист жұмысының ажырамас бөлігі екені анықталды.
Осыған орай, отандық БАҚ үшін келесі бағыттарды жетілдіру өзекті болып табылады:
— жеке өмірге қатысты материалдарды жариялағанда кәсіби этика кодексін қатаң сақтау;
— журналистердің құқық және этика бойынша сауаттылығын арттыру;
— ақпарат көздерін дұрыс көрсету, тексерілген мәліметке сүйену, теңгерімді пікір беру;
— балалар, зардап шегушілер және күдіктілердің құқығын қорғайтын халықаралық стандарттарды енгізу;
— медианың тілдік мәдениетін, сөйлеу нормаларын жетілдіру;
— телеарналарда ішкі этика тұрғысынан бақылау механизмдерін күшейту.
Қорытындылай келе, Қазақстан медиасының әртараптанып, аудиториясы артқан сайын журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі де өсіп келеді. Жеке өмірді жариялау мәселелеріндегі этика талаптарын сақтау – тек кәсіби міндет қана емес, сонымен бірге азаматтық және моральдық ұстаным. Этикаға негізделген сапалы контент қалыптастыру – медиаға деген сенімді нығайтып, ақпараттық кеңістіктің мәдени деңгейін көтеретін маңызды шарт.
Пайдаланған дереккөздер тізімі
-
https://astanahub.com/kk/blog/chto-zhdet-digital-marketing-v-kazakhstane-v-2025-godu (қаралған күні: 02.10.2025).
-
https://spik.kz/1739-chto-kazahskoj-molodezhi-blizhe-nacionalnye-cennosti-ili-tv-shou-pro-ljubov.html (қаралған күні: 16.10.2025).
-
Асанов Қ. Д., Оразалиева А. А. Журналистің кәсіби этикасы және ұлттық менталитет / Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Журналистика сериясы. – 2023. – № 4.
-
https://www.ktk.kz/kz/news/video/2021/07/22/185857/ (қаралған күні: 19.10.2025).
-
https://youtu.be/5RnJmHd4gsw?si=x08i0vQ-zyx7chYe (қаралған күні: 19.10.2025).
-
Әбділдә, Ж. Қазақстандағы практикалық журналистика: оқу құралы / Әбділдә, Ж. – «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы, – Алматы, 2017. – 169 б.
-
https://newreporter.org/kz/2021/08/10/telearnalardyn-mediaetika-bojynsha-biliksizdigi-neden-bajqalady/ (қаралған күні: 13.11.2025).
-
Peck L. A. Media ethics at work: True stories from young professionals. – CQ Press, 2013.– 392 p.
-
Жақсылықбаева, Р. С. Журналист этикасы: оқу құралы / Р. С. Жақсылықбаева. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 230 б.
-
Ақсейіт Ғ. М., Кабдугалиев А. К. Медиаэтиканың өзекті мәселелері / Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Журналистика сериясы. – 2024. – № 2.