Дата публикации: 20.03.2022
Ж.Ж. Молдабаева
1 курс магистранты
Аннотация. Мақалада автор қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары ретінде жазаны кейінге қалдыру институтын құқықтық реттеудің кейбір мәселелерін қарастырады.
Қаралып отырған институттың құқықтық негіздері зерделенді, кейбір шет елдердің жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы қылмыстық заңнамасының нормаларына талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша автор жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындады.
Түйінді сөздер: жазаны өтеуді кейінге қалдыру, қылмыстық заң, қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шаралары, қылмыстық құқық бұзушылық.
Егемен еліміздегі ең басты әрі құнды құжаты – Конституция. Қазақстан Республикасының Конституциясында қоғамда өмір сүріп жатқан адамның құқықтары, бостандығы, ары, міндеттері анық жазылған. ХХІ ғасырда Заңдық сауаттылық аса маңызды екенін естен шығармауымыз керек. Адам қандай да бір қылмыстық іс жасаған болса, ол міндетті түрде жазаланады себебі заң баршаға ортақ.
Жалпы, адамзат өмір сүріп жатқан дүниедегі тәртіптің орнауы тікелей Заңға байланысты. Себебі Заң – өмірдің, қоғамның, тіршіліктің нәрі десек қателеспейміз. Заң қай заманда болмасын мықты, адал, әділ болуы шарт. Заң жасқа да, жасамысқа да ортақ, тең.
Құқық бұзған адамға қабылданған заң бойынша қылмыстық іс қозғалатыны анық. Сол себепті де біз ең бірінші жаза дегеніміз не деген заңды сұраққа жауап бергенді жөн санаймыз. Қылмыскер азаматтың қылмысына қатысты сот үкімі шыққан соң әрбір мемлекеттің өзіне тән қылмыстық заңдарында көрсетілген арнайы баптар бойынша қолданылатын шараны – жазалау деп атаймыз. Жазалаудағы мақсат – өмірде әділеттілік заңын орнатып, қылмыс жасаған адамды тәрбиелеп, түзу жолға салып, тәртіпті адамдар қатарына қосып, болашақта қылмыс жасауға жол бермеу. Осы көзделген басты мақсаттар орындалса қылмыстық істердің саны да азаяр еді. Алайда қоғамда әртүрлі адам болғандықтан қылмыстың да түр-түрі орын алуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жаза тағайындалар кезде ең бірінші қылмыстың сипаты жан-жақты қаралады. Қылмыстың қай түрін алып қарасақ та ол ешқандай жолмен ақталмайды. Себебі қылмыстың аты қылмыс. Екінші, қылмыстың қоғамға, қоршаған ортаға қатер төндіретін деңгейі, дәрежесі ескеріледі. Үшінші қылмыскердің жеке басы, мінезі ескеріледі. Осы аталған ескертулердің барлығы жинақтала келе қылмыс жасаған айыпталушының жазасын ауырлату я жеңілдетуге қатысты мән-жайлар қатаң ескеріледі. Десе де жазаны айыпталушының болашақта түзеліп, түзу жолға түсуіне, отбасылық жағдайына да қарап қабылдайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 74-бабында жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыруы туралы нақты жазылған. Енді жазаны өтеуді кейінге қалдыруға кеңінен тоқталайық. Жазаны өтеуді кейінге қалдыру, дербес қылмыстық-құқықтық институт бола отырып, экономикалық жазалау құралы, ең алдымен қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдетуге ғана емес, сонымен бірге өзінің негізгі мақсатын – сотталған адамды қатаң тәртіпте жазаны іс жүзінде өтемей түзеуді көздейді. Бұл жаза түрі уәкілетті лауазымды тұлғалармен басты бақылауға алынады. Қылмыстық құқықта бұл институттың болуы Қазақстан Республикасының қылмыс жасаған адамға мемлекет тарапынан қамқорлығы деп түсінген жөн. Алайда жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы нормалардың даму тарихы өз кезегінде біздің Республикамыздың қылмыстық құқығында болуының тиімділігі мен қажеттілігін растайтыны анық. Бірақ барлық жағымды жақтарымен жазаны өтеуді кейінге қалдыру институты айтарлықтай реформаны қажет ететіндігін жасыра алмаймыз.
Елімізде жазаны өтеуді кейінге қалдыру мәселесі бойынша бірнеше көрнекті заңгер ғалымдар айналысуда. Олар Қазақстан Республикасының Конституциясының шеңберінен шықпай, жазалаудың тиімді түрлерін ұсынып, сол ұсыныстарын қорғауда біршама нәтижелі еңбек етіп келеді. Барлық ғалымдардың жазаны кейінге қалдыруды қолдану мәселелеріне әсер еткен ғылыми зерттеулері осы нормаларды жетілдіруге елеулі үлес қосты десек артық болмас. Алайда, мемлекетіміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың түбегейлі өзгеруіне байланысты кейінге қалдыру институты бірнеше рет реформаланғандықтан, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында да реформа жүргізілді. Қазақстан Республикасында қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес жазаны өтеуді кейінге қалдыру мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер іс жүзінде аз жүргізілген. Осыған байланысты қылмыстық заңнаманы жетілдіру мақсатында талқылауға және зерттеуге ашық проблемалық мәселелердің тұтас кешені туындады. Ал жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы нормаларды дұрыс қолдану тәжірибесі осы мәселе бойынша теориялық ұсыныстарды қажет етеді. Бұл ұсыныстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасында көзделген жазаны өтеуді кейінге қалдыру институтын терең және жан-жақты ғылыми зерттеу нәтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін болады.
1996 жылғы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Үлгі Қылмыстық кодексінде Қылмыстық кодекстің алты негізгі қағидатына тікелей сілтеме жасалған. Олар заңдылық, заң алдындағы теңдік, жауапкершіліктің бұлтартпастығы, кінәлілердің жауапкершілігі, әділеттілік және гуманизм принципі. Бұл елдерге Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан кіреді. Қазақстанның Қылмыстық кодексінде, сондай-ақ Грузия мен Украинаның қылмыстық заңдарында қылмыстық құқықтың қағидаларына арнайы арналған нормалар жоқ. Дегенмен кейбір нормалар қылмыстық құқықтың жекелеген институттарының мазмұнын ашатын бірқатар нормаларды көрсетеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы нормалар қылмыстық құқықтың барлық дерлік принциптеріне сәйкес келеді. Бірақ бұл ретте жазаны кейінге қалдыру институты, ең алдымен, гуманизм және әділеттілік қағидаты сияқты қағидалардың көрінісі болып табылатынын атаған жөн. Жазаны өтеуді кейінге қалдыру ережелері ең алдымен гуманизм қағидасымен сіңген. Өйткені жазаны өтеуді кейінге қалдыру дегеніміз – қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін нормаларды жүзеге асыруда кінәлілерге адамгершілікпен қараумен тікелей байланысты. Гуманизм қағидасына сәйкес жазаны өтеуді кейінге қалдыру институты бірінші, қылмыстық қуғын-сүргін шараларын сақтауға мүмкіндік береді. Өйткені ол кінәліге оны іс жүзінде өтемей-ақ қылмыстық жазаның негізгі мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Екінші, жәбірленушіге деген адамгершілік қатынаспен сипатталады. Өйткені ол жасаған қылмысы үшін кінәлінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне толық сәйкес келетін қылмыстық жауаптылықты белгілеу арқылы қол жеткізіледі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы нормалар азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидатын қоспағанда, қылмыстық құқықтың барлық негізгі принциптеріне сәйкес келіп тұр. Бұл принцип ең алдымен Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендігін басты назарға алғанымыз дұрыс. Жалпы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында: «Қылмыс жасаған адамдар тегіне, әлеуметтік жағынан заң алдында тең. Мемлекеттік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, қоғамдық бірлестіктерге мүшелігіне, тұрғылықты жеріне немесе кез келген басқа мән-жайларға байланысты» деп нақты көрсетілген. Қысқасы, қылмыстық іс жасаған айыпталушының барлығына Заң бірдей жүреді.
Қылмыстық құқықтың жазаны тоқтата тұру туралы нормалар арқылы да жүзеге асырылатын келесі маңызды принципі – әділеттілік принципі. Бұл принцип жоғарыда қарастырылған гуманизм принципімен тығыз байланысты. Бұл туралы атақты заңгер ғалым И.И.Карпец: «Әділ дегеніміз – адамгершілік», деп текке айтпаған. Жазаны өтеуді кейінге қалдырған жағдайда, жазаны тағайындаудағы әділеттілік принципі жазаны саралау арқылы да, дараландыру арқылы да жүзеге асырыла береді. Жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану туралы істер бойынша сот жаза тағайындау кезінде бірінші кезекте сотталушының жеке басын ескереді. Содан кейін ғана жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін және істің басқа да мән-жайларын бағалайды. Одан әрі жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану кезінде сот әділдік принципін жүзеге асыру арқылы жазаны жекелейді. Бұл орайда әділдік, ар алдындағы тазалық аса маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыру арқылы жаза тағайындауда әділеттілік принципінің жүзеге асырылуының тағы бір дәлелі – кейінге қалдыру қолданылған жағдайларда оны жеңіл де, қатаң қылмыстық-құқықтық шара ретінде де қарастыруға болмайды. Ол жасалған қылмыстың ауырлығына және істің басқа да мән-жайларына сәйкес бағаланады. Бұл жайында көрнекті заңгер ғалым В.Е.Квашис: «Біріншіден, шектен тыс қатаң жазалар сотталғандар арасында ашу-ыза мен әділдікке сенбеушілік сезімін тудырады, сондықтан оларды түзеу мен қайта тәрбиелеуге кедергі жасайды. Екіншіден, шектен тыс ауыр жазалар сотталған адамға және оның туыстарына қажетсіз азап әкеледі» деп өте орынды айтқан. Сондықтан да ауыр жазадан бұрын біз қылмыскердің қайта түзеліп, қайта тәрбиелеуге мүмкін болатындай, қоғамда өз орнын қалыптастыратындай етіп жаза қодануды басты назарға алғанымыз дұрыс.
Қысқасы, барлық дерлік шет мемлекеттердің (Англия, АҚШ, Франция, Жапония және т.б.) қылмыстық заңнамасында пробация ережелері немесе жазаны іс жүзінде орындамай (шартты түрде соттау және кейінге қалдыру) жүзеге асыруға бағытталған басқа да құралдар бар екенін атап өткен жөн. Мынадай белгi байқалады: пробация туралы ережелер немесе жазаны iс жүзiнде орындамай өтеу мүмкiндiгiн көздейтiн өзге де нормалар Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген шартты соттау мен жазаны өтеудi кейiнге қалдырудың белгiлерiн біріктіреді. Сонымен қатар, елімізде жазаны кейінге қалдыру және қосымша жаза тағайындалған жағдайда олар орындала беретіндігі баршаға мәлім. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының үкімімен сотталған А. 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды Қылмыстық Кодексінің 74 бабына сәйкес жаза өтеу кейінге қалдырылды және қосымша жаза ретінде 2 жыл көлік құралын жүргізуден айырылды. Қылмыстық атқару кодексінің 73-бабаны байланысты қосымша жаза үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі өз уақытында жүре береді. Ал Беларусь мемлекетінің Қылмыстық кодексінің 77-бабында бастапқы және қосымша жаза түрін кейінге қалдырылады. Дәл осыны біздің де Қылмыстық Кодекске енгізілгені дұрыс деп есептейміз.
Қорыта келей Қазақстан Республикасының заңында жазаны өтеуді кейінге қалдыруды жаза ретінде қарастырмайды, ол қылмыстық құқықтық ықпал ету шарасы ретінде көзделген. Қылмыстық құқықта бұл институттың болуы Қазақстан Республикасының қылмыс жасаған адамға мемлекет тарапынан қамқорлығы деп түсінген жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Қазақстан Республикасы Конституциясы
-
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
-
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі
-
online.zakon.kz порталы
-
Карпец И. И. Индивидуализация наказания в советском уголовном праве. 1961жыл. 152 бет.
-
Квашис В. Е. Гуманизм советского уголовного права. — М.: «Юридическая литература», 1969. — 149 с.
-
Тәжікстан Республикасының Қылмыстық кодексі — Душанбе, 1998. 400 бет.
-
Беларусь Республикасының Қылмыстық кодексі – Минск: Тесей, 2001жыл 312 бет
-
Түркменстан Республикасының Қылмыстық кодексі — Ашхабат: 1997 жыл 352 бет
-
Ресей Федеарациясының Қылмыстық кодексі — Издательская группа ИНФРА-М-НОРМА, 2004жыл 210 бет
-
Қырғызстан Республикасының Қылмыстық кодексі — Бішкек: «Раритет Инфо», 1998 жыл — 152 бет
-
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД Байқоңыр ауданы пробация қызметі мұрағатынан жеке істер.