Звоните на номер:

ЕРЛЕР КЛАССИКАЛЫҚ БИІН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Тоқтар Айбар Мұратұлы
Қазақ Ұлттық Хореография Академиясы
(Астана, Қазақстан)
7M02108
Ғылыми жетекші: Ізім Тойған Оспанқызы
 
Түйіндеме
 
Мақалада, ерлер классикалық биін оқытудың әдіснамалық негіздері ретінде Е.П.Валукин, Н.И.Тарасов, В.Д.Тихомировтердің ғылыми-әдістемелік жұмыстары талданып көрсетілген. Болашақ балет әртістерін дайындау барысында классикалық сабақта қолданылатын қыз және ер сыныптарының айырмашылығы мен ұқсастығын көрсете отырып, олардың даму бағыттарының өзгешелігі қарастырылған. Қазіргі замандағы ерлер классикалық биінің даму барысы мен жаңа техникалық қиын элементтердің пайда болуы талданған. 
Кілт сөздер: классикалық би, секірістер, оқытушы, ерлер сыныбы, жаттығу.
Кіріспе. Мақалада ерлер классикалық биін оқытудың әдіснамалық негіздерін зерттеу барысында бидің шығу тегіне тоқталып, зерттелді. Классикалық балет өнері сан жылдар даму барысында күрделене түсуде. «Биді адамзат қауымы барлық жер жүзінде билейді. “Би” дегеніміз адамның  сезімін: (қуаныш, жайдарылық, қорқыныш, уайым тағы басқа) қимыл мен музыка арқылы көрсететін жағдайды айтады»,-деп Қуаныш Жақыпова «Би өнерінің әліппесі» атты оқу-әдістемелік құрал кітабында көрсеткен (1, 7 б.). Балет өнеріне дейін халық билері дүниежүзі бойынша әр ел өздерінің тұрмыстық ерекшеліктеріне, салт-дәстүрлеріне, дін ұстанымдарына немесе арнайы бір жағдайларға (адам қайтыс болғанда, жаңбыр шақыру үшін, мейрамдарға) арнап, дене пластикасы арқылы ішкі сезімін білдіре алған. Бұл жағдайды «би» деп қарастырсақ адамның көңіл-күйін, эмоциясын, өмірге деген көзқарасын көрсеткен.
Италияның «balletto» деген сөзінен шыққан «би» атауы, Франция елінде орта ғасырда жалғасын таба отырып, қазіргі күнгі балет ұғымының негізін қалап берді. XVI ғасырдан бастап, би өнері туралы ғылыми жұмыстар жазылып келеді. Әр ғасыр балет өнеріне өзіндік ерекшеліктерімен, жаңа билерімен, жаңартылған педагогикалық әдістерімен тарихта қалып отырды.     
Классикалық балет би өнері көптеген ғасырлар бойы дамып келе жатқан кәсіби хореография өнері. «Францияда 1661 жылы корольдік «Би академиясының» ашылуы қуанышты оқиға болды. Академик Пьер Бошан бастаған 13 академик өнегелі балет өнерін дамытуға ат салысты. Кейін Италияда, Англияда, Данияда тағы да басқа елдерде әркім  әртүрлі балеттің жаңа формасын іздей бастады. Ж.Ж.Новерр балет өнердің жоғарғы сапалы түрі болуын аңсады» (1, 9б.). Ж.Ж.Новерр аңсаған балет өнері қазіргі деңгейінде ол кісінің көңілінен шығатыны мінсіз. Оған өз үлестерін қосқан әр түрлі кезеңде өмір сүрген  педагогтар, балетмейстерлер және талантты орындаушылар.     
Зерттеу материалдары мен әдістері. Ғылыми мақаланы зерттеу барысында Қ. Жақыпованың «Би өнерінің әліппесі» (2024ж.), Е. П. Валукиннің «Система мужского классического танца» (1999ж.), Н. И. Тарасовтың «Классический танец Школа мужского исполнительства» (2005г.), В.Д. Тихомировтің «Артист, балетмейстер, педагог» (1971ж.) атты еңбектері талданды.
Жазылған әр жұмыс өзіндік сабақты құру жүйесімен, техникасымен, мәнерімен ерекшелінеді. Бастапқы сыныптарда ер және қыздар классикалық би сабақтары өте ұқсас келеді. Орта сыныптардан бастап, ұл балалардың физикалық күшінің ұлғаюына байланысты, классикалық би сабағы да қыз балалар сабағынан ерекшеліне түседі. Үлкен секірістер, ауада бірнеше рет айналып жасалатын техникалық қиын элементтер, жұптаса орындау (дуэттік) биіндегі техникалық қиын қимылдар болашақ балет әртісін дайындау барысында классикалық би сабағының дұрыс және тиімді құрылуын талап етеді. Жоғарғы курстарда музыкалық сүйемелдеу және жылдамдығы ер мен қыз сыныптарында екі түрлі болып келеді. Залдың ортасында  үлкен «adagio» жасау барысында қыздардың табиғатына сай нәзік, иілгіш, аяқты 120 градустан жоғары көтере жасалатын жаттығу, ерлер сыныбында «grand allegro» секірулерін қолдана отырып орындалады.
Тақырыпты зерттеу барысында төмендегідей әдістер қолданды:
  • теориялық тұрғыдан жалпы сахналық өнер туралы жазылған ғалымдардың еңбектерімен танысу арқылы тұжырымдар жасалынды;
  • автор осы басылымдарды саралай отырып, оның концерттік бағдарламалардағы хореографиялық қойылымдарды талдауға қол жеткізді;
  • зерттеу барысында эмпирикалық әдістерді қолдана отырып, мемлекеттік деңгейде өтіліп отырған іс шаралардың хореографиялық қойылымдарды іске асырған хореограф-балетмейстерлермен кездесулер арқылы мағлұмат жинауға қол жеткізді.
Зерттеу нәтижелері. XIX ғасырдың басындағы атақты оқытушылардың бірі Карло Блазис – аяққа күш, денеге тұрақтылық және орындаушылыққа сенімділік беретін техниканы дамытты. Сондай-ақ станок жанында, залдың ортасында көптеген классикалық би жаттығуларында аяқтың орналасуы мен дене бітімін қалыптастыру логикасына үлкен мән берді. Блазис ерлер биін орындаудағы сымбаттылық өз заманының қажеттіліктерін қанағаттандыратынын білді.
  XIX ғасырда хореография өнерінің көрнекті ұстаздарының бірі Кристиан Петрович Иогансон есімі белгілі болды. Балет академизм өкілі, ол өз шәкірттеріне қалыптасқан дәстүрлердің көркемдік құндылығын, олардың «таза» орындалуын ұғындырды. К.Ионгансон үшін би – ырғақ және дене қозғалысының динамикасы – бәрі ер рухының бірегейлігімен жеткізілді. К.Иогансон өз шәкірттерінен тек ер мінезді қимылдарды ғана емес, сонымен бірге табиғи емес әсірелеу көріністің орнына, епті, күш жұмсаса да «оңай» орындалатын қимылдарды талап етті. Ол анатомияны жетік меңгеріп, швед гимнастикасын жетілдірді, сондықтан шәкірттерінің қабілеттерін еркін басқарып, оларды хореографиялық және акробатикалық қиын болатын қимылдарға бейімдеді. К.Иогансон оларды күш, тепе-теңдік, төзімділік пен дәлдікті дамытып, дұрыс тыныс алуға тәрбиеледі.
  К.Иогансон мен М.Петипаның шәкірті Павел Гердт классикалық бидегі ерлердің хореографиялық білімін дамытуға үлкен үлес қосты. Оның шәкірттері арасында Михаил Фокин, Георгий Кякшт, Николай Легат, Василий Тихомиров болды. «Мойындау керек, Павел Андреевич Гердттің ілімі ерекше болған жоқ» деп М.Е.Валукин өз кітабында көрсеткен (2, 27б.). Дегенмен ол М.Петипа мен К.Иогансонның сабақтарынан үйренгенін және өзінің 50 жылдық өнер жолында білген нәрселерін келесі ұрпаққа жеткізе білді.
  XIX ғасырдағы академиялық канондардың ізбасары Николай Легат пен жаңа көзқарас енгізе бастаған Михаил Фокин арасында қызу қақтығыстар болды. Мәскеуде Василий Тихомиров пен Александр Горский екіге бөлінді. Классикалық би мектебінде екі жақты процесс жүріп жатты: бір жағынан дәстүрлерді мұқият сақтау болса, екінші жағынан оларды жаңа элементтермен байыту мақсаты тұрды.
Балет өнерінде пластикалық қимылдарды дамытудың педагогикалық процесін талқылағанда ерекше атап өтетін тұлға – Энрико Чекетти. Э.Чекетти техникалық қиын қимылдарды оқушыларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, дамытуға барынша тырысты, виртуоздық техниканы меңгеруі мен қатар италия мектебінің және классикалық би стилінің таза орындалуына ерекше көңіл бөлді. Э.Чекеттидің сабақ жүргізу идиалогиясы қатал және физикалық тұрғыдан қиын болды, дұрыс тыныс алуға және аяқ күшін дамыту барысында саусақтарының жұмысына үлкен көңіл бөлінді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы балет өнерінде Э.Чекеттидің ұстаздық тәжірибесі ерекше орын алды.
Асаф Михайлович Мессерердің педагогикалық принципі өте қызықты және бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Оқытушының оқыту әдісінің негізі хореографиялық даму принципі әр классикалық би сабағының өз мақсаты, тақырыбы, өз лейтмотиві арқылы жүрді. А.Мессерер әр сабақтың негізгі мақсатын сабақ құрылымына әсер ететін әртүрлі факторларды ескере отырып жоспарлайды. Мысалы, ұзақ үзілістен немесе ауыр жүктеме сияқты сабақтан тыс жайттарды ескеру болып табылады. Ол  бишінің мәдени деңгейін, оның би техникасының жан-жақтылығы мен алуан түрлілігімен, орындау мәнерінің тазалығымен анықталатынын жиі атап өтті. А.Мессерер өз оқушыларында секіріс барысында жеңілдігімен, серпімділігімен және академиялық би стилімен бірге, биікке секіру күшін және секіріс ауқымдылығын дамытуға тырысты.
Ерлердің классикалық биін орындаудағы инновациялық тәсілдердің негізін қалаушы, хореографиялық педагогиканың танымал шебері Николай Иванович Тарасов болды. Н.И.Тарасовтың Петербург және Мәскеу хореографиялық мектептерінің классикалық би дәстүрлерін біріктіре отырып, бишілерді дайындайтын жаңа жүйеде мұқият жасалған педагогикалық әдістемесін жазып берді. Әдістемесінің негізі ретінде – шәкірттердің бойында рухани байлық пен образды ашуда, кейіпкерінің спектакльдегі рөлі мен оның шығарма драматургиясындағы орнын өз бойынан өткізе білу қабілетін тәрбиелеуге ұмтылды. Н.Тарасовтың хореографиялық педагогикасының әдістемелік негізі оның «Классический танец. Школа мужского исполнительства» (2005г.) атты еңбегінде көрініс тапты. Ол: «Оқу барысы мен көркемдік міндеттерді ойдағыдай іске асыру, тек тынымсыз шығармашылық ізденіс арқылы ғана оқытушы мен оның шәкірттеріне қажетті нәтиже бере алады», - деп атап көрсетті (3, 17б.).
Н.И.Тарасов: «Классикалық бидің қалпы, мәнді де мәнерлі орындалған іс-әрекеттен туындайтын қимылдың бір түрі, бірақ бишінің  қолдары ғана емес, бүкіл денесі қатысатын іс-қимыл...» деп атап көрсеткен (3,17б.). Дене қалпы ұғымы француз тілінде «апломб» деген сөзбен байланысты. Бұл позиция қатаң тік сызықпен, ал хореографиялық терминологияда тұрақты күймен байланысты. Балет әртістерін дайындауда Н.Тарасов алғаш дене мен қол қимылдарының (port de bras) қозғалысын дамытуға үлкен көңіл бөлген. «Егер биші жеткіліксіз тепе-теңдік пен тұрақтылыққа ие болмаса, онда ол үшін шынайы шығармашылық процесс қолжетімсіз болады, ол актерлік шеберлікті талап ететін тапсырманы орындай алмайды»,- деп сенімді ой тастаған (3, 37 б.).
Балет педагогикасы үшін маңыздылығы жағынан ешкімнен кем түспейтін В.Д.Тихомиров. Мәскеудің Үлкен театрына біршама әйгілі балет әртістерін дайындады. В.Д.Тихомиров өзі ұстаздық міндетін былайша айқындаған: «Айналыстар жасау барысында тәні тірі ме, жоқ па деп қараймын. Маған бидің «тірі» болуы, би жанмен сусындануы керек, ол үшін қимыл оның бүкіл жан дүниесінен шығуы керек еді»,-деп көрсеткен (4, 67 б.).
В.В.Васильев техника жағынан  өте мықты балет әртісі болды. Оның қозғалысына таза классикалық қимылдармен бірге трансформацияға ұшыраған көптеген қиын элементтер енген. Мысал ретінде «Дон Кихот» балетінде Базиль партиясын дайындау барысында ол көптеген жаңа секірістер енгізді. Солардың ішіндегі кейбір қимылдар қазіргі күнгі классикалық балет сабағына еніп отыр:
  • екі айналымды «saut de basque еn dedans;
  • екі еселенген «grand-pirouettes a la seconde» және қосалқы «temps releve grand-pirouettes attitude»;
  • «pirouettes en dehors» екі еселенген «pirouettes fouette» жасау арқылы;
шеңбер бойымен «jete en tournant» мен бірге  «grand fouette» «attitude» кейпінде;
  • «pirouettes tir-bouchon en dedans» қимылынан «passe» қалпы арқылы «sur le cou-de-pied»-ге өту;
және басқада көптеген би қимылдарының «en dehors» және «en dedans» орындалулары.
Жыл сайын дүниежүзі балет мектептерінен талантты балет әртістері түлеп шығуда. Заман талабына сай қойылатын жаңа балет қойылымдарда қолданылатын қиын элементтер қазіргі таңда көбеюде. Әртіс өз мүмкіндігін пайдалана отырып, оқу программасында жоқ қиын секірістерді орындауы мүмкін. Болашақта сол секірістер бағдарламаға ену де ықтимал.
В.Васильевтің техникалық қиын элементтер жайлы тағы бір пікірін келтірейік: «Көптеген әртістер репетиция залында ауада үш рет айналымды «tours en lair» жасағанын көрдім, сахнада тек бір рет, «Париж жалыны» балетінің па-де-десінде кодадағы диагональда көрдім — «embotte en tournant», екі рет «tours en lair», содан кейін бесінші позициядан үш рет айналмалы «tours en lair», оны Г.К.Фарманьянц үш рет қатарынан орындады. Шеңбер бойымен «jete en tournant» қозғалысын «saut de basque»-ке үйлестіре отырып комбинацияны үш еселенген «saut de basque»-мен бірнеше рет орындадым. Мен оны сахнада  сынап көрмедім, себебі көрермендер ауадағы үш айналымды көре алмас еді. Сондықтан екі айналымды «tours en lair» мен «saut de basque» сөзсіз әсерлі көрінеді. «Дон Кихот» балетінде Базиль партиясын дайындаған кезде, мен шеңбер бойымен екі «jete en tournant»-нан кейін ауада «tours a la seconde en dedans» қимылын көп жаттықтырдым, дегенмен сахнада орындауға батылым жетпеді, бұл элементті жасаған әртісті көрмедім» (2, 7б.).
Талқылау. Классикалық би элементтерін үйрену барысында ер және қыз сабақтарына бөлінетіні мәлім. Соңғы оқу жылдарында екі сыныптың классикалық би сабағын құрастыруда үлкен айырмашылық байқалады. Қыздар сыныбында акцент нәзіктікке, аяқтардың әсем созылу мен мәнерлікке қойылады. Ерлер сыныбында аяқ күшіне, секіріс техникасымен үйлесімдікті талап ететін орындаушылық өнерге, қиын элементтерге негізделеді. Қыздар классикалық биіне қарағанда, ерлер партияларында виртуоздық техника, биіктік, жылдамдық, батыл қимылдар мен қатар акробатикалық элементтер маңызды орын алады.  Балет әртістерінің бұрын орындалмаған қиын элементтерді қазіргі таңда емін-еркін сахнада орындап жүр, осы элементтердің болашақта мектеп бағдарламасына енуі заңдылық. Өйткені қазіргі мектеп бағдарламасы толықтай меңгеріліп, болашақ балет әртістері дайын маман ретінде оқуларын тәмәмдауда.
Оқу барысында оқушылардың жүйелі жаттығулар жасау барысында дене мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан дамыта отырып, техникалық шеберлік пен көркемдік үйлесімдікті бойына сіңіру басты мақсат болып табылады. Педагог пен оқушының арасындағы қарым-қатынас болашақта жететін жетістіктердің ең басты фундаменті. Педагогтың берген ақпаратын түсініп, жаттығу жасау барысында дұрыс қолдана білу оқушының міндеті. Ерлер классикалық би сабағы жайлы ғылыми жұмыстар соңғы жылдары көп жазылмауда. Ерлер партияларын орындау барысында көптеген жаңа секірістер енгізіліп жатыр, дегенмен оларды ғылыми тұрғыда талдап, қандай секіріс негізінде жасалғанын немесе қандай секірістердің қосындысынан шыққан жаңа секіріс болып отырғанын ешкім қарастырған жоқ. Н.И.Тарасов, В.Д.Тихомиров сияқты педагогтардың жазып кеткен ғылыми жұмыстарын зерттеп, талдаумен қатар, қазіргі замандағы ерлер классикалық биінің өзгерістері мен даму барысын және жаңалықтарын ғылыми негізде қарастыратын авторлар жоқтың қасында.
Қорытынды. Қорытындылай келе әр педагог өз шәкірттеріне бар білгенін үйрете отырып, балет өнерін дамыту үстінде. Жылдан жылға хореография өнері қарқынды түрде дамуда. Көптеген ғылыми жұмыстар жазылып педагогика саласында, болашақ балет әртістерін дайындауда ілгері қадаммен би өнері шарықтауда. Оған себеп ретінде XIX ғасыр бишілері ойламаған қиын техникалық қимылдар қазірде меңгеріліп, спектакльдерде кеңінен қолданылуда. Оқытушылар, хореографтар мен  орындаушылардың айрықша қасиеті балет өнерін дамытып жетістіктермен, жаңалықтармен толықтыру болып табылады. Қазірде орындалып жүрген қиын элементтердің жинағын болашақта анықтама ретінде ұсынылса балет өнерінің қазіргі замандағы жаңалығы болып енері сөзсіз.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
 
  1. Жақыпова Қ. Би өнерінің әліппесі. Алматы қ. 2005 ж. — 120 б.
  2. Валукин Е. Система мужского классического танца. Москва,1999. – 247 с.
  3. Тарасов Н. Классический танец Школа мужского исполнительства. Москва; Санкт-Петербург; Краснодар, 2005. — 496 с.
  4. Тихомиров В. Артист, балетмейстер, педагог. Москва, 1971. — 392 с.

 

 

Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
010000

Казахстан, г. Астана