Звоните на номер:

ДЕЙТРОННЫҢ ФОТОДЕЗИНТЕГРАЦИЯСЫНДАҒЫ СПИНГЕ ТӘУЕЛДІ АСИММЕТРИЯ ЖӘНЕ ДРЕЛЛ–ХИРН–ГЕРАСИМОВ ҚОСЫНДЫ ЕРЕЖЕСІ: ПИОНСЫЗ ЭФФЕКТИВТІ ӨРІС ТЕОРИЯСЫНДАҒЫ ЖЕТЕКШІ ЖӘНЕ КЕЛЕСІ ЖЕТЕКШІ РЕТТІ ТАЛДАУ

Нақыпов Елнұр Серікұлы
2 курс магистранты,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті,
Алматы, Қазақстан
Ғылыми жетекші: Жумабекова Венера Нураддиновна
PhD, қауымдастырылған профессор
 
Спинге тәуелді бақыланатын шамалар мен Дрелл–Хирн–Герасимов (ДХГ) қосынды ережесі ядролардың спиндік құрылымын және төмен энергиялы ядролық процестердегі әлсіз әсерлерді теориялық сипаттаудың маңызды құралы болып табылады. Дейтрон үшін ДХГ ережесінің мәні өте кіші (0,65 мкб), ал фотодезинтеграция арнасы оған үлкен теріс үлес қосады. Жұмыстың мақсаты – дейтронның фотодезинтеграциясы кезіндегі спинге тәуелді толық қималар айырымын σP − σA дибариондық пионсыз эффективті өріс теориясының жетекші (ЖР) және келесі жетекші (NLO) реттерінде талдау және түзетулердің үлесін бөлек бағалау. Табалдырық маңында изовекторлық M1 ауысуы (3S1 → 1S0) тек антипараллель спин арнасында жүзеге асатыны ескеріліп, спиндік статистикадан σP − σA ≈ −3σM1 қатынасы алынды, мұндағы σM1 – поляризацияланбаған M1 қимасының нөлдік радиус жуықтауындағы өрнегі. NLO есептеу Chen, Ji және Li аналитикалық өрнегі бойынша жүргізілді, оның сандық жүзеге асырылуы жылулық np-ұстау қимасын (334,3 мб) және әдебиеттегі −385 мкб нәтижесін қайта алу арқылы тексерілді. ЖР-да σP − σA шамасы Eγ ≈ 2,29 МэВ кезінде −1,67 мб минимумға жетеді, NLO-да минимум −1,79 мб құрайды. ЖР-дағы қосынды ереже интегралы −705 мкб, ал толық NLO мәні −385 мкб. Айырманың негізгі бөлігі (+452 мкб) релятивистік спин-орбиталық әсерлесуге тиесілі екені және оның әсерінен асимметрия Eγ ≈ 8,7 МэВ-та таңбасын өзгертетіні көрсетілді. Электрлік дипольдік ауысудың спиндік айырымда жойылатыны негізделді. Нәтижелер табалдырық маңындағы асимметрияның нуклонның изовекторлық аномальды магниттік моментімен анықталатынын, ал ДХГ интегралын дұрыс бағалау үшін релятивистік түзетулерді ескеру міндетті екенін көрсетеді.
Кілтті сөздер: Дрелл–Хирн–Герасимов қосынды ережесі, дейтронның фотодезинтеграциясы, пионсыз эффективті өріс теориясы, дибариондық формализм, M1 ауысуы, спин-орбиталық түзету.
Кіріспе
Дрелл–Хирн–Герасимов (ДХГ) қосынды ережесі [1; 2] бөлшектің аномальды магниттік моментін циркулярлы поляризацияланған фотон мен поляризацияланған нысананың спиндері параллель (σP) және антипараллель (σA) болған жағдайлардағы толық фотожұтылу қималары айырымының энергия бойынша өлшенген интегралымен байланыстырады. Бұл қатынас спинге тәуелді тікелей Комптон шашырауы амплитудасының төмен энергиялы теоремасы мен дисперсиялық қатынастан шығады, сондықтан ол модельге тәуелсіз тексеру нүктесі қызметін атқарады және бөлшектер мен ядролардың спиндік құрылымын зерттеудің маңызды құралы болып табылады [3].
Дейтрон бұл тұрғыдан ерекше қызықты нысан. Оның аномальды магниттік моменті өте кіші (κd = −0,143 ядролық магнетон), сондықтан ДХГ ережесінің мәні небәрі 0,65 мкб құрайды [4]. Екінші жағынан, мезон туу арналары протон мен нейтронның ДХГ мәндерінің қосындысына жақын (≈438 мкб) оң үлес береді, сондықтан қосынды ереже орындалуы үшін фотодезинтеграция арнасы γ + d → n + p шамасы жағынан дерлік тең теріс үлес қосуы тиіс [4; 5]. Потенциалдық модельдегі есептеулер бұл үлестің шынымен үлкен әрі теріс екенін (550 МэВ-ке дейін −413 мкб) және ол негізінен табалдырық маңындағы 1S0 күйіне M1 ауысуынан туындайтынын көрсетті [6].
Төмен энергиялы екі нуклондық процестерді модельге тәуелсіз және жүйелі сипаттау үшін эффективті өріс теориясы (EFT) кеңінен қолданылады [7]. Пионсыз EFT – хиральдық EFT-тің пион алмасуы «интеграцияланып шығарылған» төмен энергиялы шегі, ал оның дибариондық тұжырымдамасы [8; 9] есептеулерді айтарлықтай жеңілдетеді. Chen, Ji және Li [5] осы формализмде дейтронның спинге тәуелді Комптон амплитудасы үшін төмен энергиялы теореманы NLO ретінде тексеріп, σP − σA айырымын сол ретте аналитикалық түрде есептеді және фотодезинтеграцияның ДХГ интегралына үлесін −385 мкб деп бағалады. Жумабекова және т.б. [10] жұмысында бұл тәсіл төмен энергиялы ядролық жүйелердегі әлсіз өзара әрекеттесулерді және жұптылықтың сақталмауын зерттеудің теориялық негізі ретінде қарастырылып, σP − σA шамасының табалдырық маңындағы теріс мінезі мен релятивистік спин-орбиталық түзетулердің маңызы атап өтілген. Айта кету керек, σP − σA шамасының өзі жұптылықты сақтайды, оның жұптылықтың сақталмауын зерттеудегі рөлі – спинге сезімтал ядролық динамиканы сипаттайтын теориялық аппаратты тексеру.
NLO нәтижесінде бірнеше физикалық үлес (дейтрон толқындық функциясының нормалануы, 1S0 арнасының эффективті радиусы, электромагниттік контр-мүшелер, релятивистік спин-орбиталық әсерлесу) бір өрнекке біріктірілген, сондықтан олардың әрқайсысының рөлі айқын көрінбейді. Осы жұмыстың мақсаты – σP − σA шамасын ЖР-да толығымен аналитикалық түрде алу, оны NLO нәтижесімен салыстыру және NLO түзетулерінің үлестерін бөлек бағалау.
Жұмыстың міндеттері: (1) табалдырық маңындағы антипараллель арна үстемдігі мен спиндік статистика негізінде σP − σA мен поляризацияланбаған M1 қимасы арасындағы дәл қатынасты алу; (2) ЖР-дағы σP − σA мен ДХГ интегралын сандық есептеу; (3) [5]-тегі NLO өрнегін сандық жүзеге асырып, оның дұрыстығын тәуелсіз тексеру және түзетулердің үлесін бөлек бағалау; (4) электрлік дипольдік ауысудың рөлін және нәтижелердің қолданылу шегін талдау.
Материалдар мен әдістер
1. ДХГ қосынды ережесі. Массасы M, спині S және аномальды магниттік моменті κ болатын бөлшек үшін ДХГ қосынды ережесі
                                      IДХГ = 4π2κ2(e2/M2)S = ∫ω_th∞ (dω/ω)[σP(ω) − σA(ω)],                                  (1)
түрінде жазылады (e2 = α, ħ = c = 1), мұндағы ω – фотон энергиясы, ал σP(ω) және σA(ω) – фотон спиральдылығы нысана спиніне параллель және антипараллель болған жағдайлардағы толық фотожұтылу қималары [1; 2; 4]. Дейтрон үшін (M = Md, S = 1, κd = −0,143) оң жақтағы өрнек 0,65 мкб-ге тең, ал интегралдаудың төменгі шегі фотодезинтеграция табалдырығына ωth ≈ Bd сәйкес келеді.
2. Дибариондық пионсыз EFT. Дейтрон арнасында нуклон өрісі N мен 3S1 дибарион өрісі tj енгізіліп, жетекші ретті лагранжиан [5; 10] жұмыстарындағы түрде жазылады. y байланыс тұрақтысы мен Δ параметрі 3S1 арнасындағы шашырау ұзындығы мен эффективті радиус rt арқылы бекітіледі, 1S0 арнасы үшін де ұқсас дибарион өрісі енгізіледі. Дибарион өрісін интеграциялап шығарғанда оның толық пропагаторы NN-бумалар тізбегін қайта шығарады, сондықтан дибариондық формализм эффективті радиус жіктелуімен эквивалентті [8; 9]. Фотонның нуклонмен магниттік әсерлесуі изоскалярлық μ(0) = (μp + μn)/2 және изовекторлық μ(1) = (μp − μn)/2 магниттік моменттер арқылы сипатталады. NLO-да екі электромагниттік контр-мүше пайда болады: 3S1 және 1S0 арналарын байланыстыратын L1 (жылулық np-ұстау қимасы бойынша бекітіледі) және L2 (дейтронның магниттік моменті бойынша бекітіледі). Сонымен қатар релятивистік емес жіктеуден туындайтын спин-орбиталық әсерлесу ескеріледі [5].
3. Жетекші рет: антипараллель арна және спиндік статистика. Табалдырыққа жақын аймақта негізгі үлесті изовекторлық магниттік-дипольдік ауысу γ + d(3S1) → n + p(1S0) береді. Соңғы күйдің толық моменті J = 0, ал M1 операторы бірінші рангті тензор болғандықтан, ауысу фотон спиральдылығы λ мен дейтрон спинінің проекциясы m үшін λ + m = 0 шарты орындалғанда, яғни тек антипараллель конфигурацияда мүмкін. Параллель конфигурацияда Jz = 2, сондықтан σPM1 = 0. Поляризацияланбаған қима дейтронның үш спин проекциясы бойынша орташаланады: σ = (σ+1 + σ0 + σ−1)/3. M1 → 1S0 ауысуы үшін тек σ−1 ≡ σA нөлден өзгеше болғандықтан, σM1 = σA/3. Демек
                                                                σP − σA ≈ −3σM1(Eγ).                                                           (2)
Поляризацияланбаған M1 қимасы үшін нөлдік радиус жуықтауында (пионсыз EFT-тің жетекші реті) келесі аналитикалық өрнек белгілі [11; 12]:
             σM1(Eγ) = (2π/3)(α/MN2)(μp − μn)2 · √Bd √(Eγ − Bd) (√Bd + √W)2 / [Eγ(Eγ − Bd + W)],        (3)
мұндағы W = 1/(MNas2), as – 1S0 арнасындағы np-шашырау ұзындығы, Bd – дейтронның байланыс энергиясы. γ = √(MNBd) және p = √(MN(Eγ − Bd)) белгілеулерімен (3)-өрнек σM1 ∝ pγ(1 − asγ)2/[(p2 + γ2)(1 + as2p2)] түріне келтіріледі. (2) мен (3) бірге [5]-тегі NLO өрнегінің L1 = L2 = 0, r = 0 болғандағы және спин-орбиталық мүшесіз шегіне дәл сәйкес келеді, бұл 3 көбейткішінің тәуелсіз тексерісі болып табылады.
4. Келесі жетекші рет. NLO-да σP − σA үшін [5] жұмысында келесі аналитикалық өрнек алынған:
σP − σA = − e2pγ / [2MN2(p2 + γ2)(1 − γrt)] × {
[2μ(1)(γ − 1/as + rsp2/2) + (p2 + γ2)L1]2 / [(−1/as + rsp2/2)2 + p2]
+ (p2 + γ2)L22 / [1 − γrt + rt2(p2 + γ2)/4] − 4(4μ(1) − 1)p2 / [3(p2 + γ2)] },                                            (4)
мұндағы rt = r(3S1), ал as және rs – 1S0 арнасының шашырау ұзындығы мен эффективті радиусы. Фигуралы жақшадағы бірінші мүше 1S0 соңғы күйіне ауысуды, екінші мүше 3S1 шашырау күйіне ауысуды сипаттайды. Екінші мүше тек L2 арқылы пайда болады, өйткені магниттік әсерлесу үшін байланысқан және шашырау күйлерінің ортогоналдығы салдарынан бұл ауысу нөлге тең. Үшінші мүше ток әсерлесуі мен спин-орбиталық мүшенің интерференциясын сипаттайды [5]. 1/(1 − γrt) көбейткіші дейтрон толқындық функциясының нормалануына сәйкес келеді.
5. Детальды теңгерім және тексеру. Ұстау және фотодезинтеграция қималары детальды теңгерім қатынасымен байланысқан:
                                                  σ(np → dγ) = (3/2)(k2/p2) σ(γd → np),                                             (5)
мұндағы 3/2 коэффициенті бастапқы (np: 2·2 = 4) және соңғы (dγ: 3·2 = 6) күйлердің статистикалық салмақтарының қатынасы, k – фотон импульсі. (3)-өрнек тікелей фотодезинтеграция қимасын береді, ал (5) арқылы ол жылулық нейтрондар (v = 2200 м/с) үшін ұстау қимасын есептеуге қолданылды. ЖР-да 297,0 мб, ал NLO-да (L1 = −4,42 фм) 334,3 мб алынды. Соңғысы эксперименттік мәнмен (334,2 ± 0,5 мб [5]) сәйкес келеді, бұл сандық жүзеге асырудың дұрыстығын растайды.
6. Электрлік дипольдік ауысу. Энергия артқан сайын электрлік дипольдік ауысу 3S1 → 3PJ басым бола бастайды. Нөлдік радиус жуықтауында оның поляризацияланбаған қимасы эффективті радиус теориясындағы өрнектің [13] шегі ретінде
                                             σE1(Eγ) = (8π/3)(α/MN) √Bd (Eγ − Bd)3/2 / Eγ3                                         (6)
түрінде жазылады. E1 операторы спинге әсер етпейді, сондықтан соңғы күйдегі P-толқынды әсерлесу ескерілмейтін жуықтауда нуклондардың спиндік күйі өзгермейді және σPE1 = σAE1. Демек E1 ауысуы σP − σA айырымына ЖР-да үлес қоспайды. Бұл потенциалдық модельдегі есептеулермен үйлеседі, онда E1 спиндік асимметрияда негізінен жойылады [6].
7. Сандық есептеу. Есептеулерде келесі мәндер пайдаланылды: Bd = 2,224566 МэВ, MN = 938,918 МэВ, μp = 2,792847, μn = −1,913043, α = 1/137,036, ħc = 197,327 МэВ·фм, as = −23,714 фм, rs = 2,73 фм, rt = 1,764 фм, L1 = −4,42 фм, L2 = −0,03 фм [5]. Қималар алдымен табиғи бірліктерде (МэВ−2) есептеліп, (ħc)2 = 38937,9 МэВ2·фм2 және 1 фм2 = 10 мб қатынастары арқылы түрлендірілді. Есептеулер Python 3 тілінде NumPy және SciPy кітапханаларымен жүргізілді, (1)-интеграл scipy.integrate.quad адаптивті квадратурасымен 10−6-дан жоғары салыстырмалы дәлдікпен есептелді. Сандық кодтың дұрыстығы үш тәуелсіз тексеріспен расталды: (2)–(3) нәтижесі (4)-өрнектің ЖР шегімен дәл сәйкес келеді; жылулық ұстау қимасы эксперименттік мәнді қайта береді; толық NLO интегралы [5]-тегі −385 мкб мәнін қайта шығарады.
Нәтижелер және талқылау
1-кестеде поляризацияланбаған M1 және E1 қималары, сондай-ақ σP − σA айырымының ЖР, спин-орбиталық мүшесіз NLO және толық NLO мәндері келтірілген. σM1 табалдырықтан шамамен 0,07 МэВ жоғары (Eγ ≈ 2,29 МэВ) максимумға (≈0,556 мб) жетеді. Бұл W ≈ 0,074 МэВ энергия шкаласымен анықталады: 1S0 арнасындағы виртуалды күйдің жақындығы табалдырық маңында M1 ауысуын күшейтеді. Сәйкесінше ЖР-да σP − σA шамасы осы энергияда −1669 мкб минимумға жетеді.
1-кесте – M1, E1 қималарының және σP − σA айырымының фотон энергиясына тәуелділігі
Eγ, МэВ
σM1, мб
σE1, мб
σP − σA, мкб (ЖР)
σP − σA, мкб (NLO, спин-орбитасыз)
σP − σA, мкб (толық NLO)
2,30
0,555
0,064
−1664
−1780
−1778
2,50
0,417
0,350
−1250
−1311
−1298
3,00
0,240
0,956
−719
−763
−720
4,00
0,125
1,398
−375
−416
−331
6,00
0,058
1,284
−175
−212
−95
8,00
0,036
1,025
−107
−141
−16
10,00
0,025
0,820
−74
−105
+19
15,00
0,013
0,512
−39
−65
+51
20,00
0,008
0,354
−25
−48
+60
30,00
0,004
0,205
−13
−32
+61
 
E1 қимасы Eγ ≈ 2,53 МэВ-тан бастап M1-ден асып түседі және Eγ = 2Bd ≈ 4,45 МэВ-та максимумға (≈1,42 мб) жетеді. Алайда жоғарыда көрсетілгендей, ол спиндік айырымда жойылады, сондықтан толық қимадан айырмашылығы σP − σA шамасы табалдырық маңындағы M1 динамикасына ерекше сезімтал.
1-сурет – Дейтронның фотодезинтеграциясы кезіндегі σP − σA айырымының фотон энергиясына тәуелділігі: (а) табалдырық маңы; (б) 30 МэВ-ке дейінгі аймақ. Нүкте-сызық – ЖР, (2)–(3); үзік сызық – спин-орбиталық мүшесіз NLO; тұтас сызық – толық NLO, (4)
1-суреттен көрінетіндей, табалдырық маңында ЖР мен NLO қисықтары бір-біріне жақын: NLO минимумы −1790 мкб (Eγ ≈ 2,285 МэВ), яғни ЖР-дан шамамен 7%-ке ғана терең. Бұл кездейсоқ емес: NLO-дағы 1/(1 − γrt) ≈ 1,69 нормалау көбейткіші мен L1 контр-мүшесі табалдырықта бір-бірін едәуір өтейді, ал L1 жылулық ұстау қимасына бекітілгендіктен NLO қисығы табалдырық маңында эксперимент арқылы тиянақталған. L2 мүшесінің үлесі барлық аймақта елеусіз (интегралға үлесі 0,1 мкб-тан аз).
Энергия артқан сайын айырмашылық күрт өседі. Спин-орбиталық мүшесіз NLO қисығы барлық аймақта теріс болып қалады, ал толық NLO қисығы Eγ ≈ 8,7 МэВ-та таңбасын өзгертіп, оң мәндерге өтеді де, Eγ ≈ 26 МэВ маңында +61 мкб максимумға жетеді. Демек табалдырықтан алыс аймақта σP − σA шамасының мінезін релятивистік спин-орбиталық әсерлесу анықтайды. Бұл [5; 10] жұмыстарындағы толық NLO қисығының спин-орбиталық түзетусіз қисықтан жоғары орналасуы туралы тұжырымды сандық тұрғыдан нақтылайды. [10]-дағы 1-суретпен салыстыру тек сапалық деңгейде жүргізілді: қисықтардың пішіні мен өзара орналасуы сәйкес келеді, алайда ондағы ордината осінің масштабы (≈ −8·104 мкб) (4)-өрнектен алынатын мәндерден шамамен 45 есе үлкен.
2-кестеде ДХГ интегралына фотодезинтеграция арнасының үлесі әртүрлі жоғарғы шектер үшін келтірілген.
2-кесте – Фотодезинтеграция арнасының ДХГ интегралына үлесі, мкб
Жуықтау
2,22–10 МэВ
2,22–20 МэВ
2,22 МэВ – ∞
ЖР, (2)–(3)
−657,6
−688,5
−704,5
NLO, спин-орбитасыз
−723,1
−772,7
−837,0
Толық NLO, (4)
−594,0
−562,5
−384,6
Спин-орбиталық мүшенің үлесі
+129,1
+210,2
+452,4
Chen, Ji, Li (EFT, NLO) [5]
–
–
−385
Потенциалдық модель (550 МэВ-ке дейін) [6]
–
–
−413
 
2-кестеден көрінетіндей, ЖР-дағы интеграл (−705 мкб) толық NLO мәнінен (−385 мкб) модулі бойынша шамамен 1,8 есе үлкен. Спин-орбиталық мүшесіз NLO түзетулер интегралды тіпті −837 мкб-ге дейін тереңдетеді, ал оны −385 мкб-ге жеткізетін – спин-орбиталық әсерлесудің +452 мкб оң үлесі. Осылайша ЖР есебі ДХГ интегралының төменгі шегі болып табылмайды: ол табалдырық маңындағы теріс шыңды дұрыс сипаттайды, бірақ интегралдың соңғы мәнін негізінен жоғарырақ энергиялардағы релятивистік түзетулер анықтайды. Бұл [10] жұмысындағы релятивистік түзетулердің маңызы туралы қорытындыны сандық түрде растайды.
Сонымен бірге толық NLO интегралының шамамен +178 мкб бөлігі Eγ > 20 МэВ аймағынан келеді, мұнда пионсыз EFT-тің қолданылуы күмәнді: EFT мен потенциалдық модель нәтижелері шамамен 10 МэВ-ке дейін жақсы сәйкес келеді [5]. Сондықтан −385 мкб мәнін шамалық баға ретінде қарастыру керек, дегенмен ол потенциалдық модельдің −413 мкб нәтижесімен [6] шамамен 7% дәлдікте сәйкес келеді. Жүйелі теориялық белгісіздікті EFT-тің кеңею параметрі γrt ≈ 0,41 арқылы бағалауға болады: келесі (N2LO) ретті түзетулер табалдырық маңында (γrt)2 ≈ 15–20% реттегі шамада күтіледі. Кірме параметрлердің тәжірибелік қателіктерінен туындайтын белгісіздік 0,1%-дан аспайды, яғни негізгі белгісіздік теориялық жуықтаулардан туындайды.
Алынған нәтижелер ДХГ ережесінің дейтрон үшін орындалу тетігін айқын көрсетеді. Бос нуклондар үшін интеграл негізінен Δ(1232) резонансы аймағымен анықталса [3], байланысқан жүйеде байланыс энергиясымен байланысты қосымша арна пайда болады, ол мезон туу арналарының ≈438 мкб оң үлесін дерлік толық өтейтін үлкен теріс үлес береді [4–6]. Табалдырықтағы теріс шыңның шамасы (μp − μn)2-пен пропорционал, яғни ол нуклонның изовекторлық аномальды магниттік моментімен анықталады.
Қорытынды
Дибариондық пионсыз эффективті өріс теориясы шеңберінде дейтронның фотодезинтеграциясы кезіндегі σP − σA айырымы жетекші және келесі жетекші реттерде талданды. Табалдырық маңында 1S0 соңғы күйіне M1 ауысуы тек антипараллель конфигурацияда жүзеге асатыны және спиндік статистикадан σP − σA ≈ −3σM1 қатынасы шығатыны көрсетілді. Бұл қатынас [5]-тегі NLO өрнегінің ЖР шегімен дәл сәйкес келеді.
ЖР-да σP − σA шамасы Eγ ≈ 2,29 МэВ-та −1,67 мб минимумға жетеді, NLO-да минимум −1,79 мб құрайды. ЖР-дағы ДХГ интегралы −705 мкб, толық NLO мәні −385 мкб. Айырманың негізгі себебі – релятивистік спин-орбиталық әсерлесудің +452 мкб үлесі, ол сонымен қатар асимметрияның Eγ ≈ 8,7 МэВ-та таңбасын өзгертуіне әкеледі. E1 ауысуы ЖР-да спиндік айырымда жойылады. Сандық жүзеге асыру жылулық np-ұстау қимасын (334,3 мб) және әдебиеттегі EFT нәтижесін (−385 мкб) қайта шығару арқылы тексерілді, ал потенциалдық модельдің −413 мкб нәтижесімен айырмашылық шамамен 7%.
Болашақта N2LO түзетулерін ескеру, σP − σA шамасының жоспарланған тікелей өлшемдерімен салыстыру, сондай-ақ осы формализмді n + p → d + γ процесіндегі жұптылықты бұзатын γ-асимметрия сияқты әлсіз өзара әрекеттесуге сезімтал бақыланатын шамаларға кеңейту көзделеді.
Әдебиеттер тізімі
1 Gerasimov, S. B. A sum rule for magnetic moments and the damping of the nucleon magnetic moment in nuclei //Yadernaya Fizika. – 1965. – Vol. 2. – P. 598–602.
2 Drell, S. D., Hearn, A. C. Exact sum rule for nucleon magnetic moments //Physical Review Letters. – 1966. – Vol. 16. – P. 908.
3 Bass, S. D., Pedroni, P., Thomas, A. The Gerasimov-Drell-Hearn sum rule with nuclear targets //The European Physical Journal A. – 2023. – Vol. 59. – № 10. – P. 239. – https://doi.org/10.1140/epja/s10050-023-01152-y.
4 Arenhövel, H., Fix, A., Schwamb, M. Spin asymmetry and Gerasimov-Drell-Hearn sum rule for the deuteron //Physical Review Letters. – 2004. – Vol. 93. – № 20. – P. 202301. – https://doi.org/10.1103/PhysRevLett.93.202301.
5 Chen, J.-W., Ji, X., Li, Y. Drell-Hearn-Gerasimov sum-rule for the deuteron in nuclear effective field theory //Physics Letters B. – 2004. – Vol. 603. – P. 5. – https://doi.org/10.1016/j.physletb.2004.10.016.
6 Arenhövel, H., Kreß, G., Schmidt, R., Wilhelm, P. On the Gerasimov-Drell-Hearn sum rule for the deuteron //arXiv preprint nucl-th/9710034. – 1997.
7 Machleidt, R., Sammarruca, F. Recent advances in chiral EFT based nuclear forces and their applications //Progress in Particle and Nuclear Physics. – 2024. – Vol. 137. – P. 104117. – https://doi.org/10.1016/j.ppnp.2024.104117.
8 Kaplan, D. B. More effective field theory for non-relativistic scattering //Nuclear Physics B. – 1997. – Vol. 494. – P. 471.
9 Beane, S. R., Savage, M. J. Rearranging pionless effective field theory //Nuclear Physics A. – 2001. – Vol. 694. – P. 511–524.
10 Zhumabekova, V. N., Yerzhan, B., Orazmukhamet, N. N., Kuvandikova, A. S. Investigation of parity nonconservation in weak interactions //Вестник Торайгыров университета. Серия: Физика, математика и компьютерные науки. – 2026. – № 2. – Р. 168–181. – https://doi.org/10.48081/BGQF2039.
11 Chen, J.-W., Savage, M. J. n + p → d + γ for Big-Bang Nucleosynthesis //Physical Review C. – 1999. – Vol. 60. – P. 065205. – https://doi.org/10.1103/PhysRevC.60.065205.
12 Rupak, G. Precision calculation of n + p → d + γ cross section for Big-Bang Nucleosynthesis //Nuclear Physics A. – 2000. – Vol. 678. – P. 405–423. – https://doi.org/10.1016/S0375-9474(00)00323-7.
13 Bethe, H. A., Longmire, C. The effective range of nuclear forces. II. Photo-disintegration of the deuteron //Physical Review. – 1950. – Vol. 77. – P. 647–654. – https://doi.org/10.1103/PhysRev.77.647.
Звоните на номер:
Напишите нам
По всем вопросам, просим написать на почту! 
Мы находимся по адресу:
010000

Казахстан, г. Астана