Звоните на номер:

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ РОЛІ

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ РОЛІ
 
 
Әбдіраманова Айгүл Темірханқызы,
философия ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
 
Қоғам — мәдениет әлемінің ажырамас  бөлшегі. Қазіргі қазақ қоғамындағы  мәдени және әлеуметтік өмірде гендерлік теңдік ер мен әйелдің өзара қатынасы мен олардың қоғамдағы орны ерекше мәнге ие. Қазақ халқы үшін жанұя – тек бірге өмір сүретін адамдар ұғымынан биіктеу, ол ұлттың рухани тірегі және мәдени, адамгершілік құндылықтардың  бастауы. Қазақ отбасындағы ер мен әйелдің жауапкершілігі мен орнын ғасырлар бойы салт-дәстүр, мәдениет және өмір салты айқындап келген мәдени болмыстың көрінісі.
            «Гендер» ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми тұрғыда кеңінен зерттеле бастады. Бұл бағыттың дамуына қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер, әйелдер құқығын қорғауға бағытталған қозғалыстар және адам мен қоғам туралы жаңа философиялық көзқарастар әсер етті. «Гендер» сөзі тек жынысты білдіретін биологиялық ұғым емес, ол адамдар арасындағы әлеуметтік рөлдерді, мінез-құлық нормаларын және мүмкіндіктер теңдігін сипаттайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, әлемнің көп бөлігінде әйелдерге ерлермен тең құқық берілмегенін көреміз. Орта ғасырларда Еуропада әйелдерге білім алу, меншік иесі болу немесе қоғамдық өмірге қатысу құқығы берілмеді. Кейбір елдерде әйелдердің дауыс беруі немесе өз ісін жүргізуі тіпті заңмен шектелген. Тіпті ХХ ғасырдың басына дейін көптеген мемлекеттерде әйелдер саясатқа қатыса алмады. Мұндай теңсіздік қоғамның дамуына кері әсер етіп келгенін байқауға болады.
Уақыт өте келе өркениетті елдерде бұл жағдай өзгерді. Әйелдер білім алып, түрлі салада еңбек ете бастады, саясат пен бизнеске араласып, қоғамда өз орнын тапты. Осылайша гендерлік теңдік мәселесі халықаралық деңгейде маңызды тақырыпқа айналды.
Қазақстан да тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытта елеулі қадамдар жасалды. Елде ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың қоғам өмірінің барлық саласына тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін мемлекеттік саясат қалыптасты. Гендерлік саясаттың негізгі бағыттары – экономикалық мүмкіндіктерге тең қолжетімділік, билік органдарында әйелдердің үлесін арттыру, отбасы ішіндегі құқықтар мен міндеттердің теңдігін сақтау және әйелдердің қоғамдық белсенділігін қолдау.
Қазақ әйелінің тарихи рөлін қарастыру арқылы қазіргі замандағы гендерлік саясаттың мәдени негізін түсінуге болады. Қазақ мәдениетінде әйелді ерекше қадірлеген. Қазақ әйелдері отбасында ғана емес, ел өмірінде де маңызды орын алған. «Әйел – өмірдің бастауы, отбасының берекесі» деген терең түсінік қалыптасқан. Осы тұрғыда қазақ қоғамындағы әйелдің рөлін айқындау – ұлттық құндылықтар мен заманауи үрдістерді ұштастырудың маңызды бағыты болып саналады.
Қазақ қоғамында әйел әрдайым жоғары мәртебеге ие, ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің болашағын қалыптастырушы тұлға ретінде бағаланған. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығы – қазақ халқының әйелге деген көзқарасының айғағы деп білеміз.
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында әйел бейнесі аналық мейірім, даналық пен тұрақтылықтың символы ретінде қалыптасқан. Ежелгі түркі және қазақ мифологиясында Ұмай ана бейнесі – өмір мен құт-берекенің, ұрпақ жалғастығының киелі бастауы. Бұл әйел тұлғасының рухани деңгейдегі маңызын көрсетеді.
Дәстүрлі қазақ отбасында әйел еріне серік, бала тәрбиешісі, қоғамда өзіндік орынға ие адам. Бұл – қазақ қоғамының патриархалды болуына қарамастан, әйелдің беделі әрқашан жоғары болғанын дәлелдейді.
Қазақ халқының тәрбиелік жүйесінде отбасы институты ерекше орын алады. «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығы баланың адамгершілік қасиеттері мен мінез-құлқының қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталатынын білдіреді. Қазақ дәстүрінде балаға кішіпейілділік, үлкенге құрмет көрсету, өзгенің құқығын бұзбау, ұят пен арды жоғары ұстау сияқты моральдық құндылықтар ата-ананың үлгісі арқылы дарытылады.
Отбасы – баланың тұлғалық дамуы мен рухани қалыптасуының алғашқы және негізгі ортасы. Осы орайда ата-ана – баланың өмірлік ұстазы, бағыт-бағдар берушісі, сенім мен махаббаттың қайнар көзі болып табылады. Ата-ананың тәрбиелік қызметі жан-жақты: олар бала үшін әрі ұстаз, әрі кеңесші, әрі қорғаушы рөлін атқарады. Отбасындағы қарым-қатынас үлгісі арқылы бала өз мінез-құлқын қалыптастырып, әлеуметтік нормаларды меңгереді.
Бала тәрбиесінің бастауы – отбасы. Ата-ана – тұлға қалыптастыру үдерісіндегі ең алғашқы және ең маңызды тәрбиеші. Баланың бойында адамгершілік, бауырмалдық, мейірімділік, инабаттылық, әдептілік сияқты қасиеттердің қалыптасуы ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың жеке үлгісіне байланысты. Тәрбиенің бұл түрі сөзбен емес, күнделікті іс-әрекет, мінез-құлық және қарым-қатынас арқылы жүзеге асады.
Ата-ана баланың психологиялық және мінез-құлықтық ерекшеліктерін жете түсініп, оның жан дүниесіне назар аударуы қажет. Баламен дұрыс қарым-қатынас орнату, оның пікірі мен сезімін ескеру – тұлғалық дамудың маңызды бөлігі. Бұл тұрғыда ата-ананың баламен өзара сенімді әңгіме жүргізе білуі үлкен мәнге ие. Өкінішке орай, қазіргі таңда кейбір ата-аналар жұмысбастылық пен тұрмыстық себептерді алға тартып, баламен ашық сөйлесуге уақыт таппай жатады. Алайда, бала тәрбиесінде ата-ананың назарын алмастыратын өзге институт жоқ. Отбасындағы өзара сыйластық пен мәдениеттілік – бала мінезінің айнасы. Үлкендердің дауыс көтеріп сөйлеуі, бала көзінше біреуді ғайбаттау немесе ұрыс-керіске баруы баланың психологиялық дамуына теріс әсер етеді. Сол себепті ата-ана өз іс-әрекеті арқылы өнеге көрсетуі керек. Бала алдында мәдениеттілік, сабырлылық және әдептілік таныту – тәрбие үдерісінің негізгі қағидаларының бірі.
Қазақ халқы ананы тіршіліктің, өмірдің, мейірім мен тұрақтылықтың қайнар көзі деп таныған. «Ана – өмір шырағы», «Ананың ақ сүтімен дарыған» деген тіркестер халық санасында қалыптасқан мәдени кодтар қатарында. Ана арқылы бала тек өмірге келіп қана қоймай, адам болудың, ұлт болмысын бойына сіңіреді. Қазақ әйелінің дәстүрлі бейнесі – мейірімді, сабырлы, инабатты, сөзге тоқтаған, ел ішіндегі татулық пен берекенің ұйытқысы. Бұл сипаттар жай мінез емес, мәдени рөлдер жиынтығы. Мәдениеттанулық тұрғыдан алғанда, ананың қоғамдағы бейнесі – ұлттың дүниетанымын көрсететін символдық бейне. Сондықтан қазақ мәдениетінде ананың қасиеті туралы түсініктер тек этикалық емес, философиялық деңгейге көтеріледі.
Ана мен бала арасындағы қатынас – адамның алғашқы әлеуметтік тәжірибесі.
Бала ең әуелі ананың мейірімінен әлемді тани бастайды. Бұл процесс психологиялық деңгейде ғана емес, мәдени деңгейде де жүреді. Бесік жыры, әлди, ертегі – қазақ әйелінің ұрпаққа мәдени құндылықтар мен дәстүрді бойына дарыту, сіңіре  тәсілі. Бесік жыры – тек ұйықтату құралы емес, рухани сабақтың алғашқы түрі. Онда ана баласына елге адал болуды, батылдықты, еңбекқорлықты үйретеді.
Мысалы:
      «Балам, балам, балғамсың,
        Аспандағы жұлдызсың.
        Елің сүйер ұл болғын,
        Есейгенде тұлпарсың.» бұл өлең жолдарынан ананың болашақтағы үміті мен тәрбиелік ниетін көре аламыз. Мұндай мәтіндер арқылы бала өз ұлтының дүниетанымын сезінеді. Жалпы аналық өнеге – ұлттың мәдени тәрбие жүйесінің басты арнасы болып табылады. Аналық өнеге тек мейірім мен қамқорлықтан тұрмайды, ол – мәдени мінез-құлық нормаларының негізі. Қазақ аналары тәрбиеде қатаңдық пен жұмсақтықты үйлестіре білген. Бұл тепе-теңдік ұлттық психологияны қалыптастыруда маңызды болған.
Қазақ зиялыларының еңбектерінде де ана тәрбиесінің мәні ерекше айтылған.
Ыбырай Алтынсарин «Баланы дұрыс тәрбиелеу – елдің болашағын тәрбиелеу» десе, Абай «Бала мінезінің негізі – ананың сүтімен бірге кіреді» деген.
Бұл жерде ананың қоғамдағы мәдени ролін аңғаруға болады. Қазақ қоғамында ананың беделі тек отбасы шеңберінде шектелмейді, сонымен қатар ана ұлттың рухани тұрақтылығының тірегі. Аңыздар мен эпостарда аналар ұрпағын ел мен жерге адалдыққа баулиды. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында ананың батасы батырдың рухани қаруына айналады. Ананың өнегесі қоғамдағы этикалық тепе-теңдіктің де кепілі. Ол отбасындағы моральдық нормаларды қалыптастырып, кейін ол қоғамдық мінез-құлыққа айналады. Сондықтан аналық өнеге – жеке отбасының емес, ұлттық мәдениеттің тұрақтылығын сақтайтын жүйе.
Қорыта келгенде, қазақ қоғамындағы әйелдің әлеуметтік және рухани тәрбиелік рөлі – ұрпақтың рухани, адамгершілік және мәдени дамуының негізі болып табылады. Бала өз өмірінде еститін әрбір сөзді, көретін әрбір іс-әрекетті бойына сіңіреді. Тарихтағы аналар бейнесінен бастап қазіргі замандағы іскер, білімді және көшбасшы әйелдерге дейінгі эволюция – қоғамның прогреске ұмтылысын көрсетеді. Бұл үдерісте гендерлік теңдік маңызды рөл атқарып, әйелдің және ердің бірдей әлеуметтік, мәдени және рухани міндетін мойындау арқылы ұлттық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
.
 
Аңдатпа
Бұл мақалада қазақ мәдениетінде бала тәрбиесінің өзегі болып табылатын аналық өнеге ұғымы гендерлік мәдениет тұрғысынан қарастырылады. Автор дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдің әлеуметтік және рухани рөлін талдай отырып, аналық өнегенің бала тәрбиесіндегі мәдени, психологиялық және моральдық ықпалын көрсетеді. Мақалада ананың тұлғалық және тәрбиелік ролі ұлт мәдениетінің тұрақтылығымен байланыстырылып, қазіргі заман жағдайындағы гендерлік рөлдердің трансформациясы да қарастырылады.
 
Түйін сөздер: аналық өнеге, бала тәрбиесі, қазақ мәдениеті, гендерлік мәдениет, рухани құндылық, дәстүр, әйел бейнесі.
Аннотация
В данной статье рассматривается понятие материнского примера как ядра воспитания детей в казахской культуре с позиции гендерной культуры. Автор анализирует социальную и духовную роль женщины в традиционном обществе, раскрывая влияние материнской модели на культурное и нравственное формирование личности ребёнка. Отмечается, что материнское воспитание является ключевым элементом в сохранении национальных ценностей и культурной идентичности. Также исследуется трансформация гендерных ролей в современном казахстанском обществе.
 
Ключевые слова: материнский пример, воспитание, казахская культура, гендер, традиции, духовность, женская роль.
 
Қаржыландыру
 
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен қаржыландырылды жəне «Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалы: дәстүрлі және инновациялық көзқарастар» ғылыми жобасы аясында дайындалды. Грант AP26101317.
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
 
1.Калдыбаева Б.С. Қазақстанның философиялық дүниетанымындағы әйел феномені / Б.С. Калдыбаева. — Алматы, 2022. — 129
2.Сағыбаева З. Қазақ әйелдерінің публицистикалық мұрасы: канд. дис. автореф. / З. Сағыбаева. — Алматы, 2010. — 168 б.
3.Смайлова А.Т. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2006. 296 б.
4.Ажгихина Н. На пути к обретению силы //WE/МЫ: Диалог женщин. Специальный выпуск. – М.: Эслан, 2000. – С.16.
5. Денисова,А.А.  Гендерный  конфликт.  Словарь  гендерных  терминов  [Текст]/ А.А.Денисовой. –М: Информация XXIвек, 2002 –256 с.

 

 

 

Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
010000

Казахстан, г. Астана