Дата публикации: 16.11.2025
ЕРЛЕРДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ: ГЕНДЕРЛІК
МӘДЕНИЕТ ТҰРҒЫСЫНАН ТАЛДАУ
Әбдіраманова Айгүл Темірханқызы
философия ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақстан
Гендер күрделі әрі көпқырлы ұғым. Гендерлік рөлдер – биологиялық жыныс пен әлеуметтік-мәдени ерекшелік (еркектік, әйелдік белгілерінің айыра көрсету үшін, мәдени дәстүрлер, биліктік қатынастар арқылы тұжырымдалуы) шекарасын бөліп көрсету мақсатында енгізілген термин. Дәстүрлі түрде қоғамда бинарлық тұжырымдамасы пайдаланылды, тек екі түрге — ер және әйел деп қатаң бөлу, яғни екі қарама-қарсы формаға бөлу. Бұл тек ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық қана емес, қоғамдағы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің негізгі құралы. Гендерлік ұғымдар арқылы мәдениет адамдардың мінез-құлқын, рөлдерін және символикалық құндылықтарын қалыптастырады.
Қазақ қоғамындағы гендерлік қатынастарды түсіну үшін ең алдымен кеңістік пен уақыт шектеуін бұзатын дәстүрлі мәдениет пен өмір салтының ерекшеліктерін қарастыру қажет. Себебі кез келген қоғамдағы гендерлік рөлдер мен олардың бөлінісі мәдениет арқылы қалыптасады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде әйел мен ер адамның әлеуметтік мәртебесі мен міндеттері табиғи және рухани тепе-теңдік принципіне негізделген. Гендерлік теңдік философияда тепе-теңдігі арқылы көрсетіледі: біреуі артық немесе кем болса, үйлесім бұзылады. Заманауи мәдениетте бұл идея ер мен әйелдің міндеттерін бөлісуде, эмоциялар мен күштерін теңгеруде қолданылады.
Отбасында әртүрлі рөлдерді қалай бөлу керегін өздері шешуге, сонымен бірге гендерлік нормаларды ұстанғысы келетінін де таңдауға құқылы болуы қажет. Мысалы, егер отбасыда ер адам да, әйел да жұмыс істеуге дайын болса, бұл қалыпты саналады. Ал егер жұмыс істеуді тек ер адам немесе тек әйел қаласа, егер екеуі де осылай отбасын қамтамасыз етуге келіссе, бұл да қабылдануға тиіс қағида болып табылады. Бұл жерде таңдау еркіндігінің болуы бірден-бір шарт болып есептеледі. Кез келген жағдайда, қоғам ретінде біз әркімге міндеттерін өзара бөлуге мүмкіндік беруіміз керек, әсіресе кәсіби салада. Екі жыныстың өкілдеріне тең көзқарас танытылып, кез келген салада бәсекеге түсуге бірдей мүмкіндіктер берілуі қажет.
Соңғы уақыттағы гендерлік сәйкестілік, қатынастар және рөлдердің қалыптасуына тарихи факторлардың ықпалына қатысты дәлелдер едәуір көбейді. Соңғы жылдары зерттеушілер гендерлік қатынастар мен институттардың дамуын, сондай-ақ олардың ғасырлар бойы қоғамға тигізген ықпалын тереңірек зерттеуге қызығушылық таныта бастады. Тарихи зерттеулер гендерлік мәселелерді, әсіресе әртүрлі әлеуметтік контексттегі рөлдер мен қатынастарды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және қоғамдағы гендердің өткен мен бүгінгі кездегі бейнесін жан-жақты бағалауға көмектеседі. Дегенмен, әлемнің әр түпкірінде гендерлік рөлдердің қалыптасуына әсер еткен факторлар әртүрлі болғандықтан, тарихи-мәдени қырынан барлық қоғамдар үшін ортақ тұжырымдама жасау қиын. Себебі жаһандық мәдени жүйелер мен тенденциялар әр қоғамда түрліше аспектіде көрініс береді. Соған қарамастан, гендерлік рөлдер мен қатынастарда белгілі бір ортақ сипаттарын да байқауға болады. Тарихи көзқарас гендерлік рөлдер мен қатынастарды түсінуге, бүгінгі әлеуметтік жағдайымызды бағалауға және болашаққа бағытымызды анықтауға көмектеседі. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, өткенді білу — қазіргі мен болашақты түсінудің негізгі құралы болып табылады.
АҚШ әлеуметтанушысы Талкотт Парсонс «Әйелдердің рөлін экспрессивті, ал ерлердің рөлін инструменталды деп есептеді. Оның пікірінше, әйелдің экспрессивті қызметі отбасы мүшелері арасындағы байланыстарды нығайту сияқты «ішкі» міндеттерді атқарса, ер адам «сыртқы» міндеттерді, мысалы отбасының қаржылық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады» екендігін айқындайды.
Джудит Батлер «Гендерлік мәселелер» еңбегінде гендер дихотомиялық емес, ағымды (өзгермелі) ұғым ретінде қарастырылатыны айтылды. Батлердің айтуынша, гендер – адамның табиғи қасиеті емес, адамның өзі орындайтын әрекет, яғни практика деген пікір айтады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде ер адам түздің жұмысын атқарушы, ал әйел кісі – үй ішінің берекесін, ошақтың жылуын сақтаушы, балаларды тәрбиелеуші рөлін атқарды. Бұл рөлдік бөлініс қоғамдағы еңбек пен міндеттердің мәдени тұрғыда әділ бөлінуіне негізделді. Әйелдің нәзіктігі мен аналық қасиеті ер адамның күш-қайратын, жауапкершілігін теңестіріп тұрған. Мұндай үйлесім қазақ халқының дүниетанымында “ер – елдің тірегі, әйел – үйдің тірегі” деген қағидамен бейнеленген. Осы арқылы мәдениеттегі гендерлік жүйе тек билік пен бағыныштылық қатынасында емес, өзара сыйластық пен тең жауапкершілік негізінде көрініс тапқан. Дегенмен қазақ қоғамында патриархалды жүйе басым болғаны белгілі. Дәстүрлі қазақ қоғамында ру мен отбасының басшысы, шешім қабылдаушы көбінесе ер адам болды. Қазақ мәдениетінде ер адамның рөлі ежелгі дәуірден қалыптасқан. Көшпелі өмір салтында ер азаматтың басты міндеті — отбасы мен руды қорғау, ұрпақ тәрбиесі және елдің бірлігін сақтау болды.
Ер азамат — отбасының тірегі, ұрпақ тәрбиеленушісі, қоғамның рухани жетекшісі. Эпостар мен ауыз әдебиетінде батырлық, әділдік, даналық — ерліктің негізгі өлшемдері ретінде көрініс тапқан. Мақал-мәтелдерде де ер азаматқа тән қасиеттер: намыс, ар, батылдық, қорғаншылық, әділдік, ақылдылық деп көрсетілген. Қазақтың мақал-мәтелдері де ер адамның мінезін қалыптастыруда маңызды идеологиялық құрал болған: Мысалы, «Намысқа қырын қарамайды, арсызға жол бермейді» ер азаматтың намысы мен ары маңызды екенін көрсетеді. «Батырлық – тұлғаның айқын белгісі» деген мақал батылдық пен қорғаншылық қасиетті дәріптейді. «Әділдік – адамгершіліктің жаршысы» бұл жерде ақылдылық пен әділдікті насихаттайды. «Ер жігіт еңбек пен, сөзбен, ісімен танылады» жауапкершілік пен парасаттылықты ту еткенін көре аламыз. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Ерді намыс өлтіреді, езді қорлық өлтіреді» Мұндай қағидалар ұрпақ тәрбиесінде ер азаматтың мінезін, рухын қалыптастырудың мәдени тетігі қызметін атқарды.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің ең соңы болады
Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Қазыбек бидің бұл шығармасынан ұрпақ тәрбиесіне, отбасы мен қоғамдағы жауапкершілікке ерекше мән беріледі. Ұрпақ арқылы ғана ата-баба дәстүрі, мәдениеті, атақ-даңқы сақталады деп есептелген.
Жас ұрпақ тәрбиесі қай уақытта да өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын маңызды мәселенің бірі. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында балаға жан-жақты тәрбие берудің өзгеге ұқсай бермейтін ерекше талаптары қалыптасты. Қазақ халқында бала тәрбиесі, шын мәнінде, баршаның ісі болған. Баланың іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, үлкендермен қарым-қатынасы қарттардың назарынан тыс қалмайтын. Отбасы тәрбиесі: бесік тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі, ұл бала тәрбиесі, келін тәрбиесі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат тәрбиесі үздіксіз жүргізіліп отырған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мәтел бекерге айтылмаса керек. Бұл жерден ұл бала тәрбиесі ұрпақтың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамға пайдалы азамат болуына және ұлттық дәстүрлерді сақтауға бағытталғанын көре аламыз. Ұл мен ерлік тәрбиесі арқылы қазақ қоғамы ер азаматтың қасиеттерін ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы мен мәдениетін қамтамасыз етуді көздеген.
Қоғамдағы ер адамның гендерлік рөлі тарихи, мәдени және әлеуметтік факторлармен қалыптасқан. Қазақ мәдениетінде дәстүрлі түсініктер бойынша ер адам отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етуші, қорғаушы және тұлға ретінде сипатталса, қазіргі кезеңде бұл рөл жаңаша мазмұнға ие болып, көпқырлы сипат алды.
Аңдатпа
Бұл мақалада гендерлік ұғымның теориялық негіздері мен әлеуметтік, мәдени тұжырымдамалар қарастырылады. Қазіргі қоғамда гендерлік рөлдер бұрынғыдай қатал шектелмесе де, олардың әлеуметтік институттар мен қоғамдық қатынастарға ықпалы қарастырылады. Дәстүрлі және заманауи мәдени құндылықтар арқылы ер адамның әлеуметтік рөлдері, отбасыдағы және қоғамдағы орны талданады.
Бұл мақалада гендерлік ұғымның теориялық негіздері мен әлеуметтік, мәдени тұжырымдамалар қарастырылады. Қазіргі қоғамда гендерлік рөлдер бұрынғыдай қатал шектелмесе де, олардың әлеуметтік институттар мен қоғамдық қатынастарға ықпалы қарастырылады. Дәстүрлі және заманауи мәдени құндылықтар арқылы ер адамның әлеуметтік рөлдері, отбасыдағы және қоғамдағы орны талданады.
Кілт сөздер: Гендерлік мәдениет, ер адамның рөлі, қоғамдағы орны, дәстүрлер, заманауи тәжірибе, әлеуметтік рөлдер
Аннотация
Эта статья посвящена теоретическим основам гендерного понятия, а также рассмотрению социальных и культурных концепций. В современном обществе гендерные роли уже не так строго ограничены, однако их влияние на социальные институты и общественные отношения по-прежнему анализируется. Через призму традиционных и современных культурных ценностей рассматриваются социальные роли мужчин, их место в семье и в обществе.
Ключевые: слова: Гендерная культура, роль мужчины, место в обществе, традиции, современный опыт, социальные роли
Қаржыландыру
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен қаржыландырылды жəне «Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалы: дәстүрлі және инновациялық көзқарастар» ғылыми жобасы аясында дайындалды. Грант AP26101317.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Смайлова А.Т. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2006. 296 б.
2.Введение в теорию гендера: Учебное пособие. Вып. І. /Ответ. Ред. Б.Ж. Матаев. Алматы, 1999.
3.Парсонс, Талкотт. Очерки по социологической теории. Free Press, 1964.
4.Батлер, Джудит. Гендерные проблемы: феминизм и подрыв идентичности. Routledge, 2006.
5.Коновалов С.А., Топаева М.Т. История гендерного неравенства: Учебно-методический комплект по курсу “Введение в теорию гендера”. Вып. Ш. Алматы, 1999.
6. Денисова,А.А. Гендерный конфликт. Словарь гендерных терминов [Текст]/ А.А.Денисовой. –М: Информация XXIвек, 2002 –256 с.