Дата публикации: 19.11.2025
Қазіргі таңда инклюзивті білім беру – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Бұл тәсіл ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен жастарға тең мүмкіндік беруді, олардың әлеуетін толық ашуды және қоғамға бейімделуін қамтамасыз етуді көздейді. Инклюзивті ортада әрбір бала өзінің қабілетіне қарай білім алуға құқылы, ал педагогтар мен мамандар олардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, оқыту процесін бейімдеуі тиіс.
Музыка өнері – адамның ішкі жан дүниесін байытатын, шығармашылық қабілетін дамытатын, эмоционалдық және әлеуметтік байланыстарды нығайтатын маңызды құрал. Әсіресе, ұлттық аспаптарды меңгеру арқылы оқушылар тек музыкалық қабілетін ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени мұрамен танысып, ұлттық болмысқа жақындай түседі. Домбыра – қазақ халқының рухани коды, эстетикалық танымының көрінісі. Оны инклюзивті тәсілмен үйрету – ұлттық өнерді баршаға қолжетімді етудің бір жолы.
Көру қабілеті нашар студенттерге домбыра үйрету – олардың музыкалық қабілетін, есте сақтау мүмкіндігін, есту сезімін, ырғақтық және моторлық дағдыларын дамытуға бағытталған кешенді педагогикалық процесс. Бұл мақалада осындай оқыту бағдарламасының мазмұны, мақсаттары, міндеттері, оқыту формалары мен ұйымдастыру принциптері жан-жақты қарастырылады.
Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның басты мақсаты – көру қабілеті бұзылған студенттерге ұлттық аспап – домбыраны меңгеру арқылы музыкалық қабілеттерін дамыту, шығармашылық еркіндікке қол жеткізу және әлеуметтік ортада сенімді әрекет етуге бейімдеу. Сонымен қатар, күй жанрын ұлттық өнер ретін қалыптастыру, оны болашақ ұрпаққа жеткізу және рухани бұлақ көзіне айналдыру көзделеді.
Бағдарлама міндеттері бірнеше бағытты қамтиды
Біріншіден, ноталық сауаттылықты қалыптастыруда Брайль жүйесі, аудиоматериалдар және тактильді құралдар қолданылады. Бұл тәсілдер арқылы студенттер ноталарды көрусіз тануға, музыкалық мәтінді меңгеруге мүмкіндік алады.
Екіншіден, ырғақ пен темпті сезіну қабілетін дамыту маңызды рөл атқарады. Бұл есту, дене қозғалысы және дыбыстық сигналдар арқылы жүзеге асырылады, нәтижесінде студенттер музыкалық шығармаларды ырғақтық дәлдікпен орындай алады.
Үшіншіден, домбырамен ойнау үшін қажетті моторлық дағдыларды қалыптастыру көзделеді. Қол мен саусақтардың үйлесімді қозғалысы арқылы орындаушылық техникаға бейімделу жүзеге асады. Саусақ моторикасын жетілдіру арқылы студенттер домбыра пернелерін нақты басып, дыбысты таза шығаруға үйренеді. Бұл дағдылар күй репертуарын меңгеруге және шығармашылық еркіндікке жол ашады.
Төртіншіден, концерттік орындауға дайындық жүргізіледі. Бұл студенттерге сахнада өзін-өзі сенімді көрсетуге, музыкалық шығарманы көрермен алдында орындауға мүмкіндік береді.
Нотаға дейінгі кезеңнің маңызы
Домбыра тартуды үйренудің ең маңызды кезеңі – ноталыға дейінгі кезең. Бұл кезеңде музыкалық аппараттың дұрыс жұмыс істеуінің негізі қаланады. Студент аспапты дұрыс ұстап, оң қол қағысы мен сол қол саусақтарды пернеге басуды үйренеді. Бұлшық ет жадысы дамып, болашақта күрделі шығармаларды орындауға дайындық жүргізіледі.
Музыкалық аппаратты қалыптастыру – домбыра техникасын сәтті меңгерудің негізі. Қол, саусақ, білек және иық белдеуінің үйлесімді жұмысы орындаушылықтың барлық аспектілеріне әсер етеді. Бұл кезеңде жіберілген қателер кейінгі оқытуда қиындықтар мен шиеленістерге әкелуі мүмкін. Сондықтан мұғалімнің әрбір элементке ерекше назар аударуы маңызды. Нотаға дейінгі кезеңде дұрыс моториканы қалыптастыру – студенттің болашақ музыкалық дамуына сенімді негіз қалайды.
Бұл кезеңде оқушының музыкалық аппаратын қалыптастырумен қатар, психологиялық жайлылық пен сенімділік те маңызды. Көру қабілеті шектеулі студенттер үшін бұлшық ет жадысы мен есту сезімі негізгі тірек құралдары болып табылады. Сондықтан оқыту процесі жүйелі, бейімделген және қолжетімді болуы тиіс.
Оқыту формалары мен ұйымдастыру принциптері
Бағдарлама инклюзивті білім беру принциптеріне негізделіп, арнайы әдістемелер мен құралдарды қолдануды көздейді. Оқыту формаларына жеке сабақтар, шағын топтарда жүргізілетін топтық сабақтар, практикалық және теориялық сабақтар, сондай-ақ аудио, тактильді және визуалды емес құралдарды біріктіретін аралас форматтар жатады.
Жеке сабақтарда әр студенттің көру қабілетінің деңгейіне қарай жеке тәсіл қолданылады. Брайль нотасы, аудиоматериалдар, тактильді белгілер арқылы оқыту жүзеге асады. Бұл формат студентке жеке қарқынмен меңгеруге мүмкіндік береді. Топтық сабақтарда 3–5 студенттен құралған шағын топта ансамбльдік орындау, ырғақтық сезімді дамыту үшін бірлескен қозғалыс жаттығулары жүргізіледі. Бұл әлеуметтік бейімделу мен коммуникацияны жақсартуға ықпал етеді.
Практикалық сабақтарда домбырамен ойнау, шығармаларды орындау, қол қимылдарын дамытуға арналған жаттығулар және концерттік дайындық қамтылады. Теориялық сабақтарда музыкалық сауат негіздері, ырғақ, нота, музыкалық терминдер, қазақ музыкасының тарихы мен домбыра өнері оқытылады. Аралас форматта аудио, тактильді, визуалды емес құралдар біріктіріліп, мультимедиялық ресурстар (дыбыстық жазбалар, QR арқылы тыңдау) пайдаланылады.
Ұйымдастыру принциптері ретінде инклюзивтілік, қолжетімділік, жүйелілік, қауіпсіздік пен жайлылық, тұрақты кері байланыс және шығармашылық еркіндік қарастырылады. Бұл принциптер оқыту процесінің тиімділігін арттырып, студенттің жеке ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Әр сабақтың құрылымы логикалық, қадамдық меңгеру мен қайталау арқылы бекітіледі. Сонымен қатар, оқытушы мен студент арасындағы тұрақты байланыс прогресті бақылауға, түзетуге және мадақтауға жол ашады.
Мақсатты топ және қолдану аясы
Бағдарлама арнайы мектептер мен инклюзивті сыныптарда оқитын студенттерге, көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін 10–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ 14–22 жас аралығындағы арнайы училищелер мен колледждерде оқитын студенттерге арналған. Сонымен қатар, музыкалық қабілеті бар, бірақ көру шектеуі бар балалар мен қосымша білім беру орталықтарындағы зағип балалар топтары да бағдарламаға қатыса алады.
Қолдану аясы кең: музыкалық бағыттағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, арнайы білім беру мекемелері, жалпы білім беретін инклюзивті сыныптар, балалар музыка мектептері, өнер орталықтары, мәдениет үйлері, сондай-ақ тифлопедагогтар мен музыка мұғалімдері үшін әдістемелік құрал ретінде. Бағдарлама жеке оқыту траекториясы бойынша үйде оқытылатын оқушыларға және инклюзивті шығармашылық жобалар мен фестивальдерге дайындық барысында да қолдануға ұсынылады.
Оқыту формасы күндізгі оқу, жеке және топтық сабақтар түрінде ұйымдастырылады. Бұл тәсіл оқушылардың әлеуметтік ортада белсенді болуына, шығармашылық қабілетін көрсетуіне және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Домбыра үйрету бағдарламасы – көру қабілеті шектеулі студенттердің музыкалық қабілетін дамытуға бағытталған инклюзивті білім беру үлгісі. Арнайы әдістемелер мен құралдарды қолдану арқылы бұл бағдарлама ұлттық өнерді баршаға қолжетімді етуге, шығармашылық әлеуетті ашуға және әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның жүйелі құрылымы мен оқыту формалары студенттердің музыкалық дамуына сенімді негіз қалайды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Аханова Ж.Б. (2024) Зиятында бұзылыстары бар оқушыларды жалпы білім беретін мектепте оқытуға арналған арнайы жағдайларды ұйымдастыру-әдістемелік аспектілері. Алматы: АИБД ҰҒПО.
2. ҚР Оқу-ағарту министрлігі. (2023) Инклюзивті білім беру бойынша нормативтік-құқықтық құжаттар жинағы.
3. Syrboyi.kz (2024) Музыка сабағанда ерекше білім беру қажеттілігі балалармен оқу процесін ұйымдастыру.